Аймақтар • 14 Тамыз, 2019

Бектемір сопы мазары

793 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаманқұлақ ауылынан солтүстік-шығысқа қарай беттесеңіз, 10 шақырым өткен соң жалпақ жондағы Бектемір сопы мазары сонадайдан көзіңізге түсер еді. Қоскөл шатқалында орналасқан мазардың кірпіші осы өңірдің өзіндік ерекшелігіне орай жылқының, түйенің, уақ малдың қылы мен жүнін араластыра қосып, илеген кірпіштен қаланған екен.

Бектемір сопы мазары

Уақыттың табына төтеп беріп тұрғандығы да содан болуы ықтимал. Әйтпесе жалпақ жондағы желдің өті, Арқаның апталап жауатын ақ жауыны мұртын қисайта алмаған қияпат қасиет қайдан дерсіз.

Кірпіштің ұзындығы 31-32 сантиметр, ені 8-10 сантиметр шамасында. Жалпы биік­тігі 5,7 метрді құрайды. Кесе­не­нің сегіз қырлы піші­нін сипаттайтын тікбұрыш қызығушылық туғызады. Сол замандағы сәулет өнерінің туындысы іспетті. Төбесі де ерекше. Қол­шатыр­ға ұқсас. Сфера­лық-конус­тық күмбезшелермен жалғанған. Әр қырының дәл ортасында жерден шамамен 1,8 метрге жуық биіктікте шағын ойықтар бар. Сегіз қырлы күмбездің үстінде ені кең жабындысы бар, ал ішінде дәл осы жерде ені сәл тарлау дәліз орналасқан.

Бестемір сопы осы төңі­рекке дін ілімін тарат­­қан. Ескі көздердің айтуы­на қарағанда, ел ішін ын­тымаққа шақырып, жас ұрпақты адалдық пен ар­лылыққа тәрбиелеген. Өмір­ден өткен соң сопының қара басын хандай сыйлаған жалпақ жұрт жұмылып мазар тұрғызыпты. Ішіне жо­ға­ры­да біз айтып өткен ойық­­тардан, күмбездегі төбе саңылауларынан себезгілеп жарық түсіп тұрады. Құтты сопыөның заман­дас­тары­ның көкірегіне құй­ған білім сәулесі тәрізді.

Жапан түздегі ар мен адамгер­шіліктің қарауы­лын­дай жалғыз мазар­дың жанына тұтасып тал өсіп­ті. Тал бұтақ­тарына сопы­ға мінә­жат етіп келген адамдар ырым­дап ақ шүберек байлап кетеді екен. Тәлімінен тағы­лым ал­ған кейінгі жұрттың ап­пақ ықыласы іспетті.

 

Ақмола облысы,

Егіндікөл ауданы