Колонияға Ішкі істер министрімен бірге «Адам құқығын қорғау хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова, Халықаралық түрме реформасы Орталық Азиядағы өкілдігі директорының орынбасары Жанна Назарова, ұлттық превентивтік механизмнің мүшесі Игорь Мирошниченко және журналист Тохнияз Кучуков, заң ғылымдарының докторы, пенитенциарист Айдархан Сқақов, ІІМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рүстем Хайдаровтар барды. Олар сотталғандар ұсталатын отрядтар мен камераларды аралап, жазасын өтеушілердің тұрмыстық жағдайларымен танысты. Сондай-ақ медициналық-санитарлық көмек көрсету, тамақтандыруды ұйымдастыру және еңбекпен қамту мәселелерін қадағалады.
Бүгінде аталған колонияда 737 сотталған бар. Оның ішінде еңбекке жарамды 426 адамның 243-і жұмысқа орналастырылған.
Колония аумағында шағын және орта бизнестің 7 нысаны жұмыс істейді, онда 119 жазасын өтеуші металл құрылымдарын, шлакты блоктар дайындаумен және тігін тігумен айналысады.
Министр мекеме аумағындағы жалпы білім беретін мектепті және кәсіптік-техникалық колледжді аралап көріп, білім беру үдерісін ұйымдастыру сапасына көңіл аударды. Ресми делегация өкілдеріне оқытылатын мамандықтар тізімі көрсетіліп, оқу орнының материалдық-техникалық жабдықталу жағдайы таныстырылды.
Осы жағдайларды көзімен көрген Алматы облысының қоғамдық бақылау комиссиясының өкілі Игорь Мирошниченко министрлік тарапынан бас бостандығынан айыру орындарындағы жұмыспен қамту ұйымдары және азаматтық қоғаммен өзара диалогты нығайтудағы оң үрдістерді атап өтті.
– ІІМ оң үрдіске бет бұрды. Жұмыс нәтижелері байқалады, барлық төтенше жағдай фактілері бойынша дереу шаралар қабылданады. Азаматтық қоғамның жұмысы үшін ешқандай кедергі жоқ, – деді И.Мирошниченко. Сондай-ақ азаматтық қоғамдастықтың өкілі түзеу мекемелерін жаңғырту бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Е.Тұрғымбаев азаматтық қоғам өкілдерімен бірге сотталғандардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдау барысында негізінен ұстау режімі, қылмыстық істер, тұрғылықты жері бойынша ауыстыру және құжаттандыру мәселелері бойынша 37 адам жүгінді.
Сотталғандарды қабылдағаннан кейін Ішкі істер министрі азаматтық қоғам өкілдерімен бірге келіп түскен ұсыныс-тілектердің барлығын талқылап, бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандардың жағдайын жақсартуды оңтайландыру бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер енгізуге қатысты ұсыныстарды қарау туралы шешім қабылдады.
Бұдан соң ведомство басшысы Алматы облысының ҚАЖД жеке құрамымен жұмыс кеңесін өткізді. Кеңесте колония қызметкерлерінің жазаларды орындау саласындағы заңнамаларды және сотталғандардың құқықтарын мүлтіксіз сақтауына баса назар аударды, сондай-ақ мекемеде болған төтенше жағдайды тексеру нәтижелерін қарады.