Аймақтар • 13 Тамыз, 2019

Күре жолдарға күрделі жөндеу қажет

809 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жол қадірін жүрген біледі». Жол мәселесі тұрғындар үшін әрдайым өзекті. Алайда, бүгінде кейбір облыстық жолдардың сапасы сын көтермейді. Аудан мен ауданды, ауыл мен ауылды жалғап жатқан жолдардың қырық жамау, кейбірінің тозығы жеткенін көз көріп жүр.

Күре жолдарға күрделі жөндеу қажет

Дей тұрғанмен атқарылып жатқан жұмыстар да жетер­лік. Мәселен, Жам­был облысы бойынша жалпы автомобиль жолдары 9689 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық ма­ңызы бар 1152 шақырым, облыстық маңызы бар 1987 шақырым, аудандық маңызы бар 1188 шақырым және елді мекендерге тиесілі 5362 шақырым жол бар. Бұлардың бірінің сапасы бас бармақпен бағаларлық болса, енді бірінің сапасы орташа, ал бірінің сапасы төмен деуге болады.

 Жамбыл облыстық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өткен жылы жол жөндеу мақсатына 12,1 млрд теңге бөлініп, оған 324 ны­санда 544 шақырымға жуық жер­­гілікті автожолдар мен көшелер жөн­­делген. Сонымен қатар 1 кө­пір­­дің құрылысы жүргізіліп, 2 жол өткелі қайта жаңғыртылған. «Жыл қорытындысында жақ­сы және қанағаттанарлық жағдайдағы об­лыстық және аудандық маңызы бар жол­дардың үлесі 80,1 пайызға жеткізілді. Ал биылғы бөлінген 14,8 млрд теңгеге 346 нысанда 602 ша­қы­­рым жергілікті автожолдар мен көшелер жөнделеді. Оның ішінде 16,2 шақырым жаңа жол салынып, 6,2 шақырым қайта жаңғыртылады. Және де 30 шақырым жол күрделі және 550 шақырым жол орта жөндеуден өтеді», дейді басқарма басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Мемлекет тарапынан тиіс­ті қол­дау көрсетіліп, жолдар жөнделіп жатыр десек те, өңірде әлі де бірқатар мә­­селелер бар. Атап айтар болсақ, облыстық маңызы бар Мойынқұм ауданы аумағындағы Бірлік – Мо­йын­құм – Ұланбел бағытындағы жол­дардың 220 шақырымынан бастап тозған. Сонымен қатар Сарысу ауданы аумағындағы Тоғызкент – Досбол – Шығанақ – Сарысу бағытындағы жолдардың да сапасы сын көтермейді. Талас ауданынан Мойынқұм ауданына қарай өтетін Ақ­көл – Ойық – Ұланбел жолының да жағдайы осындай. Жолдардың талай жылдан бері жөндеу көрмегені өз алдына, өзі бүлініп жатқан жолдарды ауыр жүк көліктері одан әрі бүлдіруде. Осы жолдар арқылы әрқайсысы 40-50 тонна болатын қытайлық ауыр жүк көліктері Сарысу ауданындағы Шығанақ кен­тінен шығатын тұз­ды көрші Қырғыз Респуб­ли­касына қарай тасымалдайды. Сонымен қатар осы күре жолдар арқылы құ­рылыс заттарын таситын кө­ліктер де қаншама. Ал мұн­дай ауыр жүк көліктерін қа­дағалайтын Жамбыл облысы бойын­ша көліктік бақылау инспекция­сында бар-жоғы үш көлік қана бар екен. Оның өзі республикалық маңызы бар жолдарды қадағалайды. Ал жол бойындағы ауыр жүк көлік­терін қа­­дағалау жергілікті жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасының міндетінде емес. Осы бір мәселеге ал­дағы уақытта жер­гілікті би­лік тарапынан тиісті кө­ңіл бөлінсе, бәлкім өзі жөндеу көр­мей келе жатқан жолдар одан әрі бүлінбес пе еді.

Осы уақытқа дейін Жуа­лы, Та­лас және Сарысу аудандарын өз­ара байланыстыратын облыстық ма­ңызы бар Күйік – Қарабастау – Қаратау – Жаңатас – Саудакент тасжолындағы түйткілді мәселелер жолау­шылардың жан ауруы болып келді. Алайда, бүгінде атал­ған бағыттағы жолдарға ағымдағы жөн­деу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар осы уақытқа дейін орын алып келген тағы бір мәселе – облыстық, аудандық және ауылдық жолдардың, сондай-ақ, елді мекендер ішіндегі шағын көшелердің бәрінің де бірдей жолдар санатында біріктіріліп кетуі еді. Өткен жылы бұл мәселе Жам­был облыстық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары бас­қар­­масының тарапынан реттеліп, жер­гілікті маңызы бар жолдарды тү­гендеу жұ­мыстары жүргізілген. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында аяқта­лып, нәти­жесінде 745 шақы­рым жол заң талапт­арына сәйкестендірілген. Ел­ді­ мекен көшелерінің санаттары ауыс­тырылған.

Басқарманың мәліметінше, бөлін­ген тиісті қаражатқа облыстық маңызы бар жолдар біртіндеп жөнделіп келеді. Мәселен жол мәселесіне байланысты бүгінде өңірде бұрын болмаған үш жоба қолға алынып отыр екен. Оның біріншісі Қырғызстан шекарасына Тараз қаласын оңтүстіктен айналып өту автожолының құрылысы болса, екіншісі Тараз – Сары­кемер – Түймекент – Ақшолақ бағытын жаңғырту және үшіншісі Тараз – Жетібай – Тегістік – Ойық жолдарын жөндеу. Жиырма жылға жуық уақыттан бері жөндеу көрмеген бұл жолдар биыл жөнделіп, халықтың қауіпсіз қатынауына өз ықпалын тигізбек.

 

Жамбыл облысы