«Мәңгілік ел» болуға жетелейтін қарышты қадам
Сейсенбі, 28 мамыр 2013 2:20
Еліміз тәуелсіздігінің жиырма бір жылдығын салтанатты атап өтуге бірер күн қалғанда жасалған Жолдауда Президент бастауын 1997 жылы алған «Қазақстан-2030» Стратегиясында қойылған көптеген міндеттердің мерзімінен бұрын жүзеге асқанын атап өтті. Елбасы «осы жылдар ішінде біздің стратегиямыз басты мақсатымыздан ауытқымай, шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашып, алға басуға жігерлендіргенін» мәлімдеді. Расында да, бүгінгі Қазақстан бұдан 16 жыл бұрынғыдан мүлдем басқа ел, міндеттер де өзгерді.
Сейсенбі, 28 мамыр 2013 2:20
Еліміз тәуелсіздігінің жиырма бір жылдығын салтанатты атап өтуге бірер күн қалғанда жасалған Жолдауда Президент бастауын 1997 жылы алған «Қазақстан-2030» Стратегиясында қойылған көптеген міндеттердің мерзімінен бұрын жүзеге асқанын атап өтті. Елбасы «осы жылдар ішінде біздің стратегиямыз басты мақсатымыздан ауытқымай, шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашып, алға басуға жігерлендіргенін» мәлімдеді. Расында да, бүгінгі Қазақстан бұдан 16 жыл бұрынғыдан мүлдем басқа ел, міндеттер де өзгерді.
Өзінің Жолдауында Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі міндеттерінің біріне тоқталып, Қазақстан 2050 жылға қарай Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құрып, әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуы керектігін айтты.
Неліктен межелі жыл ретінде 2050 жыл алынып отыр? Елбасы өз Жолдауында осыған қатысты «2050 жыл – жай бейнелі дата емес, бұл бүгінде әлемдік қоғамдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім» екеніне тоқталып, осының мысалы ретінде БҰҰ әзірлеген 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамын, Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялаған ұзақ мерзімді болжамдық баяндаманы келтірді. Сонымен қатар, Қытай да стратегиялық жоспарлау көкжиегін 2050 жылға дейін айқындағаны, ірі трансұлттық компаниялардың алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеп жатқаны көлденең тартылды.
Қытай Еуропаның дамыған елдерінің өмір сүру деңгейіне көтерілу мақсатында 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлегені белгілі. Сондай-ақ Аспанасты елі 2009 жылы 2050 жылға дейінгі ғылым мен техниканы дамытудың картасын дайындады. Айтылғаннан 2050 жыл жаһандық деңгейде стратегиялық жоспарлаудың межелі көрсеткішіне айналғаны туралы түйін жасауға болады.
Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы жаңа әлеуметтік саясаттың негізгі қағидаларын анықтады. Ең алдымен бұл – Президенттің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында айтылған өміршең идеяларды жүзеге асыру.
ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатеріне жауап қайтару Жолдауда елеулі орын алады. Президент осы сын-қатерлердің ішінде тарихи уақыттың жеделдеуін, жаһандық демографиялық теңгерімсіздікті, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді, су тапшылығын, жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті, табиғи ресурстардың сарқылуын, Үшінші индустриялық революцияны, үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздықты, өркениетіміз құндылықтарының дағдарысын, жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупін атап өтті. «Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, біз үшін осынау керітартпа көзқарастан тартынуымыздың принципті маңызы бар» екенін мәлімдеді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясының жүзеге асуы елімізді мықты, тұрақты мемлекетке айналдырып қана қоймай, сонымен қатар, бізге жаңа технологияларды алып келеді. Мәселен, аталған технологиялар тек мұнай-газ саласына ғана тиесілі болмай, шикізаттық емес секторға да тиесілі болады және ұлттық брендттерді әлемдік рынокқа шығаруда оң септігін тигізеді. Осы тұрғыда Н.Ә. Назарбаевтың «шикізаттық емес экспорттың үлесі 2025 жылға қарай екі есеге, ал 2040 жылға қарай үш есеге ұлғаюы тиіс» деп айтқаны кездейсоқтық емес. Стратегияның жүзеге асуының тағы бір ұтымды тұсы мемлекетіміздің саяси жүйесінің әрі қарай дамуымен, демократиялық принциптердің үстемдік етуімен байланысты.
