Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Челябі облысының Верхнеуральск ауданында қазақ мәдениетінің «Туған жер» фестивалі өтті

261 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ресейдің Қостанаймен көршілес Челябі облысында қазақ мәдениетіне арналған «Туған жер» фестивалі соңғы жылдары дәстүрге айналды. Ол биыл алтыншы рет Жайық бойындағы Верхнеуарльск ауданында өтті. Облыста барлығы 35 мыңнан аса қазақ диаспорасы тұрып жатыр.

Челябі облысының Верхнеуральск ауданында қазақ мәдениетінің «Туған жер» фестивалі өтті

Олар өзінің тілін, дәстүрін ұмытпау үшін жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, көптеген шара өткізіп тұрады. Челябі облысының мәдениет министрлігі, Челябі облысы халықтарының «Дом дружбы» мекемесі, Верхнеуральск муниципалдық ауданының администрациясы және «Жақсылық» қазақ ұлттық-мәдени орталығының ұйымдастырумен өткен фестивальге Челябі облысының барлық шалғайынан және Свердлов, Қорған облыстары мен Башқұртстаннан қандас бауырлар қатысты. Челябімен қатар жатқан Қостанай облысынан арнайы делегация барып, фестиваль қызығын еселеді десе болады. Қарабалық ауданы киіз үй апарып, оның ішін Қостанай облыстық «Достық үйі» ұжымы ұлттық киімдермен, бұйымдармен безендірді. Облыстық филармонияның әншілері фестивальге қатысушыларды қазақ әніне сусындатты.

 «Туған жер» фестивалінің бағдарламасы ұлттық сипатымен ғана емес, мазмұнымен өте тартымды болды. «Алтын отбасылар», «Ең үздік қазақ әже» байқаулары барынша қазақ отбасындағы тәлім-тәрбиені барынша ашып көрсетті. Челябі облысы Мәдениет министрінің міндетін атқарушы Алексей Бетехтин бұл мерекенің адамдарға тәрбиелік берері мол екенін айтты.

«Туған жер» мерекесін халық күтіп отырады. Бұл мерекенің адамдарға қажет екені сезіледі. Егер халық өз мәдениетінің тамырынан алшақтаса, тарихын, өнерін білмесе, ондай ұлт әлсірейді, ұлт болудан қалады. Ұлттық дәстүр мен салттың барлығы жас ұрпақты адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелейтін құрал. Ұлттық дәстүрді ұмытқан ұрпақтың отбасына, балаға, Отанға деген көзқарасы өзгереді. Ең қауіптісі осы, сондықтан жас ұрпақ ұлттық тамырдан ажырамауы тиіс. Бізге «Туған жер» сол үшін қажет» дейді Алексей Бетехтин.

Мерекеде «Ең үздік қазақ әжесі», «Жайма» байқаулары көрермендер үшін қызықты болуымен қатар, оның тәлімдік маңызы да жоғары еді. Бұлар фестивальде бірінші рет өткізілді. Верхнеуральскіден Күмиза Досанова «супер әже» атанды. «Жайма» байқауында жас қыз келіншектер еттің нанын жаюдан жарысқа түсті. Ең аз уақытта және қағаздай жұқа, тегіс нан жайып көрсеткен верхнеуральскілік Жұмабике Тоғызақова үздік шықты. Бәйгесіз қазақтың тойы тарқаған ба? Фестиваль қызығының бірі бәйге болды. Қазақ әні шарықтаған концерттік бағдарлама да келушілердің мейірін қандырды.  Ал «Ең үздік киіз үй» байқауында ең көркем киіз үй иесі де верхнеуральск қаласының тұрғыны Бақыт Сарынова болды.

«Туған жер» фестивалі бізге де ортақ болды десем артық емес. Қазақстан халқы Қостанай облыстық ассамблеясының делегациясы Қарабалық ауданының көмегімен киіз үйімізді алып бардық. Тек қонақ ретінде барып ғана қоймай, фестиваль қызығына араласып кеттік. Онда өткен «Ең үздік киіз үй», «Жайма», «Ең тәтті шай дастарханы» секілді бірнеше байқауларға қатыстық. Сонда тұрып жатқан қандас бауырларға арнап ұлттық киім, дәстүр, ыдыстар көрмесін ұйымдастырдық. Фестивальді біздің әншіміз Айнұр Санай қазақтың керемет халық әнімен ашты. Бата беру салтын көрсеттік. Мұның барлығы Елбасы мақалаларынан кейінгі бастау алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Ұлттық дәстүр, ана тіліміз, өнеріміз барда өрге де, төрге де шығатынымызды көрсеттік» дейді Қостанай облыстық «Достық үйінің директоры Қаламқас Сандыбаева.

Қостанай