Руханият • 12 Тамыз, 2019

Қазақ сөзінің Қажымұқаны

721 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Әдебиетіміздің әлем таныған тұлғасы, замана заңғары, біртуар білімпаз, қазақ руханиятының қайраткері, мемлекет мандаткері Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толуы орайында көкейде жүрген құрмет пен інілік ізет оқырман ортасына түсті.

Қазақ сөзінің Қажымұқаны

Әбіш аға Кекілбаев туралы осы мақа­ла­ны жазар алдында ойланғанымда, ол туралы биылғы Маңғыстау сапарында Қазақстан Республикасының Президенті, Әбекеңнің сыйлас інісі Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпшілік алдында айтқан мына жүрекжарды сөзі ойы­ма орала кетіп, мақаланың мәйегіне айналды: «Халқымыздың рухани дүниесінде Маңғыстаудың алатын орны ерекше. Киелі өлкеден шыққан айтулы тұлғаларды барша халқымыз жақсы біледі. Солардың бірегейі – заңғар жазушы, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтың абызы Әбіш Кекілбаев. Ол – Елбасының сенімді серіктерінің бірі ретінде егемен елімізді құруға зор үлес қосқан тұлға. Әбіш ағамен мен де талай жыл әріптес болып, етене араласып, ерекше сыйластықта болдым. Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толады. Қазір Әбіш Кекілбаев музейі салынып жатыр. Ақтауда ардақты ағамызға арналған ескерткіш қойылады. Облыс әкіміне құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы бітіруді тапсырамын. Мерейтойды біз тұтас ел болып, жоғары деңгейде атап өтеміз. Мен елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін шараға арнайы өзім қатысамын».

Мен Әбіш ағамен 70-жылдардың күзінде алғаш рет танысып, кейін, 1994 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты болған жылдарымда қайыра араласып, туған інісіндей болып 30 жылдай жанында болдым. 1977 жылдың қазан айында «Лениншіл жас» газетінде «Мұнаралы Маңғыстау» деген көлемді өлең-очеркім жарияланып, соны оқыған Әбекең мені іздетіпті. Ол кезде ағам партияның орталық комитетінде сектор меңгерушісі болып қызмет атқарады екен. Менімен бұрыннан білетіндей сөйлескен Әбіш аға сол жолы менің «Мәңгілік қозғалыс» деген екінші жыр жинағымды баспаның тақырыптық жоспарына кіргізуге көмек жасады. Одан кейін ағамен етене араласып кете қойған жоқпын, үлкен қызметтегі адам, мазасын алмайын дегенмін.

80-жылдардың аяғына таман Әбекең Павлодар облысының Баянауыл ауданынан Жоғарғы Кеңестің депутаттығына түсті. Жұмыста отырған бір күні маған телефон шалып шақырып алып, «Неге хабарласпай жүрсің, көп адам маған жол іздеп жүреді, сен қайда жүрсің?» деп ұрысқандай болды. Сол жолы екі мәселе қаралды. Бірі, Әбекеңнен сұхбат алдым. Ол жастар газетінде «Ең бас­тысы – ел тағдыры» деген атпен жарияланды. Екіншісі, сол жылы күзде Маңғыстауда тойланатын Қашаған ақын­ның мерейтойы­на дайындық жұ­мысына араласуымды және осы мәселеде оның көмекшісі болып, үнемі хабардар етіп отыруымды тапсырды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының ол туралы жоғарыдағы ықыласты лебізін тыңдағанда осы жайлар да жадыма түсіп жаңғырып, ағаға деген сағыныш бой көтерді. Әсіресе Мемлекет басшысының: «Әбіш ағамен мен де талай жыл әріптес болып, етене араласып, ерекше сыйластықта болдым» деген сөзіне мен талай куә болғаным бар еді. Інісі де ағасын сағынған екен деп ойладым, мен де сағынғанмын. Сол сағыныш осы мақалаға алып келді.

