Аймақтар • 13 Тамыз, 2019

Қарағанды вокзалы қыркүйекте есік ашады

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды темір жол вокзалында қайта жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Күрделі жөндеуден өткеннен кейін аталған нысанның өткізу қабілеті екі есеге өсіп, тәулігіне ол 8000 жолаушыны құрайтын болады.

 

Қарағанды вокзалы қыркүйекте есік ашады

«ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Қарағанды магистральдік желі бөлімі» вокзалдық шаруашылық жөніндегі директордың орынбасары Өміртай Шериязданов мәлімдегендей, жаңғыртылған вокзал қыркүйек айында жолаушыларды қабылдай бастайды.

– Вокзалдың ескі ғимаратында жұмыс 70-80% аяқталды. Белгіленген мерзім ішінде үлгеру үшін құрылыс материалдарын жеткізу жеделдетілді, бригадалардағы адамдар саны арттырылды. Бүгінде эскалаторлар орнатылып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бөлмелер, олардың жүгін қабылдайтын арнайы орындар әзірленіп жатыр. Вокзалдың жаңа терминалының құрылысы қазан айында аяқталуы тиіс, – деді ол.

Өміртай Шерияздановтың айтуынша, Қарағанды теміржол вокзалы қайта жаңартылғаннан кейін сән-салтанаты бойынша еліміздегі ең үздік керуен сарайларының бірі болмақшы. Мысалы, ғимаратты әрлеу жұмыстарына заманауи материалдар, атап айтқанда, табиғи тасқа ұқсастығы өте жақын травертин қолданылып жатыр. Айта кететін тағы бір жайт,  жаңартудан кейін ғимарат тарихи архитектуралық келбетін жоғалтпайтын болады. Вокзал қасбетінің стилі өзгеріске ұшырамайды, ал ғимарат ішіндегі бірегей өрнектелген жапсырмалар сақтаулы күйінде қалады.

Ғимараттың үш қабатты жаңа қанатында кассалар, күту залдары, медпункт, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған демалыс бөлмесі, ана мен бала бөлмесі, фудкорттар мен сауда дүңгіршектері орналасады. Жолаушылар перронға жер үсті өткелдері бойынша түсетін болады. Бір сөзбен айтқанда, вокзалдың келушілер үшін ыңғайлы, қауіпсіз әрі кең болуы басты мақсат етіп қойылған.

Темір жол вокзалының жағыртылуы өңір басшылығының жіті назарында. Таяуда облыс әкімі Ерлан Қошанов ғимараттағы құрылыс жұмыстарымен танысып, мердігер компания басшыларына бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, ол жұмыс кестесінің сақталып, жөндеу жұмыстарының жыл соңына дейін толықтай аяқталу керектігін еске салды. Сондай-ақ, өңір басшысы жұмыс барысында туындаған барлық мәселелерді жедел шешіп отыруды шегелеп тапсырды.

 

 

Қарағанды облысы