Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Жаздың жылы жаңбыры

854 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Арманшыл шағыңды аңсататын, қайта оралмас керемет күндерді көз алдыңа келтіретін, бейкүнә сәтіңе еріксіз бас идіретін өлмес өнердің құдіреті ғана. Жаныңның шырақтарын шұғылаға бөлейтін бір керемет тылсым, көңіліңе жарық түсіретін бір нәзік сәуле де осы өнер болса керек.

Жаздың жылы жаңбыры

Құланның қоңыр әуенін бойына сіңіріп, табиғат берген талант­ты тағдырым деп ұққан Жаңбыршы Үсейінов ғұмыры қапия­да кілт үзілсе де, осынау бір ұғымды жанымызға жа­рық сәуле етіп сыйлап еді. Мар­құм Мэлс Өзбеков екеуі Құ­лан­ның Көкдөнен дейтін Ала­тау баурайындағы ауылынан шығып, өнер атты өлмес әлемге с­апар шеккені ел есінде. Содан бері арада жылжып талай жыл өтті, қос талант та бұл күнде қайтпас сапарға аттанған. Алайда жұлдыздардың із тастап ағатыны сияқты, таланттың соңында да өле алмайтын өнер қалады екен.

Жаңбыршы Үсейінов осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын Құлан топырағында «Таң самалы» ансамблін құрған өнер иесі. Өзі де жастарға ұстаздық ете жүріп, сұлу да сазды әндер жазды. Сол кезде ауданда жүрген ансамбльдің республикалық те­ле­­арнаға шақырту алып, Ал­ма­ты төрінде өнер көрсеткенін ел ұмытқан жоқ. Композитордың досы Тәліпбек Шақбаев сол бір күндерді толқыныспен еске алады. «Мэлс аға мен Жаңбыршы досымның өнеріне талай рет куә болдым. Мэлс ағаның әндерін бала кезімнен білемін. Ауылдың топырағы Жаңбыршы досымның әндеріне талай тербелетін», дейді ол. Иә, өнердің құдіреті жарқ етіп шығу болғанмен, жалп етіп сөнбеу екенін де осындайдан көруге болады.

Жаздың жылы жаңбыры. Жаң­быршы Үсейіновтің әндері тың­даған жанға тура солай әсер етеді. Жаныңды жаурат­пай­­ды, қайта жылытады. Жү­ре­гіңнің нәзік пернелерін басып өтіп, жа­ныңның жазирасын жайлайды. Маңдайыңды ақжауынға төсеп, ақтарылғандай боласың. Оның «Құдаша», «Досыма», «Сағыныш» сияқты лирикалық әндері жаздың жылы жаң­бы­рын­дай әсер ететіні сондықтан. Ал композитордың құландық ақын Кәріпжан Нүсіптің сөзіне жазылған «Соғыстан қайтқан әкелер» әні Отан үшін от кешкен мыңдаған боздақтың рухына қойылған ескерткіш десе де болады. Мұнда сағыныш та, өкініш те, қуаныш пен мұң да бар. Бұл ән «Шалқар» ұлттық радиосының алтын қорына енгізіліп, ән тарихында мәңгілікке қалды.

Талант топырағына тартып туады деп жатамыз. Өнерге де өріс керек екені белгілі. Бұл орайда Жаңбыршы Үсейіновтің шығармашылығына суырыпсалма ақын Шынәсіл Жана­рыс­та­новтың жырлары, Жұматай Шынәсіловтің күйі және Мэлс Өзбековтің әндері әсер етпей қойған жоқ. Осылайша сырластық пен мұңдастықты қатар өргізе білген композитордың өлмес өнері өмірге келді. Бүгінде Т.Рыс­құлов аудандық мәдениет үйін­де Мэлс пен Жаңбыршының көзін­дей болған «Восток» баяны тұр. Талай әндердің өмірге келуіне себепші болған аспап кейде иелерін жоқтап тұрғандай жаныңды жабырқатады.

Шынайы өнерді шаң баспауы тиіс. Бүгінде Жаңбыршы Үсейіновтің есімі көп атала бер­мейтіні рас. Биыл Құлан же­рінде композитордың әнде­рі­нен «Әнім саған, аманат!» атты жергілікті өнерпаздардың байқауы өткен еді. Бұл бас­та­ма алдағы уақыттарда да жал­ға­сын тапса игі. Қазіргі кезде жаздың жылы жаңбырындай әсер ететін Жаңбыршының ән­де­рі тыңдарманға керек-ақ. Алдағы уақытта композитордың әндері Әулиеата аспанын әнге бөлеп тұрса, қандай кере­мет. Бұл да туған жер талантта­рын танытудың, өнерін наси­хат­тау­дың көрінісі болар еді. Шын өнер «Көзден кетсе, көңілден де кететін» нәрсе емес екенін тек ұғына білсек болғаны...