Аймақтар • 13 Тамыз, 2019

Қарағанды облысында 1-сынып оқушылары оқулықтармен қамтамасыз етіледі

725 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Қарағанды облысында 25 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттайды. Бірінші сынып партасына отыратындардың 812-і бес жастағы балалар.

 

Қарағанды облысында 1-сынып оқушылары оқулықтармен қамтамасыз етіледі

Таяуда облыстық әкімдікте өткен аппарат жиынында білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев жаңа оқу жылында өңірдегі бірінші сынып балаларының оқулықтармен тегін қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ, 1-ші және 4-сынып оқушыларына барлық пәндер бойынша жұмыс дәптерлері, 2-ші және 3-сынып оқушыларына ағылшын тілі мен өзін-өзі тану бойынша жұмыс дәптерлері таратылады.

Сонымен қатар, қанатқақты жоба аясындағы мектептердің оқушылары информатика, химия, физика және биология пәндерінен екі тілде жазылған оқулықтармен қамтылады. Түзету мектептерінің оқушыларына 2-ші, 5-ші және 7-сыныптарға арналған оқулықтар тегін беріледі.

Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, биыл облыста 186 білім беру мекемесіне жөндеу жүргізілген, оның ішінде 143 мектеп, 18 балабақша, алты интернат және үш колледж бар.

Орталық жылу жүйесі жоқ мектептер 15 қыркүйекке дейін көмірмен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі таңда қысқы көмір қоры 62,5 мың тоннаны құрайды, ол жалпы қажеттіліктің 56%-ы.

1 қыркүйек күні өңірде екі жаңа мектеп ашылады: оның бірі Қарағанды қаласындағы Панель-орталық шағын ауданында бой көтерген 1200 орындық мектеп болса, екіншісі Теміртауда 600 оқушыға лайықталып салынған жаңа білім беру ошағы.

Айта кету керек, Қарағанды облысында барлығы 509 мектеп пен 540 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді.

Қарағанды облысы