Үкімет • 14 Тамыз, 2019

Тапсырмалар уақтылы орындалуы тиіс

212 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі – 4,2 пайызды құрады. Бұл туралы кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеңінен баяндалды. Жиын барысында қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу қорытындысы шығарылды. Сондай-ақ жаңа 2019-2020 оқу жылына дайындық барысы талқыланды.

Тапсырмалар уақтылы орындалуы тиіс

Көрсеткіштері төмен облыстар анықталды

Алдымен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов аталған мерзім аралығындағы елдің экономикалық жағдайын баяндады. Онда өнеркәсіптегі, құрылыстағы және көрсетілетін қызметтер саласындағы оң көр­сеткіштер орын алғанын, сон­дай-ақ ауыл шаруашылығы мен негізгі капиталға салынған ин­вес­тициялардың тұрақты қарқы­нымен қамтамасыз етілгенін атады. Аталған министрлік келтірген дерек бойынша инвестиция тарту үдерісі әдеттегідей қарқынмен жүзеге асуда.

Ауыл шаруашылығына тар­тыл­ған инвестициялар көлемі − 61,4%-ға, құрылыс саласында − 46,3%, сауда саласында − 23% және өнеркәсіпте 8,9%-ға өскен. Ұлттық экономика министрі 7 айдың қорытындысы бойынша көптеген көрсеткіштерде оң қарқын сақталғанын атап өтті. Десе де назарға алар мәселелер де бар­шылық. Р.Дәленовтің айтуынша, орталық және жер­гілік­ті атқарушы органдар алдағы уақытта экономикалық көрсет­кіш­тердің өсуін, инвести­циялық жобаларды бақылауды қам­тамасыз етуге, құрылыс және ауылшаруашылық жұмыс­тары­­ның маусымын барынша пысықтауға және инфляцияны ба­қы­лауды күшейтуге назар ауда­руы тиіс. Сонымен қатар министр баяндамасында көрсеткіші төмен өңірлерді де жіпке тізді. Белгілі болғандай, өнеркәсіп саласы бойынша Қызылорда облысы – 9,6%, Батыс Қазақстан облысында – 3,8%, Маңғыстау облысында 1,4% төмен динамика байқалады. Аталған өңірлерде мұнай және газ конденсатын өндіру қысқарған. Ал өнеркәсіп, өңдеу, кен өндіру, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру және инвестиция тарту бо­йынша көш ілгері келе жатқан өңірлердің қатарында Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары бар. Сондай-ақ керісінше атал­ған салалар Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қала­лар­ында тұралап тұрғаны белгілі болды.

Жиында сөз алған Қаржы ми­нистрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов осы жыл­дың 7 айындағы мемлекет­тік бюджеттің орындалу қоры­тын­дысы туралы есеп берді. Баян­дамада айтылғандай, осы мерзім аралығында мемлекеттік бюджет кірістерінің өсімі 14,5%, рес­публикалық бюджет өсімі 18% және жер­гілікті бюджет өсімі 6% болды.

− Есепті кезеңде мемлекеттік бюд­жетке 4 трлн 984 млрд теңге көлемінде немесе жоспарға шақ­қанда 103,6% кіріс түсті. Соны­мен қатар республикалық бюд­жет шығыстары 98,9%-ға иге­рілді. «Нұрлы жол» мемлекет­тік бағдарламасы бойынша 2019 жылға 555 млрд теңге қарас­ты­рылған, оның 272,5 млрд теңгесі игерілді, – деді Б.Шолпанқұлов.

 

Инфляцияның өсу себебі белгілі болды

Үкімет отырысында көтерілген тақырыпты тарқату үшін сөз алған Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев биылғы шілде айында айлық инфляция 0,2%-ды құрағанын, жылдық инфляция 5,4% деңгейінде сақталғанын айтты. Инфляцияның туындауына шілдеде 8,7%-ға жеткен азық-түлік тауарлары бағасының өсуі негізгі себеп болыпты.

−Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы қалыпты өсу қар­қынын көрсетті. Ал ақылы қыз­меттер бағасының серпіні тарихи минимумда сақталды. Халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі аясында тұтынушылық сұраныстың кеңеюі инфляцияның жылдам өсуінің негізгі себебі болып қалады. Осыған орай Үкіметтен ин­фляцияның өсуіне көбірек ық­пал еткен жекелеген тауарлар бағасын бақылау шараларын күшейтуді сұраймыз, – деді Е.Досаев. Сонымен қатар Ұлт­тық банк төрағасы ішкі валюта нарығындағы ахуал көп жағдайда сыртқы факторлардың ықпалында екендігін хабарлады.

− Сыртқы сектордағы жағдай тұрақсыз. Мұнай бағасы құбылып тұр. Айта кетерлігі, 31 шілде –
7 тамыз аралығында мұнайдың әлемдік бағасы 1 баррельге 65,2 АҚШ долларынан 56,2 АҚШ долларына дейін күрт төмендеді. Бұл АҚШ Президентінің Қытай тауарларына баж салығын енгізу туралы мәлімдемесінен кейін болған ахуал. 2019 жылғы 9 тамыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы бір баррельге 58,5 АҚШ долларына дейін өсті, – деп түсініктеме берді бас банкир. Ұлттық Банк басшысы атап өткендей, Ресей рублі айдың басынан бастап 9 тамызға дейін бір АҚШ доллары үшін 63,4 рубльден 65,1 рубльге – 2,8%-ға әлсіреген. Сондай-ақ Ұлттық банктің алтын валюта резервтері 2019 жылғы 1 тамызда 27,7 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Баяндамада елдегі несие және депозит нарықтарының ахуалы турасында да мәліметтер айтылды.

− Банктер несие беру бел­сен­ділігін ұлғайтып келеді. Сәуір-маусым айларында жүргізілген банктерді қалыпқа келтіруден кейін несиелік портфель 3,5%-ға немесе 433,6 млрд теңгеге жет­ті. Яғни, 12,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ұзақ мерзімді несиелер – 11,0 трлн теңге, қысқа мер­зімді несиелер – 1,9 трлн теңге­ге тең болды. Бизнес үшін несие­лерге қолжетімділік артуда: маусымда теңгемен берілген несие­лер бойынша мөлшерлеме өткен жыл­ғы маусымдағы 12,5%-бен са­лыстырғанда 11,7%-ға дейін төмендеді, − деді бас банкир.

Бел­гілі болғандай, несие сая­са­тының жақсаруына қор­лан­­дыру базасының сапалы түрде жақ­саруы ықпал етіп отыр. Еу­ро­облигацияларды өтеу, сондай-ақ жекелеген ірі салым­шы­лар­дың валюталық депозиттерді ше­тел­дік қаржы ұйымдарына ау­да­­руы нәтижесінде шетел валю­та­­сындағы депозиттер 19,8%-ға қысқарған. Соның салдарынан, депозиттерді долларландыру мау­сымның соңында 41,6%-ға дейін төмендепті.

Бөлінген қаражаттың игерілмеуіне кім жауапты?