Елбасы өзінің бағдарламалық құжатында басымдыққа ие жеті бағытты көрсетті, олар әлеуметтік-экономикалық жаңғыртылудың басты міндеті – экономиканың өсуі мен әлеуметтік игіліктердің қолжетімділігінің артуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етумен байланысты. Бұл – әлеуметтік-экономикалық жаңғыртылудың өзекті қағидасы.
Жаңғыртылу дегеніміз – әлеуметтік салада орын алып отырған мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін құрал. «Қоғамдық игілік» категориясы қоғамдық биліктің мақсаты ретінде экономика үшін қаншалықты маңызды болса, әлеуметтік сала үшін де соншалықты маңызды. Мемлекет конституциялық құқық принциптеріне сай осы екеуінің тепе-теңдігін қамтамасыз етіп отыруы керек. Мемлекет қол жеткізуі керек қоғамдық игілік туралы конституциялық-құқықтық идеяда мемлекет қоғамның әлеуметтік саласының күйіне де назар аударуы керектігі қамтылған.
Мемлекетшілігіміз бен мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруда демократияны одан әрі нығайту Жолдауда көтерілген басты мәселелердің бірі болды. Осыған орай маңызды мәселелердің қатарына мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіруді жатқызуға болады. 2009 жылы Президент Жарлығымен нәтижеге бағытталған мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бекітілген болатын. Осы құжатқа сәйкес 2010 жылдың желтоқсан айында ағымдағы стратегиялар, тұжырымдамалар, мемлекеттік және аймақтың бағдарламалар ретке келтірілді. Стратегиялық маңызы бар құжаттар «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы жаңа міндеттерге сай мемлекеттік органдардың мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы жауапкершілігін күшейтуге, нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Мемлекеттік басқаруды орталықтан шығаруға бағытталған іс-шараларға келетін болсақ, биліктің орталық және жергілікті деңгейлері арасындағы қызметтерді шектеу жұмыстары 2003 жылдан бері жүргізіліп келеді. 2004 және 2006 жылдары осы саладағы заңнамаға тиісті толықтырулар енгізілді. Жаңа Бюджет кодексінің нормалары биліктің барлық деңгейінің дербестігін қамтамасыз етті.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен еліміздің Конституциясына 2007 жылғы мамыр айында енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жергілікті өзін өзі басқаруды қалыптастыру мен ұйымдастыруға байланысты маңызды қадам болды. 2009 жылғы ақпанда жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы заңға Парламент енгізген заңнамалық түзетулер де жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуға оң әсерін берді. Нормативтік-құқықтық актілердегі осы өзгерістер жергілікті өзін өзі басқарудың негізгі өкілді органдары ретіндегі мәслихаттардың рөлін айтарлықтай күшейтіп, олардың құқықтары мен құзырының аясын кеңейтті, сонымен қатар, жергілікті атқарушы билік органдарымен өзара қарым-қатынас теңгерімі мен функцияларының аражігін ажырату мәселесі реттелді.
Жергілікті өзін өзі басқаруды халық тікелей және мәслихаттар мен халықтың шағын топтары тұратын аумақтарды қамтитын жергілікті қоғамдастықтардағы басқа да жергілікті өзін өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырады деп айқындалды. Заңға сәйкес жергілікті өзін өзі басқару органдарына мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру тапсырылуы жергілікті өзін өзі басқару органдарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын ұйымдастыру мәселесін шешу үшін мол мүмкіндіктер береді.
Мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын орындау жөніндегі құқықтар мен міндеттер берілген әкімдер жергілікті өкілдік және атқарушы биліктің арасын байланыстыратын буын болып табылады. Бұл жергілікті билік органдары қызметін сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге – азаматтарымыздың проблемаларын барынша тиімді шешуге мүмкіндік беретін «бірлесіп басқару» деңгейіне шығаруға септігін тигізеді.
Н.Ә. Назарбаев жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында мемлекетшілігімізді нығайту, Қазақ елін одан ары ұйыту мәселелеріне үлкен назар аударылған.
Қорыта айтқанда, былтырғы жылдың соңында жарық көрген бағдарламалық құжат, «Қазақстан-2050» Стратегиясы Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық салада елеулі жетістіктерге жеткенінің айғағы әрі бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыру үдерісін жаңа қарқынмен жалғастыруға деген ұмтылыстың дәлелі болып табылады.
Бақытжан БҰХАРБАЕВ,
Қазақстан Президентінің жанындағы ҚСЗИ Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы.