Жұмыс тобының үшінші отырысы
Бейсенбі, 16 мамыр 2013 2:12
Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында партияның жаңа саяси Доктринасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы болып өтті.
Бұл құжат Елбасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленуде. Осының алдында болған екі отырыста Доктрина жобасын жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар түскен еді. Одан басқа жазбаша ұсыныстар да көптеп түсіпті.
Бейсенбі, 16 мамыр 2013 2:12
Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында партияның жаңа саяси Доктринасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы болып өтті.
Бұл құжат Елбасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленуде. Осының алдында болған екі отырыста Доктрина жобасын жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар түскен еді. Одан басқа жазбаша ұсыныстар да көптеп түсіпті.
Үшінші отырысты ашқан партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бүгінге дейін істеліп жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша айтып өтті. Елбасының тапсырмасымен өңірлерге шыққан сапарымда түрлі еңбек ұжымдарындағы және бастауыш партия ұйымдарындағы кездесулерде азаматтармен Доктринаның басты бағыттарын талқылап, олардың ой-пікірлерін білдім. Жалпы, құжат жобасы партия мүшелерінің қолдауына ие болып отырғанын көзіммен көрдім, деді ол.
Енді Доктрина жобасы кеңейтілген талқылауға шығарылатыны мәлім болып отыр. Менің ойымша, бұл жоба сапасы өте жоғары, жан-жақты ойластырылған маңызды құжат, деп ойын жалғастырды Б.Байбек. Одан әрі Доктринаны жетілдіруге бағытталған пайдалы ұсыныстар берген жұмыс тобы мүшелеріне алғысын білдірді. Сонымен бірге, өзінің сөзінде жаңа саяси Доктрина жобасында «Нұр Отан» партиясының идеологиялық тұғырнамасы барынша нақтыланып, басты мұраттар мен басымдықтар, сондай-ақ Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудағы рөлі айқындалатынын айтып өтті.
Қазақстанның ХХІ ғасырдағы тұрақты дамуының бірден-бір кепілі, ең алдымен, қоғамда мәдени-рухани құндылықтарды қалыптастыру болып табылатынын Елбасы әрдайым айтып отырады. Сондықтан осы мәселеге Доктринада айрықша көңіл бөлінеді, деді Б.Байбек.
Біз Доктрина жобасы жөнінде Мәжіліс депутаты, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановтың пікірін білген едік. Барлық саяси күштердің бағдарламасы болады, ал Доктрина – бағдарламаның барынша нақтыланған тұжырымдамасы деуге тұрарлық басты құжат. Бұған дейін де «Нұр Отан» өзінің Доктринасын қабылдаған. Ал жаңа саяси Доктринаның олардан ерекшелігі сол – бұл құжат Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясымен тығыз байланысты. Сол стратегияны іске асыру барысында халықты жұмылдыру, саналы түрде ұйымдасу жолдарына қол жеткізу мәселелері осы құжатта қарастырылады. Осы мақсаттарды іске асыру жолында қандай маңызды шаралар атқарылады, міне, осының бәрі Доктринада қамтылатын болады, деді депутат.
Доктрина жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының бір мүшесі «Бауыржан» қайырымдылық қорының төрайымы Жұлдыз Омарбекова да өз пікірін білдірді. Доктринаның маған айрықша ұнайтын жері – онда ұлттық салт-дәстүрлеріміз сияқты құндылықтарымызды жоғалтпау және оларды жандандыру мәселесі айрықша атап көрсетілген. Оларды әлеуметтік институт ретінде сақтау керектігіне көңіл бөлінген. Мұндайды ескерген құжаттың болашағы зор болады деп сенемін, деді ол.
Доктрина партияның кезекті съезінде қабылданады деп жоспарланып отыр.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».