Руханият • 09 Тамыз, 2019

«Азия шыңдары»: суретші болмысын биіктеткен сапар

412 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шығармашылық адамы үшін табиғаттан асқан тәлімгер ұстаз жоқ. Ол әсіресе қиялымен жарысқа түскен қылқалам иесі үшін таптырмас шабыт қайнары десек, артық айтқандық емес. Табиғат-Ананың қылау түспеген тұма сұлулығын жан әлемімен түйсініп, көкірек көзімен көре білген сұңғыла сырлы бір топ талантты суретшінің ортақ тақырыпқа орайластырылған «Азия шыңдары» атты халықаралық сурет көрмесі сөзімізге айғақ.

«Азия шыңдары»: суретші болмысын биіктеткен сапар

Елорданың Достық үйінде қалалық Қа­­з­ақстан халқы Ассамблеясының қол­­­­дауымен өткен Еуразиялық шы­ғар­­машылық гильдеясының (Лондон) айту­лы жобасы қылқалам тілін түсініп, құпиясын оқи білген әр тамашалаушы үшін өнердің үлкен тартуы болғаны сөзсіз.

«Азия шыңдары» – Назира Женіш­бе­кова-Барриионуэва (Париж), Guli Bost (Лондон) және Бибігүл Смақова (Алматы) сынды суретшілердің бірлескен жобасы. Бас шаһар тұрғындарын Еуразиялық шығармашылық гильдеяға мүше су­рет­шілер тобының өнер өрісімен таныс­тыру және жас таланттарды қолдау мақ­са­тында ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатында сөз алған көрме авторларының бірі, алматылық белгілі қылқалам иесі Бибігүл Смақова әсерімен бөлісіп, жалпы көрменің мазмұнын таныс­тырып өтті.

– Бүгін суретшілер қауымы үшін ерекше оқиға. Нақтырақ айтсақ, бұл көрмеде сіздер бояу болмысын ұғуға ұмтыл­ған нәзікжанды қылқалам иелерінің Іле Алатауы мен Ыстықкөлге барған сапа­рының шығармашылық жемісіне баға бересіздер. Қазақ пен қырғыз елі суретшілерінің қиял қарымын бір бағыт пен ортақ арнада тоғыстыруды көздеген айтулы пленэр-жоба бауырлас халықтардың өнер қоржынына үлкен олжа салды деп білеміз. Шілде айының 1-і мен 6-сы аралығында Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауларына шығармашылық сапармен барған едік. Сол сапар біз үшін өте жемісті болды. Табиғаттың сұлу көріністерінен таусылмас шабыт алғанымыз соншалық, бірден білек сыбанып жұмысқа кірістік. Нәтижесі – міне, көз алдыларыңызда. Араға тура бір ай уақыт салып, Іле Ала­та­уы сілемдерінен алған ұмытылмас әсері­мізді көрмеге шығарып отырмыз. Автор­лардың бірі өзім болғандықтан, ақыл­­даса келе аталған көрменің тұ­сау­­кесерін Қазақстанда да өткізуді ұй­ғар­дық, – деді суретші пленэр сапарының айшықты әсерімен бөлісіп.

 Қылқалам иесі атап өткендей, айтулы пленэрлік сапар – табиғат атмосферасын мейлінше сезініп, оны қалай дәл және жанды жеткізу керегін түсіндіруге негізделген жоба. Яғни, табиғаттың тірі түсіндірмесі. Соның арқасында суретші мен табиғаттың арасында барынша шынайы байланыс орнап, өнер туындыларына деген көзқарас көкжиегі кеңіп, тың тәжірибелерге баруға жан-жақты жол ашылады. Бұл дегеніңіз – қиял қанатында қалықтаған суретшілер үшін таптырмас рухани азық.

Біз тамашалаған көрме расымен де өзінің шынайы һәм табиғаттың өзіндей жандылығымен, көз тартарлық сұлу­лығымен есте қалды. Көрмеге ең жас суретші 9 жасар Айбике Куба­нычбекованың «Сүйікті жаз», «Сар­қы­рама» картиналарымен бірге, осы қатардағы ең егде қылқаламшы Мәруа Байтұрсынованың да үздік жұмыстары қойылды.

– Біздің арамыздағы Мәруа Бай­тұр­сынова деген суретші 60 жасында алғаш рет қолына қылқалам алған. Ол әуелі ғаламтор арқылы картинаны лентамен кестелеуді үйренді. Бүгінгі көрмеге «Дала әуені» атты циклды жұмысы қойылды. Онда суретшінің анасы – он үш бала өсіріп, жүзден астам немере сүйген абзал жан Қымбат апайдың аналық келбеті, жалпы қазақтың барлық ұлттық болмыс, салт-санасы шынайы бейнеленген. Мәруа анасының бейнесін картинаға түсірерде киіз, лента, кескіндеме сынды бірнеше техниканы пайдаланған. Бұл да айтулы жұмыстың ерекшелігін еселей түседі, – деп жоба авторы Бибігүл Смақова көрмеге қатысқан суретшілердің адами және қолтаңбалық ерекшеліктеріне де тоқталып өтті.

Аталған суретшілерден бөлек, көрме­де сонымен қатар Әсия Бекішева, Гүлнәр Табанова, Аделя Серәлиева, Нұрым Қиназбеков, Гүлсейім Тоқбаева, Әлфия Мұхамедьянова сынды талантты суретшілердің жұмыстары да көпшілік назарына ұсынылды. Суретшілер өз картиналарында адам мен қоршаған орта арасындағы тіні үзілмес берік байла­нысты, жалпы табиғаттың сөзбен айтып жеткізгісіз таңғажайып әсемдігін бедерлі бейнелейді.Тұмса табиғат сыры сезіммен суреттелген көркем галереяны Қырғызстан Суретшілер одағының мүшесі Сырға Сараркиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ханым Айдаш, этнодизайнер Ырза Тұрсынзада бастаған қылқалам мен дизайн әлемінің мамандары да тамашалап, жоғары бағалады.

Көрмеге келушілер Іле Алатауының сұлулығын, «Манас тостағаны», «Аққай­нар­дың шашырауы» және «Барыстың көз жасы» сарқырамаларын, Барскоон тау шатқалдарын, Жеті өгіз сынды
қа­си­ет­­ті мекендер мен табиғи орындар­ды суретшілердің көзімен көруге мүм­кіндік алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алда «Азия шыңдары» көрмесінің ауқымын кеңейту жоспары қолға алынып, алғашқы жобалары жүйеленіп те үлгеріпті. Осы мақсатта қазан айының 12-13 жұлдызында көрмені Париж қала­сын­дағы Қазақстанның елшілігінде көрсету жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Жоба авторлары пленэрлік сапа­рын Қырғызстанмен ғана шектемей, келешекте Ташкент пен Минскіде жалғастырмақ ниетте.

Өнерсүйер қауым сұлулық пен шы­найы­лыққа бай жаңашыл көрмені елор­да­лық Достық үйінен екі ай бойы тамашалай алады.