Әбіш аға туралы отыз жылдай кезеңдегі жайларды ойға алғанда отыз мақала жазуға болады. Ағалы-інілі болып сыйласып, кейде дос-әріптес ретінде сырласып, әркез дәмдес-сапарлас болып қанаттасып жүрген ғажайып күндер зырлап өте шықты. Кейде ол Сенат депутаты кезінде тұрып, ғұмыр кешкен «Нұрсая» тұрғын-үй кешенінің жанынан өткенде жан-жағыма жаутаңдап қарап, көзіме таныс бесінші кірер есіктен Әбекең күлімсіреп, «айналайын» деп шығып келе жатқандай қарағыштай беретінім бар. Көп кездесу болған жайлардың бірі де еске түсіп отыр. 1994 жылы Әбіш аға Маңғыстау облысынан Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа үміткер болып түсті. Мен де Атырау облысынан депутаттыққа түсіп жатыр едім. Ақпан айы. Қар қалың, дала боран. Сондай күндердің бірінде екі облыстың шекаралық қиылысар тұсындағы «Қарақұм» ауылындағы клубта кездесіп, Әбекең туралы күт­пе­ген жерден сөз сөйлегенім бар. Сонда көзтаныс қариялардың алдында Әбіш аға: «Қазақстан – бой жетіп отырған сұлу қызы бар кемпір мен шал» деп толғанғаны естен кетер емес. Ал Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат Төрағасы кезінде елордадағы Ұлттық кітапханада сөйлеген сөзіндегі толғанысы халық қайраткерінің 80  жылдығы қарсаңындағы бағдарламалық тұжырым деуге әбден тұрарлық: «Әбіш Кекілбаевтың қайталанбас қолтаңбасы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебие­­т­інің қазынасына айналған. Көсемсөз шеберінің шығармашылығы бойынша терең зерттеулер жүргізу – келешек буын ғалымдарының алдындағы маңызды міндет болуы тиіс. Себебі Әбіш Кекілбаевтың ойлары, философия­сы және жалпы рухани әлемі мұхиттай терең. Әбіш Кекілбаевтың әдеби әлемі шексіз дүние, көпқырлы, мағыналы мұра. Білімінің көкжиегі шексіз, бірегей тұлға, әрі жазушы, әрі әдебиеттанушы, ғалым, тарихшы, ойшыл, философ қана емес, мемлекетіміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген көрнекті мемлекет қайраткері. Бұл – ұлы жазушылардың арасында өте сирек кездесетін құбылыс». Ойлануға, оянуға, қолға алуға жан салатын жақсы сөз емес пе!

Әбіш аға – Әбіш Кекілбайұлы туралы ойлағанымда, ұлттық өркениеттің өркешіндей болып өресін көрсеткен, сол арқылы әлемдік руханияттың әлеуетіне ар қосқан, әл қосқан, әр қосқан абыздарымыз еске түседі. Ұлт мәдениетінде ұлағатты құрметпен әз есімдері әулиедей аталатын төрт абыз: Мұхаң – Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Қанекең – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, Ахаң – Ахмет Қуанұлы Жұбанов, Әлекең – Әлкей Хақанұлы Марғұлан есімдері халықтық парламенттің бірауыздан даусын алып, заман дүрлері деп заңды түрде мойын­дал­ған. Зиялы қауым зайырлы ортада қазір осы тізімге Әбекеңді – Әбіш Кекілбайұлын да қосып, жалпыжұрттық пейілмен айта бастады. Халық танып айтады, ақиқатын анық айтады.

Энциклопедиялық эрудит, жоғары деңгейлі интеллектуал, парасатты пассионар, таным мен тағылым шебері, әдебиеттің үш жанрының үздігі, қазақ сөзінің қаражорғасы, қазақ прозасына философиялық-дидактикалық ой ағысын қосқан қамшыгер, ізгіліктің іргетасын ізгерлік мақсатта ұстанған ұстаз, кемел ойлы кемеңгер Кекілбаевтың меңгерген мамандықтарын жіпке тізгенде, олар мынаған саяды: Ол, ең алдымен, Ақын. Сосын проза, драматургия, әдебиеттану, әдебиет сыны, тарих, философия, эстетика, сценарий салаларында қаламгерлік қуат танытқан тұлға. Сонымен қатар энциклопедист, архивариус, өлкетанушы, жаратылыстанушы, қоғамтанушы, әлеуметттанушы, халықтанушы, саясаткер, мемлекеттанушы, дінтанушы, сәулеттанушы, өнертанушы, аудармашы, театртанушы, журналист, публицист, редактор, гуманист, интернационал, депутат, аса көрнекті мемлекет қайраткері. Және осылардың бәрінде тиіп-қашты талапкер емес, талғамы талайды жалт қаратқан танымгер болды. Өкініштісі, «болды» деп айтатынымыз.