Үкімет басшысы Асқар Ма­мин 7 айдың қорытындысы бо­йынша бюджет қаржысын уақы­тында игермеген министрліктер мен өңірлерден мәселенің анық-қанығын сұрады. Бөлінген қа­ражатты игере алмағандардың көш басында Ішкі істер ми­нис­трлігі тұр. Бұл министрлік 9 млрд тең­гені игермеген. Келесі кезекте игерілмеген 7 млрд теңге Ауыл ша­руашылығы министрлігіне тие­сілі болып шықты. Ауыл шаруа­шылығы министрі Са­пархан Омаров актілерді рәсім­деудің біт­пеуіне байланысты қаражат иге­рілмегенін, осы айда жағ­дай дұрысталатынын айтты. Цифр­лы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­­нис­трі Асқар Жұмағалиев иге­­ріл­меген 6 млрд теңгенің мәсе­­лесі осы тоқсанда шешімін таба­­тынын жеткізсе, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлова 4 млрд теңге бюджет қаржысы жалпы үнемдеу рәсім­деріне және конкурсқа қатысушылардың арыздарына қатысты конкурс мерзімдерінің ұзар­тылуына, гастрольдер шы­ғыстары кестесінің өзгеруіне бай­ланысты игерілмегенін айтып, бір айдың ішінде бұл мәсе­ле шешіледі деп жауап берді. Қаржы министрлігі қаражаттың игерілмеу себебін «уақытында төленбеген актілер» деп көрсетсе, Қорғаныс министрлігі 3,5 млрд теңге жеткізушілермен келі­сім­шарттардың орындалу мерзімі кешіктірілуіне байланысты екенін айтты. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 3,3 млрд теңге үнемдеуге байланысты студенттердің контингенті, жазғы сессияларға, стипендияға байланысты екенін, 1 айда тиісті шара қолданатынын жеткізсе, 3 млрд теңге игермеген Әділет министрлігі 2 млрд теңге арбитраж бен соттарға байланысты екенін, ал қалған бөлігі келесі тоқсанда игерілетінін айтып сендірді. Бұл тізімге Нұр-Сұлтан қаласы да еніп отыр. Елорданы дамытуға бөлінген ақшаның 5 млрд теңгесі тиісті жұмыстарға жұмсалмапты. Қала басшысы Алтай Көлгінов инженерлік желілерге байланысты мәселені осы тоқсанда шешілетінін айтты. Сонымен қатар Премьер Түр­кістан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеевтен игерілмеген 3,9 млрд теңгенің есебін сұрады. «Шы­ғыстар 96% игерілген. Игеріл­меген 4 млрд теңгенің басым бөлігі объективті жағдайларға бай­ланысты. Бір айда игереміз», деді өңір басшысы. Ал Қызыл­орда облысының әкімі Қуаныш­бек Ысқақов игерілмеген 2 млрд теңге конкурстардың аяқтал­мауына, сот процестеріне, мем­ле­кеттік аудит орындары тексе­руіне, тауар жеткізушілердің мер­ді­герлерлік міндеттерін уақы­тында орындамауына байланысты деп түсіндірді. Мән-жайға қанық болған Үкімет басшысы игерілмеген ақшаға қатысты мә­се­ле жақын арада оң шешілуге тиіс деп тапсырды.

 

Оқу жылына мектептердің 85%-ы ғана дайын

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе − жаңа оқу жылының бас­талуына дайындық шараларына қатысты. Тақырыпты тарқатқан Білім және ғылым министрі Ас­хат Аймағамбетовтың айтуын­ша, республика бойынша биыл жаңа оқу жылында оқитын оқушы­лар­дың саны 3 миллионнан асады.

− Білім және ғылым минис­тр­лігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындалу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Осы жерде ең маңызды бағыттарды атап өтсем: оқулықтармен қамтамасыз ету жұмысы, білім беру нысандарын пайдалануға беру, балаларды тасымалдауды ұйымдастыру мәселелері. Мектепке дейінгі тәрбие бойынша айтар болсам, 2018 жылғымен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйымдар желісі 279-ға көбейді. Сондай-ақ 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95,2 пайызды құрайды. Қабылданған шараларға қарамастан, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қала­­лар­ының, Түркістан мен Ал­маты облыстарының мектепке де­йінгі ұйымдарында кезек әлі де сақталуда, – деді минис­тр. А.Ай­ма­ғамбетовтың айтуына қа­ра­ғанда, мемлекеттік бала­бақ­­ша­ларға ағымдағы жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілген. 49 ба­лабақ­шаға күрделі жөндеу жасауды жос­пар­лаған. Оның 33-інде күрделі жөндеу жұмыстары аяқ­талған.

− 2016 мемлекеттік мектеп жұ­мыс істейтін болады. Жаңа оқу жылында мектептерге 3 млн-нан астам бала келеді. 405 мыңнан астам бала мектеп табал­ды­ры­ғын алғаш рет аттайды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыс­тырғанда 20 мыңға көп, – деді министр.

Тақырыпты қорытындылау барысында Асқар Мамин 1 қыр­­күйекке дейін білім беру ұйым­­дары жұмысты бастауға 100% дайын болуы керек екенін жет­кізді. «Барлық мектептердің 85%-ы ғана жаңа оқу жылын бас­тауға дайын. Әкімдерге қойы­ла­тын міндет – барлық білім беру ұйымдары жұмысты бастауға 100% дайын болуы керек», деген Үкімет басшысы бұл мәселені шешуді тиісті министрлікке және өңір басшыларына тапсырды.