Білім саласында биыл қандай бетбұрыстар жасалмақ? Жаңа оқу жылында нендей жаңалықтар бар? Осы сұрақтың барлығына жауап табылатын, алдағы бағыт-бағдар айқындалатын конференциядан аталған саланың қазанында қайнап жүрген қауым не күтеді?
Республикалық білім саласы сарапшылары қауымдастығының төрағасы, РһD докторы Ғани Бектайұлы болашағымызды қалыптастыратын білім беру саласын алға сүйреу, сапасын бәріміз қалайтын жоғары сатыға көтеру ортақ жүкті жұмыла көтере білуге байланысты екенін айтады. Себебі статистикалық мәліметтерге жүгінсек, бір ғана Білім және ғылым министрлігінің қызметі 5,5 млн адаммен тікелей қарым-қатынаста атқарылады. Оның 2,8 млн-ы – мектеп оқушылары. «Бұл санға педагогтар, балабақша тәрбиеленушілері, колледж, ЖОО студенттері және ата-аналар қосылмады. Бүгінгі жылдам өзгерістер мен инновацияның қарыштап дамыған ХХІ ғасырындағы білім жүйесіне түсер жүк салмағының сансыз есе артуын есептеңіз. Бұл орайда мұғалімдерінің ең төменгі айлық жалақысы ұлттық валютамен есептегенде 600 мың теңгені құрайтын алдыңғы қатарлы озық мемлекеттерді атаудың өзі артық болар», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, егер де еліміздің тағдырын ойласақ, ұл-қызымыздың болашағы жарқын, мақсат-мұраттары айқын, әлемдік бәсекеге дайын болуын қаласақ, онда билік пен халық бірлесе отырып білім саласына көмекке келуі керек. Яғни оған қызмет етуге дайын болған абзал. Өйткені онда өзге елдің, өзге планетаның емес, сіз бен біздің ұрпағымыз білім алып жатыр. Осыған орай Ғ.Бектайұлы биылғы Тамыз кеңесінен елеулі өзгерістер күтетінін жеткізді.
Атап айтқанда, ел мұғалімдерінің орташа айлық жалақысының мөлшері республикалық орташа айлық жалақы көрсеткішімен тең болса игі. Екіншіден, мектепті артық функциялардан арылтып, санитарлық, өрт қауіпсіздігін тексерушілердің айыппұл салуын тоқтату керек. Мәселен, Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың жаңа ережесі бойынша мектеп директорына 500 мың теңгеге дейін айыппұл салу көзделген. 150 мың теңгедей ғана айлығы бар басшы бұл қаржыны қайдан алмақ? Демек, мектептегі жемқорлықты дамытуға қолдан ықпал етіп жатырмыз. Үшіншіден, білімді басқарудағы қателіктерді түзеу қажет. Бұл үшін білім кеңістігінде сапаға ықпал ететін, бір-бірінен тәуелсіз үш ірі институт жүйелі жұмыс жүргізгені жөн, яғни Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық білім академиясы, Білім саласының сарапшылар қауымдастығы. Олар нендей қызмет атқармақ? Білім министрлігінің қызметі – бақылау, нормативті-құқықтық негіздегі қызмет. Ұлттық білім академиясы – ғылыми-әдістемелік негіздегі қызмет. Білім саласы сарапшыларының қауымдастығы – тәуелсіз талдау жасау негізіндегі қызмет.
Ал Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы жаңа министрдің қабылдауында болғанын, кездесуде ведомство басшысының білім саласында көтерген мәселелермен келіскенін жеткізді. Десе де, өзінің осы мәслихаттан айтарлықтай оң өзгеріс күтпейтінін айтады.
Осы орайда білім саласының әр деңгейінде еңбек етіп жүрген мамандардың пайымына құлақ түрген едік.
Тәрбиеші туралы бап керек
Ақжайық САБЫРБЕКҚЫЗЫ,
Қызылорда облысындағы «Бегім ана» балабақшасының тәрбиешісі
Мектепке дейінгі білім – барлық білім беру жүйесінің іргетасы. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы арқылы мектепке дейінгі ұйымдарға қоғамның көзқарасы біршама оңалды. Қазір аталған бағдарламаның негізінде 3-6 жастағы балаларды қамту 95 пайызға жетіп отыр. Десе де, әлі атқарылар шаруа шаш-етектен. Соның бір парасына тоқталсам, «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Сан бар, сапа қайда?» атты мақалада көтерілген «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына тәрбиеші туралы арнайы бап қосу керектігі туралы ұсыныс – барша әріптестерімнің қалауы. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі жұмысына салғырт қарайтын кей жандардың кесірінен біз секілді жас та болса кәсіби, сондай-ақ бала тәрбиесіне қаншама жылын арнаған майталман мамандардың мәртебесі төмендеп барады.
Адам өз саласында жақсы нәтижеге қол жеткізу жолында жан-жақты ізденіп жүрсе де, кедергі келтіретін жайттар болады. Соның бірі – мемлекеттік балабақшалардың материалдық-техникалық базасы. Қазір бізге қойылатын талап – өте күшті, бірінші сыныпқа әріптерді танып, тілі дамып, қарапайым математикалық ұғымдарды меңгеріп алған баланы дайындауымыз керек. Бұл үшін әр топ интерактивті тақта, роботтехника құралдары, балалар деңгейіне сай зерттеу жұмыстарын жүргізу мен экперимент жасауға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілуі керек. Ал оны алуға азғантай айлығымыз жетпейді.
Сонымен қатар балабақшаларды жөнсіз тексерістерден құтқаратын талаптың заңдық күші болса дейміз.
Мектеп тілі – мемлекеттік тіл
Аятжан АХМЕТЖАН,
химия пәнінің мұғалімі, республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры
Мектептегі мемлекеттік тілдің бағы ашылмай тұр. Үш тұғырлы тіл ұғымы қазақ тіліне қызмет етпейді. Әліппе қайта орала ма? Орыс тілді мектепті бітіргендердің дені шетел асады, түлектері мемлекеттік тілде сөйлемейді. Мұндай мектептер бізге керек пе? Қазақ баласы аударма негізінде әлем әдебиетін оқитын күн туа ма? Мектепке барған, буыны қатып, санасы жалғыз тілде қалыптаспаған балаға үш тілді тықпалаған өрескел педагогикалық қателік күшін жоя ма? Мемлекеттік грант бөлуде қазақ тілінде оқуға түсуден орыс тілінде оқуға түсу жеңіл.
Бұл – білім саласында тек тілдің айналасында туындаған күрделі мәселелер.
Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов өткен айда академик Асқар Жұмаділдаев бастаған ағаларымызды жинап, тіл төңірегінде біраз мәселені талқылады. Сол кезде байқағаным, ведомство басшысы көп дүниені шешуге, реттеуге ниетті. Білім саласындағы сарапшы мамандарды жинағанда да көп дүниенің басын ашты. Бұл көңілге жылылық ұялатады.
Жұртты ең көп алаңдататыны – тіл мәселесі. Себебі мектепте екінші сортты болса, ол тіл ешқашан мемлекеттік тіл болмайды. Алаш көсемі Ә.Бөкейханның тілімен айтсақ: «Қазақ тілі ғылым-білім мен экономиканың тіліне айналмай, шынайы мемлекеттік тіл болмайды». Бұл үшін әрине мектептегі мемлекеттік тіл мәселесі шынайы шешілуі керек.
Министр білім саласындағы қазақ тіліне байланысты мәселелерге, әліппе мен гранттың тілдік нормасына, өзге тілді мектептер мен аралас мектептердегі «тілдік басқыншылық» мәселесіне, үш тұғырлы тіл проблемасына нүкте қояр деп ойлаймын. Биылғы тамыз кеңесі жыр болған білім саласындағы мәселелерге жаңа серпін әкелсе деген тілегім бар.
Грантқа талас тартысты болмай тұр
Рахман АЛШАНОВ,
Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті
Жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру жүйесін деңгей-деңгей бойынша сараласақ, мектептегі білім сапасынан аттап кетуге болмайды. Алтын белгі иегерлері 2015 жылы 1,5 мыңның шамасында болса, биыл 6600 болды. 4 есе өсті. Қазір бакалавриатқа түскендердің басым бөлігі білімін ақтай алмай жатыр. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орнындағы білім сапасына әсер етеді.
Бакалавриатқа грант жеткілікті бөлінді. 54 мыңға жуық грантқа 64 мыңнан аса адам таласты. 1 орынға 2 адам да ортақтаспайды. Ертең оларды жұмыспен қамту мәселесі қалай болады? Биыл, мәселен, роботтехникаға мың грант бөлінді. Оқу бітіргенде кәсіпорындар жұмыс бере ме? Талапкерлер грантқа емес, мемлекетке қажетті мамандыққа бет бұруы, жұмыс орнын көздеп келуі керек.
«Серпін» бағдарламасы – өте маңызды жоба. Бірақ әлі де өз жолын, жүйелі бағытын таба алмай келеді. Бөлінген орын игерілмей қалады. Осыны дұрыс жолға қойған жөн.
Ал магистратураның биыл енгізген талабын жақсылап бақылау қажет. Қоғамнан, тапсырып көргендер мен қабылдаған кафедралардан арнайы сауалдамалар алынуы тиіс. Ондағы ескертулер мен шағымдар өзгерістерді нақтылауға негіз болуы керек.
Докторантурадағы ағылшын тілін білетіні туралы халықаралық сертификатты талап ету мәселесін әлі де егжей-тегжей қарау қажет. Бізге көптеген үміткер хабарласып, шағымын жеткізуде. Көбі қаңтарда жарияланған жаңалықты дер кезінде естігенімен, не дайындалып, не сертификатқа емтихан тапсырып үлгермеген. Өйткені мұндай халықаралық емтиханды қабылдайтын орталықтардың жұмыс уақыты, сертификатты беретін мерзімі, талаптары бар. Олар бізге бағынбайды. Оны биылдан бастап бірден енгізу қателік болды. Бұл біраз таланттарға тұсау болғалы тұр.