Аймақтар • 09 Тамыз, 2019

Көкшетауда құрылыс жұмыстары қарқын алуда

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысында тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Соңғы үш жылда 1227,4 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді.

Көкшетауда құрылыс жұмыстары қарқын алуда

Соның ішінде 2017 жылы 426,4 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріліп, жоспар 2016 жылмен салыстырғанда 116,9 пайызға орындалды. 2018 жылы бұл көрсеткіш 478 мың шаршы метрді құрап, жоспардың 112,1 пайызға орындалуына қол жеткізілді. Ал, биылғы жылдың 7 айында көрсеткіш 323 мың шаршы метр немесе 103,5 пайызға тең болды.

Құрылыс жұмыстарымен облыс аудандары мен қалалары да кеңінен қамтылған. Биыл жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша республикалық бюджеттің есебінен 3,5 миллиард теңгенің 23 тұрғын үйін пайдалануға беру қарастырылып отыр.  Облыстық бюджет есебінен тағы 8 жоба іске асырылмақшы. Қазірдің өзінде осы көзделген тұрғын үйлердің 9,5 мың шаршы метрі пайдалануға беріліп, тұрғындар игілігіне тапсырылды.

Соңғы уақытта тұрғын үйлердің көптеп салынуынан көпбалалы отбасыларына және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды пәтермен қамтамасыз ету көрсеткіші анағұрлым артты. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысын өрістетудің  есебінен жыл аяғына дейін облыс бойынша тағы да қосымша 148 көпбалалы отбасының баспаналы болуына жағдай туғызылғалы отыр.

Облысымызда тұрын үй құрылысы қарқынын арттыру үшін 2014 жылы Көкшетау қаласында тұрғын үй құрылысы комбинаты ашылды. Бүгінгі күнге дейін комбинат көпқабатты бес тұрғын үй құрылысын жүргізіп, пайдалануға берді. Кәсіпорын қуатын арттыру үшін құрылыс басқармасы осы комбинат технологияларын кеңінен пайдалана отырып, үй салудың бес жылдық жоспарын жасауда. «Ақмола жастары» бағдарламасы бойынша облыс бюджетінен көп қабатты екі үйдің құрылысын жүргізуге де тиісті қаржы бөлінген.

Бүгінгі таңда Қопа көліне жақын  маңда жобалық құны 6,5 миллиард теңгенің «Болашақ» балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылысы басталды. Сондай-ақ, биыл күзде Қопа көлінің жағасымен өтетін жол құрылысы қолға алынбақ. Қазіргі уақытта облыстық онкологиялық емхананың құрылысы, облыс орталығындағы №1 орта мектептің 600 оқушыға арналған қосымша ғимаратының құрылыс жұмыстары, басқа да осы тектес жұмыстар қызу қарқын алған.      

 

Ақмола облысы