«Бірлік» партиясы құрылды
Сенбі, 27 сәуір 2013 3:12
Бұл «Руханият» және «Әділет» партияларының бірігуі нәтижесінде жүзеге асты
Қоғамның даму үдерісінде партиялардың құрылуы мен таралуы заңдылық. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған тұста өз жолын таңдап, жарқын бастамаларды жүзеге асыра бастады. Осы істерді жүйелі ұйымдастыру үшін белгілі бір партиялардың ықпалы қажет болды. Сөйтіп, көпшілік дауысымен партиялар құрылды. Олар мемлекетіміз дамуына ықпал ететін бағдарламалардың өркен жаюына бірлесіп кірісті. Ал кейбір жекелеген партиялар уақыт өте келе бірігіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. Нақты айтқанда, азаматтық қоғам белсенділігінің арта түсуі, оның маңызы мен рөлі күн өткен сайын жаңа қырынан көрініп, тепе-теңдік заңдылығын бұзған жоқ.
Сенбі, 27 сәуір 2013 3:12
Бұл «Руханият» және «Әділет» партияларының бірігуі нәтижесінде жүзеге асты
Қоғамның даму үдерісінде партиялардың құрылуы мен таралуы заңдылық. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған тұста өз жолын таңдап, жарқын бастамаларды жүзеге асыра бастады. Осы істерді жүйелі ұйымдастыру үшін белгілі бір партиялардың ықпалы қажет болды. Сөйтіп, көпшілік дауысымен партиялар құрылды. Олар мемлекетіміз дамуына ықпал ететін бағдарламалардың өркен жаюына бірлесіп кірісті. Ал кейбір жекелеген партиялар уақыт өте келе бірігіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. Нақты айтқанда, азаматтық қоғам белсенділігінің арта түсуі, оның маңызы мен рөлі күн өткен сайын жаңа қырынан көрініп, тепе-теңдік заңдылығын бұзған жоқ.
Бұл орайда үкіметтік емес сектордың да үлесі басым болды. Ал негізінен мүдделес партиялар елді серпінді жаңғырту идеясын қолдай отырып, мынадай басым бағытты ұстанды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағыты аясына жалпыұлттық топтасудың идеялық және ұйымдастырушылық негізін нығайту; қазақстандық қоғамның негізгі құндылықтарын одан әрі дамыту; мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын арттыру. Міне, алға ұстанған негізгі тұғырлар осындай. Ең бастысы, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын тиімді іске асыру қажет. Осы миссияның ойдағыдай іске асуы үшін партиялар мүшесінің белсенділігі ерекше рөл атқарады. Алда мұнан да өзге сан алуан міндеттер тұр. Көп біріксе, алынбайтын қамал жоқ демекші, кеше ғана «Руханият» пен «Әділеттің» бірігіп, жаңа «Бірлік» партиясы аясына топтасуы біздің ел алға қойған міндеттерді орындау мақсатынан туындап отырған жайт екені анық. Бұрын «Әділет» партиясында 70 мың, ал «Руханият» партиясында 72 мың мүше болған екен. Енді екі партия бірігу арқылы олардың қатары екі еседей артты. Кеше «Руханият» партиясы өткізген кезектен тыс съезде осыған екпін беріліп, ортақ істі бірлесіп атқаруға уағдаласылды.
Сонымен, «Бірлік» партиясының төрағасы болып Серік Сұлтанғали сайланды. Көпшіліктің сеніміне ие болған С.Сұлтанғали жылы лебізін білдіріп, алда тұрған міндеттерді мәлімдеді: «Жаңадан құрылған «Бірлік» партиясы алдымен бұқара қамын ойлайды. Соның ішінде жастар мәселесі мен елді мекендегі тіршілікті назардан қағыс қалдырмаймыз. Ал құқықтық тәртіпті қадағалауда біздің партия құрамындағы мүшелердің біліктілігі жетеді. Демек, біз әрбір істі өз дәрежесінде орындайтын боламыз», деді ол.
Жаңа партия құрылды. Осыған байланысты белгілі азаматтардың пікірін сұрап білген едік.
Болат Сұлтанов, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры: «Әділет» және «Руханият» партиялар жаңадан қолға алатын істерін ұтымды жүзеге асыру мақсатында бірігіп отыр. Бұл өз кезегінде сайлау науқанында айрықша сипатқа ие болады. Сондықтан олардың қайта құрылымдалуы заңдылық. Ең бастысы, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді сәтті орындап шығу мақсатын көздейді.
Камал Бұрханов, Парламент Мәжілісінің депутаты: Ел тәуелсіздігінің жарқын белесінде қолға алынған істерді көптеп айтуға болады. Соның бәрінде халқымыздың үлесі мол. Алда мұнан да үлкен жұмыстар тұр. Экономикамызды әртараптандыру, өндіріс орындары аясын кеңейту, міне, біздің негізгі міндеттеріміз осындай. Осы істерді жүйелі атқаруда еліміздегі партиялардың да үлесі мол болмақ. Сондықтан, күш біріктіріп «Бірлік» партиясының аясына топтасқан бұрынғы «Әділет» пен «Руханияттың» бұл қадамы өте орынды деп білемін. Естеріңізде болса, Парламент сайлауында екі партия да дауыс жинай алмаған еді. Енді олар ортақ мақсаттарын бірлесіп жүзеге асырады.
Қазір дүние жүзіндегі дағдарыс кімді де болса ойлантпай қоймайды. Біздің Елбасы осының алдын алу үшін батыл қадамдарға барып, бірқатар істердің сәтті орындалуына бастамашы болды. Сондықтан да жоспарланған жұмыстарды одан әрі сәтті жалғастыру үшін біздің барлығымызға ұйымшылдық қажет. Ол бірлік елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бірден-бір ықпал жасайды.
Ботакөз Рақышева, «Цесси-Қазақстан» әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры: Біздің еліміз алға жылжыған сайын оның күнделікті өмірінде тың жаңалықтар болып жатыр. Мәселен, кеше ғана «Әділет» пен «Руханияттың» бірігуі еліміз тарихындағы елеулі оқиға болды. Жалпы, демократиясы дамыған мемлекеттерде ортақ істі партиялар бірлесе атқаруды көздейді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңадан құрылған «Бірлік» партиясының алдында үлкен міндеттер тұр. Ол – ел дамуының басым бағытын көздейтін бағдарламаларды аяғына дейін жеткізу, ұлттық бірліктің берік діңгегін шайқалтпау. Жалпы, тұрақтылық, татулық, топтасқандық қоғамға қай кезде де керек. Әсіресе, қазіргідей дағдарыс сынында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» ләзім. Осындай жауапты кезеңде әрбір қазақстандықтың қастерлі құндылықтарды қорғауы іргелі табыстарға жетелейді. Бұл ретте, көпшілік бүгінгі биіктікке оп-оңай жетпегенімізді ескергені жөн. Ол Елбасының сындарлы саясатының арқасында сәтті жүзеге асырылды. Сол баға жетпес игілікті еліміз партиялары қадірлей де қастерлей білулері тиіс.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,
«Егемен Қазақстан».