Жұмыс жанданса, өмір жақсарады
Жұма, 19 сәуір 2013 0:38
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек облысқа жұмыс сапары барысында алдымен қаладағы №7 кәсіптік лицейге келді. Лицей «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-та жұмыс жасайтын болашақ мамандарды дайындайды.
Осы жердегі «Tekri» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Бұл – интерактивті 3D технологияларын контактісіз басқару жобаларын даярлайтын компания. Біз бұл жайында газетімізде жазған болатынбыз.
Жұма, 19 сәуір 2013 0:38
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек облысқа жұмыс сапары барысында алдымен қаладағы №7 кәсіптік лицейге келді. Лицей «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-та жұмыс жасайтын болашақ мамандарды дайындайды.
Осы жердегі «Tekri» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Бұл – интерактивті 3D технологияларын контактісіз басқару жобаларын даярлайтын компания. Біз бұл жайында газетімізде жазған болатынбыз. Осы күндері «Tekri» ЖШС жасаған инновациялық модульдер кәсіптік және техникалық лицейлер, ірі өнеркәсіп орындарында қолданылуда. Б.Байбек бірегей құрылғылар өндірілетін негізгі өндірістік ғимараттарды аралап көрді. Бұл оқу орнында болашақтарын өндіріспен байланыстырған жастар білім алады. Құрылғылар арқылы оқушылар еш қиындықсыз дәнекерлеу жұмыстарын жүзеге асырады. Оқушылар өндіріс процесін виртуалды түрде сезінеді. «Текри» компаниясының директоры Илья Мухортовтың айтуынша, бірнеше жобалар техникалық білім беру мектептерінің оқыту бағдарламасына енгізіліпті. Технологияның ерекшелігі сол, қиын механизмдерді визуалды түрде жасауға мүмкіндік береді.
Келесі кезекте Б.Байбек қаладағы жастарға қызмет көрсету орталығына келді. Бұл қанатқақты жоба біздің облыста жүзеге асуда. Осы жерде мамандар құқықтық, психологиялық кеңестер береді. Жалпы, мұнда келетін жастарға қызметтің 13 түрі көрсетіледі. Оқу кабинеттерінде 3 тілді үйрену курстары жұмыс істейді. Қызметтің барлық түрі тегін.
Бұдан кейін «Достық үйінде» облыстағы этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесу өтті. «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары этномәдени бірлестіктердің елдегі этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтудағы маңызын атап көрсетті. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қою жоспарланып отырғанын жеткізді.
Түстен кейін Б.Байбек бастаған партиялықтар «Жас ұрпақ» жастар үйіне келді. Парламент Мәжілісі кеше «Кейбір заңнамалық актілерге жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдағаны белгілі. Тәрбиеленуші Полина Цыбулькинаның айтуынша, соған сәйкес пәтер кезегінде тұрған өздері секілділерге біршама жеңілдіктер жасалады. «Бұған аса қуаныштымыз. Өйткені, жасы 23-тен асқан кейбір тағдырластарымыз бес жыл бойы пәтер кезегін күтуде», деді ол. Жастар үйінің тәрбиеленушілері Б.Байбекке бұл жаңалыққа қуанышты екендіктерін жеткізе келіп, өздерін азық-түлікпен қамтамасыз ететін жылыжай керек екенін де жасырмады. Сөйтіп, енді бұл мәселе жергілікті мәслихат депутаттарының талқылауына ұласып, сол арқылы жылыжай салуға қажетті қаржы қарастырылмақшы. Б.Байбекті отбасынан тыс ортада тәрбиеленіп жатқан балалардың тұрмысы, күнделікті өмірі қызықтырды. Жатын орын, тамақтану бөлмелерін аралады.
Сапар соңы облыстық партия активімен кездесумен аяқталды. Шара барысында партияның алдағы уақыттағы басты міндеттері атап көрсетілді. Олардың ішінде өңірлердегі жұмысты күшейту, мемлекеттік органдар жұмысына бақылауды арттыру, қоғам мен билік арасындағы кері байланысты нығайту, үкіметтік емес ұйымдар және жастар ұйымдарымен жүйелі байланыс орнату жайы талқыланды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.