Аймақтар • 14 Тамыз, 2019

Жастарға жігер берген «Жас кәсіпкер» жобасының шарапаты мол

217 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл жоба байырғы «Бастау» жобасына біршама ұқсас. Мәселен, жаңадан жеке кәсібін бастауға ұмтылған жастарға бағыт берудің, оқытудың құрамдас бөліктері қамтылған. Осы жоба арқылы жас қауым жаңа білім мен дағдыларды үйреніп, жеке кәсіптерін аша алады.

Жастарға жігер берген «Жас кәсіпкер» жобасының шарапаты мол

Бұландының жастары осы жоба бойынша тәп-тәуір жұмыс істеу­де. Мы­салы, осы аудандағы Мат ауы­лы­ның тұрғыны Мәдина Бибатырова авто­көліктердің дөңгелегін жөндейтін шағын цех ашып алған.

– Ағам Бақтияр мен інім Ахмедияр көмектеседі деп үміттеніп отырмын. Бақтияр ағам «Партизанка» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейді. Бала кезінен техникаға жақын. Ал 21 жастағы інім Ахмедияр Нұр-Сұлтан қаласындағы техникалық колледжді бітірген, мамандығы – автомеханик. Алдымыздан мол мүмкіндік туғызып отырған Жастар жылының шарапатын біз де көрейік деп қолы­мыздан келгенінше тырбанып тіршілік етпекшіміз. Ең алдымен мемлекеттің қамқорлығына шынайы алғысымызды білдіргеніміз жөн, – дейді М.Бибатырова. – Екі қолға бір күрек таба алмай отырған ауыл жастары үшін қолтықтарынан демей­тін, жебейтін періштенің көмегі дерсіз. Біз, мінекей, қайтарымсыз 1 мил­лион теңге алып жатырмыз. Оның алғашқы 500 мың теңгесі қолымызға тиді.

Сол 500 мың теңгеге ағайынды жас кәсіпкерлер ең алдымен шеберханаға қажетті құрал-жабдықтар сатып ал­ған. Мат елді мекені шағын ауыл бол­ған­мен, іргедегі Шұбарағаш, Ор­тақ­шыл, Партизанка, Отрарный елді мекен­дерінің көлік иелері атізін суыт­пай келеріне күмән жоқ. Олай бола­тындығы, бұл төңіректе дәл осындай басқа цех жоқ екен. Мұндай қызмет аудан орталығы Макин қаласында ғана көрсетіледі. Қысылтаяңда алыс­қа ат арытқанша, іргедегі цехтың қыз­метіне жүгінген көп жақсы емес пе? Ке­лесі 500 мың теңге қолдарына тиген соң, жас кәсіпкерлер цехқа қажетті бас­қа да құрал-жабдықтарды сатып алмақ.

Қағаз жұмыстарын үйлестіріп, ағасы мен інісінің жұмысына дем беріп отырған Мәдина Сүлейменқызының өзі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тұран» университетін бітірген. Кіріс-шы­ғыс­­тың, алыс-берістің жөн-жобасын жақ­­сы білетін есепші. Кәсіпкерлікке бел шешіп кіріскен соң, есеп-қисапқа жүгін­бей тағы болмайды. «Егер іс сәті­мен басталып жүріп кетсе, осы ба­ғытта жұмыс ауқымын кеңейте түсер едік», дейді олар.

Жастар жылында дәл осылай же­ке кәсіппен шұғылдануға бекініп отыр­ғандардың бірі – Салтанат Жүсіпбекова. Салтанат Макин қала­сында тұрады. Аудандық әкімдікке өтініш жазбас бұрын оң-солын барлап қараған. Бір қарағанда, өңірде бизнестің бар саласы қамтылған тә­різді. Дегенмен, зерек көңілді жас ха­лық­қа қызмет көрсету ісіндегі кей­бір олқы тұстарды ойлана-ойлана тап­қандай болды. Әйел адам болған соң, кондитерлік тағам өнімдерінің азды­ғына көңіл аударды. Оның үстіне бұл маңайдағы халықтың мерекелік дастарқандары нақ бір үлкен қалалардағыдай жарқырай-жайнап тұрмайды. Бұл жерге де ілкімді қолдың табы қажет.

Осылайша он ойланып, жүз тол­ғанып, тосын кәсіптің тізгінін ұстасам ба деген. Ондағысы, жұмыссыз жүрген жастарды кондитерлік өнім дайындауға үйрету. Сабақ сенбі, жексенбі күндері өткізіледі. Әзірге оқуға алғашқы топ­тағы 4-5 адам қа­ты­сады. Тағам дайын­даудың өзі бі­летін түрлерімен қа­тар, интернет же­лісі арқылы ізденді. Осы­лайша өз­гені қойып, өз білімін де жетілдіре түсті. Қай іске болсын талғам керек. Тал­ғамың жоғары болса ғана табыстың көзі ашылады. Қазіргі тұтынушылар да кірпияз. Салтанат осы еңбегі арқылы бұрын жұмыссыз жүрген жас талаптың біразын еңбекке баулымақ.

Ауылдарда мал алып, еңбек етуге бет бұрып отырған жастар баршылық. Солар­дың бірі – Қараөзек ауылының тұрғыны Балнұр Ағипа. Ол жоба бойынша берілген алғашқы 500 мың теңгеге екі сиыр сатып алыпты. Енді Зеңгі баба тұқымын төлдерінің есебінен көбейтпек. Кейін берілетін қаржыға қора салып, артылып қалып жатса тағы да мал алмақшы.

– Алғаш осы жоба туралы есті­генде нанар-нанбасымызды білме­дік, – дейді жас кәсіпкер. – Біздің кү­мәні­­мізді туғызған жері – қаржының қайта­рымсыз берілетіндігі. Бұл не қыл­ған «батпан құйрық» дедік қой. Сөйтіп есіл уақыттың біразын босқа өткізіп алдық.

Малсақ жанның айтуына қарағанда, бұл істегі басты қиындық жайылым жер­дің тарлығы. Шабындық та солай. Шөптің бір тіркемесі 35-40 мың тең­ге шамасында. Өзінің техникасы жоқ адамдар жем-шөпті сатып алу­ға мәжбүр. Қазір ағаш арасындағы жо­ңыш­қаны қол шалғымен шауып, өз бетіңше тырбанбасаң болмайды. Бір жақсы жері, несие алғаннан әлдеқайда жеңіл. Мал өсіремін деп несие ала қалсаңыз, төлі өсіп-жетіл­генше қарыздан құтылу уа­йымы басып тұрады. Ал «Жас кәсіпкер» шын мәніндегі жанашыр көмек болды.

Ауыл жастарының айтуына қара­ғанда, осылайша тырбанып тіршілік етсе, ауылдан қалаға үздіксіз көшіп жат­қан жастар да туған жерінде, өскен өңірінде тұрақтап қалмақ. Ондай жақсылық күн туса, ауылдағы адам саны көбейіп, білім беру, денсаулық сақтау нысандары жабылып қалмас еді. Демек, «Жас кәсіпкер» жобасының жақсы тұстары аз емес. 

 

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы