Экономика • 09 Тамыз, 2019

«Көлеңкелі экономиканың» жолы кесіледі

421 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бизнесті «көлеңкеден» шығарып, бюджетке салық түсімдерін көбейту үшін қазіргі таңда салық-кеден саясаты жетілдіріліп, қолма-қол ақша айналымы азайтылып жатыр.

«Көлеңкелі экономиканың» жолы кесіледі

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәжілісінде Ұлттық экономика вице-министрі Берік Шолпанқұлов пен Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев «көлеңкелі экономиканы» азайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп берді.

Министр орынбасарының айтуын­ша, қазіргі таңда елдегі көлеңкелі экономиканың үлесі ішкі жалпы өнімнің 30 пайызына дейін жетеді. Соның ішінде сауда мен құрылыс саласында салықтан жалтарушылар көп екен. Дегенмен соңғы жылдары көрсеткіштің азайып келе жатқаны байқалады. Ал 2025 жылға дейін көлеңкелі экономиканың үлесі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейінен, яғни ішкі жалпы өнімнің 15-17 па­йызына дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл үшін министрлік бірқатар бастамаларды қолға алмақ. Атап айтар болсақ, электронды шот-фактура ақпараттық жүйесі та­уарлардың соңғы тұтынушыға дейін қозғалысын бақылауға мүмкіндік берсе, виртуалды қойма модулі ар­қылы автоматты режімде тауар қоз­ғалысының процесін қадағалауға болады.

Заттай қадағалау бойынша тауар­ларды таңбалау жұмыстары бас­талып кеткен. Қанатқақты жобаның нәтижесінде тері бұйымдары бойынша табыс 1,5 есеге ұлғайған. Ал қазір темекі мен алкоголь өнімдеріне осы әдіс қолданыла бастады.

Блокчейн технологиясы арқылы да қосылған құн салығын бақылау шотын пайдалана отырып ҚҚС-ті әкімшілендірудің жаңа әдісі енгізілді. ҚҚС бақылау шотын пайдаланатын салық төлеушіге қатысты қосылған құн салығын қайтару кезінде салықтық тексерулер алынып тасталады және қосылған құн салығын қайтару мерзімі 55-тен 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаппай онлайн-бақылау кассалық құрылғысын қолдану арқылы енді Мемлекеттік кірістер ко­митеті рейдтік тексерістің орнына камералық бақылау жасайтын бо­лады.

Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ аумағы бо­йын­ша Тауарлар транзитінің бірың­ғай жүйесі құрылмақ. Ал Ресей Федерациясымен арада нави­гация­лық электронды пломбаларды пайдалану бойынша қанатқақты жоба іске қосылмақ. Үшінші елдер­ден импортталатын тауарлар түсімінің 30 пайызы Қытайдан келетін им­портқа тиесілі екенін ескере отырып, министрліктің Мемле­кеттік кірістер комитеті мен ҚХР Бас кеден басқармасы өзара онлайн режімде электронды ақпарат алмасу бойынша келісімге келіп жатыр.

«Тауарларды таңбалау, электронды шот-фактура енгізу, виртуалды қойма жасау, тәуекелдерді басқару жүйесін құру мен онлайн-касса енгізу секілді ақпараттық жүйелерді қолданудан үлкен нәтиже күтіп отырмыз. Өткізілетін іс-ша­ра­лар салықтық және кедендік әкім­шілендіруді цифрландыруға, ақпа­раттық жүйелерді ықпал­дас­тыруға негізделген» деген Б.Шолпанқұлов тауарларды қадаға­лау жүйесін құру экономиканы контрафактілік өнімдерден қорғауға да мүмкіндік беретінін айтты.

Жалпы, жоғарыда айтылған бас­тамалар іске асырылатын болса, алдағы жылы бюджетке қосымша 800 млрд теңге кіріс кірмек. Ж.Ің­кәрбаевтың айтуынша, қазіргі таң­да «көлеңкедегі» кәсіпкерлердің кесі­рінен ел бюджеті жылына 2,5 трлн теңгедей кірістен қағылып отырған көрінеді.