Қоғам • 09 Тамыз, 2019

Ақылы білім және ақылды бала

1036 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл мемлекеттік білім гранттары­на ие болған түлектердің тізімі ерте анық­талғанын және оқу гранттарының са­ны бұрынғы жылдарға қарағанда көп бол­ғанын білеміз. Әдетте, жылда мұндай мез­гілде ата-аналардың көңілі алаң, аби­ту­риенттердің де жүрегі күпті болып жү­ре­тін.

Ақылы білім және ақылды бала

Дегенмен биылғы тамыздың алғашқы күні еліміздің мыңдаған тұрғыны үшін арайлап атты. Сүйіншілеген ата-аналар, бір күнде 53 785 түлекке кепілді түрде студент статусын берген оқу гранттары!

Білім саласындағы мемлекеттің жүргізіп отырған стратегиялық саясаты өз жемісін бергені бірден білінді. Ендеше сөзімізді дәйектеп өтелік. Алыс-жақыннан, ағайын-туыстан, әлеуметтік желілерден жетіп жатқан қуанышты хабарлардан білгеніміз, жоғары білімді болудан үмітті талай көп балалы отбасылардың балаларының бірі бірінші рет мемлекеттік оқу грантына ие болған.

Тіпті көңілді толқытқан жағдай, бүйрегі істемей, тек аппараттың көмегімен Нұр-Сұлтанда бүйрек салғызуға донор іздеп жатқан науқас жігіттің дәл осындай сынақты кезеңдерде баласының мемлекеттік оқу грантына ие болғанын естіп, қуанғаннан қос бүйрегі қайта істеп кеткендей денсаулығы тәуір болғанын естіп, көңіліміз марқайып жүр. Сол сияқты ауылда тұрақты жұмыс көзі жоқ, тек есігінің алдындағы 5-6 малға ғана сүйеніп отырған қаншама жанның баласы мектеп бітіріп, осы қуаныштың шетіне ілігіп отырғанын айтудың өзі артық. Қалай десек те, мемлекетіміз үлкен қадамға барды, үлкен сауапты іс атқарды деп білейік.

Сонымен жыл бойы күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей дайындалған мыңдаған түлек­тер армандарының жалына жабысты. Енді әрі қарай осы мүмкіндіктен айырылмай, же­ліп кету өздерінің қажыр-түйсіктеріне тәуелді.

Қысқасы,  2019 жылы 143 089 оқушы мектеп бітіріп, 77 мыңға жуық бала ҰБТ тапсырды. Былтыр ұлттық бірыңғай тестілеуден 102 мыңнан астам оқушы өткен болатын. Жоғарыда айтып отырғанымыздай, биыл ЖОО-ға бөлінген мемлекеттік грант саны – 53 785, яғни түлектердің 75 пайыздан  астамы жоғары білім алуға мүмкіндік алды деген сөз. Мемлекеттік гранттардан бөлек, жақсы білім нәтижесін көрсеткен түлектерге жоғары оқу орындары өз гранттарын ұсынып отыр. Жақсы оқитын балаға таласуда жекеменшік білім ошақтары да қалысып жатқан жоқ. Қысқасы, түлектердің толықтай дерлік тегін оқу мүмкіндігі туғанда білім сапасы нашарламай ма, осыншама жоғары және арнаулы орта білімі бар мамандарға жұмыс табыла ма? Дәл осы күндері көрші елде іссапармен жүрген әріптестеріміз әлеуметтік желіде «Өзбекстан колледждердің бәрін ақылы жүйеге көшірді, біз тегін кәсіптік білім алуға адам таппай отырмыз. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін енді уақыт анықтайтын болады» деген  жазбалар қалдырды.

Жоғары білім тегін болмаса ше?..

«Мемлекеттік грант көп, ал білім сапасы бар ма? Білім әрқашан люкс нәрсе болуы керек. Сонда оның құны, қадірі болады. Ал грантқа түсу әлі де жай әлеуметтік статус қана. Тегін білімнің теріс тұстары көп. Ең алдымен балаға және ата-анасына күйзеліс. Сосын өз таңдауы емес, қайсысы қолжетімді, соны таңдайды. Нәтижесінде ол бөлімде бала оқығысы келмеуі мүмкін. Егер ақылы білім болса, бала ынтасымен оқиды, оқытушылардың айлығы да жоғары болады, сапалы мамандар шыға бастайды, университет саны азайып, тек мықтылар қалады.

Жалпы қазіргі уақытта баланы бұ­рын­ғыдай жоғары оқу орнына түсуге мін­деттемей,  нақты бір мамандықты игеруге бағыттау керек. Дипломды, сапасыз мамандарды көбейткенше, қолынан іс келетін жас­тарды көбейткен ләзім. Сананың жаңаруы, рухани жаңғыру дегенді осылай түсінемін», дейді белгілі блогер Аршат Ораз.

Бұл ойды түбегейлі жоққа шығара алмасақ та, мемлекетіміздің әлеуметтік өмі­рінде, мыңдаған түлектердің тағдырында орын алып отырған оңды өзгерістерді бағалаған жөн.

Мәселен, ҰБТ-ның өзі де мектеп бітіруші үшін үлкен күйзеліс екенін біліп болдық. Мектепте жақсы оқып келіп, тура бітіретін тұста төмен балл алып қалған жағдайлар, яки болмаса грантқа 1-2 балл ғана жетпей ақылы білім алып жүрген жастар қаншама? Ал медициналық университеттерде 8-9 жыл қатарынан ақылы білім алуға мәжбүр студенттер бар. 

Санасы бар бала ақылы оқыдым немесе тегін білім алып жүрмін демейді. Ал тегін білімнің қадіріне жетпеген маманды уақыт өзі жағаға лақтырып тастайды.