Жаһан сарапшыларының назарын қайта аударған Алматы
Сейсенбі, 9 сәуір 2013 2:05
немесе Иран мен «алтылық» арасындағы келіссөздерде ілгерілеушілік байқалды
Иран Ислам Республикасының уранды байытуына наразылық танытқан державалар оны бұл ниетінен қайтару мақсатында АҚШ пен Еуропалық Одақтың мұрындық болуымен Теһранға қарсы ауыр экономикалық санкция қойған болатын. Осы санкциядан кейін мұнай экспорты күрт төмендеген ресми Теһранмен арада ортақ мәмілеге келу туралы келіссөздер басталған-ды. Бұл келіссөздер раундтарында таразының бір басында Иран, екінші басында «алтылық» (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия) аталып кеткен елдер тұр.
Сейсенбі, 9 сәуір 2013 2:05
немесе Иран мен «алтылық» арасындағы келіссөздерде ілгерілеушілік байқалды
Иран Ислам Республикасының уранды байытуына наразылық танытқан державалар оны бұл ниетінен қайтару мақсатында АҚШ пен Еуропалық Одақтың мұрындық болуымен Теһранға қарсы ауыр экономикалық санкция қойған болатын. Осы санкциядан кейін мұнай экспорты күрт төмендеген ресми Теһранмен арада ортақ мәмілеге келу туралы келіссөздер басталған-ды. Бұл келіссөздер раундтарында таразының бір басында Иран, екінші басында «алтылық» (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия) аталып кеткен елдер тұр.
2012 жылы алдымен Ыстамбұлда, кейін Бағдатта, үшіншісі Мәскеуде өткізілген бұл келіссөздердің барлығы, өкінішке қарай, нәтижесіз аяқталғаны мәлім. Осыдан кейін тығырыққа тірелгендей әсер қалдырған бұл үдерістің жалғасуына 2013 жылдың басында ресми Астананың келіссөздердің кезекті раундын қабылдауға әзір екендігін білдіруі себеп болды. Астанадан айтылған ұсыныстан кейін тараптардың барлығы Алматыда басқосуға қарсы еместігін білдірді. Кездесу орны ретінде Қазақстан екі жақты да қанағаттандыратын, өйткені: Қазақстан халықаралық саясатта «белсенді» әрекет етіп келе жатқан ел ретінде танымал; қос тараппен де қатынастары жақсы; атом қаруынан өз еркімен бас тартқан, уран өндіруден әлемде алдыңғы орын алатын мемлекет; географиялық жағынан қолайлы; тараптардың қауіпсіздігіне нұқсан келу ықтималдылығы төмен, бейбіт ел.
Мұндай маңызды халықаралық кездесуді ұйымдастырудың Қазақстанға да берері көп еді: дипломатиялық тәжірибесін молайта түседі; халықаралық аренадағы танымалдылығын арттырады; ең бастысы – бейбітшілікті қолдайтын ел екенін тағы да бір рет дәлелдейді.
Сөйтіп, ақпанның 26-27-сінде Алматыда бас қосқан тараптар мұнда да ортақ мәмілеге келе алмады. Алайда, алдымен 17-18 наурыз күндері Ыстамбұлда, артынан 5-6 сәуірде қайтадан Алматыда кезекті рет жиналуға уағдаласып барып тарады. Олардың Алматыда алғашқы басқосуында-ақ бір шешімге келе қояды дегенге көпшілік күмәнмен қараған. Өйткені, мұндай маңызды шешімдер бірден алына қоймайды, алдымен тараптардың ұсыныстары айтылады, бір-біріне шарттары қойылады, артынан ол шарттар мемлекеттеріндегі «шешім қабылдаушы» лауазымды тұлғалармен келісіледі. Тиісті лауазымдағылар шарттарды шолып шыққаннан кейін «өзгертетін» тұстарын түртеді, одан кейін қайтадан тараптардың өкілдері бас қосып, мемлекет басшыларының өзгерістерін талқылайды, жаңа шарттарды алып қайтадан еліне жөнеледі. Сөйтіп, тағы да пысықталған шарттар екі жақтың да басшылығының көңілінен шықса, өкілдері қайта бас қосып, уағдаласқаны туралы келісімге қолдарын қояды.
Халықаралық келісімдер осындай ұзақ бюрократиялық үдерістерден тұратындықтан, шешім пәлен күні қабылданады деген нақты бір болжам айту қиын. Сондықтан Алматыдағы басқосуларда да тараптардың арасында қандай да бір келісім жасалмаса да, оны табуға жасалған үлкен қадам болғаны анық. Ал Қазақстанның бұл келіссөздер раундын қабылдаудан ұтылмайтынын жоғарыда айтып өттік. Иран мен алып державалар арасындағы кикілжіңнің лаулаған отқа айналмауына бар күшін сарп еткен ресми Астана, міне, өзара араз елдерді татуластыруға ұмтылушы мемлекет деген бейнесін жаһанға кезекті мәрте паш етіп отыр.
Еркебұлан ӘЛІМХАНҰЛЫ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Халықаралық және аймақтық зерттеулер
орталығының аға ғылыми қызметкері.
АСТАНА.