Қазақ жерінің телегей Тетистен енші алған Каспий теңізіне жамбасын жалатқан жарты аралының қиыр шетіндегі Оңды деген кішкентай ауылда дүниеге келіп, өзін дүниеге танытқан, өзегі терең – өз елін әлемге танытқан азамат болды. «Солдат соғысқа кетті» деп аға-досы, белгілі қаламгер Кемел Тоқаевтың романында айтылғандай, әкесі Кекілбай Қоқымұлы да соғысқа кетті. Тоқаев романындағы кейіпкер – Мұхамед автордың өзінің теңкейіпкері болса, Кекілбай қаралы жылдарда қара жамылып қалған қазақ әйелдерінің ортақ кейіпкері болатын. Әбекең өзінің алғашқы шығармаларының бірі – «Әке» лирикалық дастанында қазақ баласының ұлтқа ортақ трагедиялық болмысын оқырман жүрегін дірілдете көрсетті. Сол­дат соғысқа кетті, солдат соғыстан келді, солдат ерлікпен қаза тапты, осылай өмір жалғасып жатты. Жас өсті, әкенің жолын жалғады.

Олай болса кешегі сұрапыл соғыста Сталинград майданында ерлікпен қаза тапқан көзі жасты, көңілі күпті көген­көз­дің тағдыры оны алып айдын – әде­биет­ке алып келмеуі мүмкін емес-ті. Эрнест Хемингуэй жазғандай: «жазушы болу үшін бақытсыз балалық шақ болу керек» деген сөздің тегінде, жаны бар шығар. Жалғыз ол емес, осындай ыңғайдағы сөзді талай қаламгер айтқан. Оған дәйек керек болса, Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Жазмышын» қарасаңыз, қарық боласыз да қаласыз.

Бірақ Әбекеңмен болған 25 жылдық ағалы-інілік кезеңде оның бір сәтке болса да «балалық шағым бақытсыз болды» дегенін естіген жоқпын. Қайта, ай маңдайы жарқырап, балалық шағындағы қызықты жайларды еске алып, арқа-жарқа күліп, сондай кезде өзімен қосыла күліп, желкілдеп, желіп кететін бұйра шашын жалпақ алақанымен артқа қарай бір жасқап тастап және бір қызықты сәтін еске түсіріп, тершіген маңдайынан төмен қарай жол тартқалы тұрған терін Клара жеңгем ұсынған сүлгімен бір қағып тас­тап, әңгіме пернесін одан әрі қағатын. Тек мұны көп адам көре-біле қойған жоқ, алыптың ашылуы да сирек болатын. Неге екенін білмеймін, бірақ бұл мен үшін жақсы марапат-мадақ іспетті еді, мен келгенде аспаны ашылып, көңілінің көлеңкесін шуақ шалатын. Амал нешік, енді мұндай кездесулер болмайтыны ақиқат, бірақ бұл жайттар біздің, көз көргендердің естеліктері арқылы көпке жете береді деп ойлаймын.

Бір адамның бойына осыншама білім мен білікті, зерде мен зейінді, талант пен талғамды кім берді деген сұрақ көп жанды қызықтыратыны рас . Әдебиеттегі жолын «Алтын шуақ» атты жыр жинағымен ақындықтан бастаған Әбекеңнің ұлттық мектебі тарихы талайға кететін, жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен киелі Маңғыстау. Атакүлдігінің бағзы баянынан да, жаңғырған жапан даланың заман ашқан аянынан да тәлім алған ол алғашқы прозалық туындылары «Бір шөкім бұлт» пен «Бір уыс топырақты» бергенде қазақ сөз өнеріне жаңа тұлғаның келгені аян болған-ды. Жетпісінші жылдарда әдебиет сыншылары «Дала балладалары» мен «Аңыздың ақыры» повесть-романын философиялық ой ағысы мелдеген туын­дылар деп бағалағаны есте. Бірақ бұл астарлы да абыздық ой ағыстары оның алғашқы өлеңдері мен жоғарыда аталған «бір шөкім» мен «бір уыстан» бастау алған. Кейін «Үркер» мен «Елең-алаңда» Әбекең бұған дейін қазақ әдебиетіндегі тарихи романдардың деректік-ақпараттық ауанын көркемдік-мазмұндық жағынан кемелдендіре түсіп, қазақтың шешендік өнері мен салт-дәстүріндегі сұңғылалық пен сарабдалдықтың, бітімгерлік пен мәмілегерліктің ұлттық қатпарларын тереңдете ашып, тарихи романдарға қойылатын әдеби өлшемнің деңгейін көрсетті. Тарихи сананы жаңғыртудағы оның романдарының қызметі өзінен кейінгі толқынға бағдаршам болды. Тарихты танып жазу мен талғап жазудың жаңа ережесі сынды үлгі кейін ақындарымыздың тарихи дастандарға дендеп баруына, сол арқылы поэма жанрының биік белеске көтерілуіне негіз салды десек, асыра айтқандық болмас.

