Аймақтар • 09 Тамыз, 2019

Жас ғалымдардың тәжірибе алмасу алаңы

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бурабай баурайында Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының ұйымдастыруымен III халықаралық «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» жас ғалымдар халықаралық форумы өтуде.

Жас ғалымдардың тәжірибе алмасу алаңы

6 тамызда Нұр-Сұлтан қаласындағы  Назарбаев орталығында ашылған  форум жұмысына еліміздің, сонымен қатар Армения, Белоруссия, Венгрия, Қытай, Қырғызстан, Литва, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украина және Фран­цияның жас ғалымдары қатысып, иннова­циялық технологиялар, ғылымның дамуы, жас ғалымдарға жобаларын іске асы­руға қалай көмектесуге болатыны  жө­нін­де пікір алмасуда. Осы орайда  Алма­ты қаласынан келген жас ғалым Нұрлан Оспанов өз пікірін таратып айтып берді. 

– Осындай форумдар жас ғалымдарға пікір алмасуға зор мүмкіндік береді. Қазақстанның ғана емес, шетелдердің де зерттеуші ғалымдарымен ой бөлі­сіп, ғылым саласындағы түйткілді мәсе­ле­лерді, тың тақырыптарды талқылап жатырмыз. Ғылыммен айналысқаныма сегіз жыл болды. Қазіргі таңда Ұлы дала елі мен Шығыс елдері арасындағы ертедегі байланыстарды зерттеп жүрмін. Осы мақсатта Оңтүстік Корея мемлекетіне барып, корей тіліндегі біраз құнды де­рек­терді зерттеу жұмысыма пайдаландым, – деді алматылық жас ғалым. Ал Арме­ния мемлекетінен форумға арнайы келген жас ғалым Геворг Варданян шараны ұйымдастырған Елбасы Қорына зор риза­шылығын жеткізді.

Елордадан бастау алған Бурабайдағы басқосуда ғылымның әртүрлі бағыттары бойынша секциялық отырыстар және дискуссиялық алаңдар ұйымдастырылуда.

Шара модераторы – Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры атқарушы дирек­торының орынбасары Игорь  Рогов бұл ауқымды жоба іске асырылғаннан бері үш жылдың ішінде Қазақстанның жә­не жақын шетелдегі оқу орындарының ара­сындағы іскерлік қарым-қатынас кеңей­генін атап өтті.  Іс-шараның аясын­да жас ғалымдардың әріптестігі бірлескен ғы­лыми зерттеулер жүргізуге ықпал ету­де. 

Форум жұмысы «Жаңа функцио­нал­дық материалдар және техноло­гия­лар», «Қазақстан Еуразияның әлеу­меттік-саяси және тарихи-мәдени кеңіс­тігінде», «Маркетинг пен логистикадағы Digital-технологиялар: «XXI ғасырдағы агроөнеркәсіп ке­шені: ғылым және ин­но­вациялар», «Жүйелік медицина – медицинаның, денсаулық сақтау­дың және әлеуметтік қамтамасыз ету­дің мультипликативтік дамуы» секция­ларына бөлінген.

Сондай-ақ пленарлық отырыс, дөң­гелек үстелдер, тренинг-әңгімелесу, форсайт-алаңдар, нетворкинг-сессиялар, «Менің табыс тарихым» уәждемелік кездесулер, интерактивтік семинарлар, ғылым және білімнің әртүрлі ба­ғыт­тарының базалық трендтерін насихаттау бойынша тренингтер өтеді.

Форумның жұмысына Конститу­ция­лық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми, Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғам­бетов, Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрі Роман Скляр, Денсаулық сақтау министрі Елжан Бір­танов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Әділет министрі Марат Бекетаев, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова қатысады деп күтілуде.

Форум жұмысы 9 тамызда аяқталып, резолюция қабылданады.

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы