Кәсіпорындардағы көшпелі қабылдау
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:43
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғындар арасында Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру және оның негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында тапсырмасын орындауда өз жұмыстарын жаңаша құрып, жетілдіре түсуде. Соның бір көрінісі ретінде азаматтарды көшпелі қабылдау дәстүрлі жүзеге асырылып келеді.
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:43
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғындар арасында Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру және оның негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында тапсырмасын орындауда өз жұмыстарын жаңаша құрып, жетілдіре түсуде. Соның бір көрінісі ретінде азаматтарды көшпелі қабылдау дәстүрлі жүзеге асырылып келеді.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кеңесінің мүшелері еліміздегі 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын жобалар мен жұмыс істейтін нысандар бойынша «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясы аясында қаладағы бірқатар кәсіпорындарда болып, жұмысшылармен жүздесті.
Көшпелі қоғамдық қабылдаушылар бірінші болып «Тенуса» ЖШС-іне атбасын тіреді. Серіктестіктің полимерлі-композитті материалдар өндіретін зауыты – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қолдауымен жүзеге асырылған жоба. Зауытта жылу, су және газ құбырлары, кәрізді қарау құдықтары мен олардың қақпақтары шығарылады. Облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бұл жобаның Батыс Қазақстанда теңдесі жоқ деуге болады. Сондықтан да зауыт өніміне сұраныс жоғары, оның түрлерін көбейтуге бағыт ұсталуда.
– Зауыт өнімдерінің артықшылығы сол – мұнда шығарылатын құдықтар мен қақпақтар шойыннан құйылатындарға қарағанда, жеңіл және анағұрлым арзан. Өндірістік процесте табиғи құм мен пластик қалдықтар пайдаланылады. Бұл – елімізде осындай өнім шығаратын алғашқы зауыт, – дейді «Тенуса» ЖШС директорының орынбасары Жанна Күндолова.
Зауыт жұмысшылары еңбекақыларын уақтылы алады. Еңбек етуге толық жағдай жасалған.
Партия филиалының қоғамдық қабылдау кеңесінің мүшелері үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында пайдалануға беріліген «Izet Grenhaus» жылыжай кешенінде және темір-бетон бұйымдарын шығаратын «Мизам» ЖШС-інде болды. Мұнда да негізгі әңгіме өзегі кәсіпорындардың жобалық қуатын игеру, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы төңірегінде өрбіді. Екі кәсіпорында да жобалық қуатты игерудің толық алғышарттары жасалған, жұмысшыларды әлеуметтік қолдау мәселелері шешімін тапқан.
Мысалы, «Мизам» ЖШС-іне қарасты «Нағыз бетон» зауыты жылына 150,0 мың текше метр темір-бетон өндіреді. Қазір мұнда 130 адам еңбек етеді. Зауыт өңірдің сондай-ақ Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының осындай өнімдерге деген сұранысын толық жабады. Болашақта мұнда тұрғын үй құрылысының осы заманғы, тиімді және үнемді технологиясы үшін жылу ұстағыш қабырғалық панельдерін өндіру желісін пайдалануға беру көзделуде.
– Мұндай шаралардың қайтарымы мол. Өткен жылы өткізілген көшпелі қоғамдық қабылдауларда бірқатар кәсіпорындардың өзекті мәселелерін шешуге ықпал етілді. Сондай-ақ, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылған кәсіпорындардың жобалық қуатында жұмыс істеуіне бақылау жасалады, олардағы әлеуметтік шиеленістің болмауы қадағаланады. Бұл үрдісті биыл да жалғастырудамыз. Бүгінгі шара соның айқын айғағы. Көшпелі қоғамдық қабылдау жоспарлы жүргізіледі, оларға қатысушылар кестеге сай бекітіледі, – дейді «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Амангелді Мектепбаев.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.