Тәуелсіздікке тікесінен тік тұрып қызмет еткен тау тұлға қаламынан туған «Азаттықтың ақ таңы» публицистикалық жинағы егемен елдің бүгіні мен ертеңін тереңнен толғап пайымдап, қамқоршыл парасатпен жүйеленген нақыл мен ақыл секілді болып, рухани жаңғырудың тұғырын бекіте түседі. Ол Рухани жаңғырудың ұлттық процесі жүріп жатқан қазіргі кезеңде «Ұлы Даланың жеті қыры» атты Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бағдарламалық мақаласындағы ойлар маңызды мін­дет­­терге жол сілтейді. Тәуелсіздік кезеңдерінде үлкен, тарихи тұлғалардың публицистикаға дендеп қол ұруы оның заман алдындағы жауапкершілігін, қоғам алдындағы парасатын, жастар алдындағы парызы мен қарызын қапысыз көрсетеді. Сондықтан біз, оқырмандар, прозашы Әбіш Кекілбаевты жоғалтқан жоқпыз, қайта оны басқа биік деңгейден көрдік деп бағалауымыз керек.

Әбіш Кекілбаевтың рухани болмысы мен заманауи тұлғасын тереңірек тану үшін Маңғыстаудың табиғаты мен тарихын жете білген жөн дегенім бар-ды. Қаламгер қашанда туған топырағына тартады. Туған елінің тарихына тартады. Бала жастан көкірегіне сіңген шежіре мен өзі көріп, біліп өскен жайттарға етене ден қойғандықтан, оның дүние тану болмысы өзгеден оқшау, өзіндік ерекшелікке ие болатыны содан. Осы тұрғыдан келгенде, Кекілбаевты тану үшін Маң­ғыс­тау­ды тану керек, Маңғыстауды тану үшін Кекілбаевты түсіну керек. Дала философиясының дәні де, мәні де ұлы даламызда жатыр. Әбіш әлемі осынау тарихи аймақтың талайлы шежіресі мен талғамды танымын көрсететін көрнекі құрал секілді. Әбіш әлемі деген теңеуге орынды баға беру үшін әуелі ұлы даланың ұланғайыр тарихын көңілге қондыру керек. Осынау Даланы тануға деген азаматтық ой көзі керек.

«Осындай да ұл туа алам дегендей, туған сені бұл дала» деп Әбекеңнің бала күннен жан досы болған ұлтымыздың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлі өзінің Қажымұқан туралы өлеңінде жазғандай, бұл мақаланың атын «Қазақ сөзінің Қажымұқаны» деп қойғаным, бір кеште Әбекеңнің алдында оған бағыштап осы сөзді айтқаным бар еді. Сонда сөз қадірін бәрімізден де терең түсінетін Әбіш аға мейірлене жымиған. Көпшілік дүр етіп қозғалып, қошаметтеп кеткен-ді. Ағаның рухы шат болар деп ойлап, осы сөзді және бір оған бағыштап айтуды жөн көрдім. Бұл сөзге куә болғандар ортамызда аман-есен жүріп жатыр. Олар да «қайталадың» деп кінәламас деп ойлаймын.

Мұхтар Әуезовтің өзі: «Қашаған – сөздің дүлдүлі» деп ерекше баға берген жыр жорғасы Қашаған Күржіманұлының 1989 жылы Ақтау қаласындағы ескерт­кішін ашар кезде сөйлеген Әбіш аға сөзін бастай бере: «Қашекем, Қашекем» деп көңілі босап, көзінен аққан жасы көйлегінің өңіріне тамғаны бар еді. Амандық болса, биыл Ақтау қаласында «Әбіш әлемі» атты руханият орталығы ашылады. Сол кезде күллі халық жиналып, Каспий теңізі де еңсесін көтеріп, Дала дүрлігіп, Маңғыстаудың маңғаз аспаны бір шалқаяр. Сондай бір салтанатты, шапағатты шақ 2009 жылы Әбіш ағам 70 жасқа толғанда, қайраткер азамат Қырымбек Көшербаевтың өңір басшылығы кезінде болған еді. Осынау ордалы жиында кеш тізгінін ұстап, асыл ағалардың алдында менің де бір шалқығаным бар еді. Енді «Әбіш әлемін» ашар кезде қазақтың бір азаматы сөз бас­тап: «Әбекем, Әбекем» деп оның да жанары боталап кетер. Туған перзентінің тұлғасын таныған Ұлы Дала сол кезде және бір шаттанар.

Сол күн жақын болсын!

 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты