Астанада Кувейт елшілігі ашылады
Сейсенбі, 4 маусым 2013 2:06
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай бастаған делегация Кувейт мемлекетіне жасаған жұмыс сапары барысында Кувейт Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі шейх Сабах Халед Әл-Хамад Ас-Сабахпен келіссөздер жүргізді, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Кувейт сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кувейт тарапы Қазақстанның жоғары халықаралық беделін, сондай-ақ көпжақты және екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың болашақ әлеуетін ескере отырып, үстіміздегі жылдың аяғына дейін Астанада өз елшілігін ашуды жоспарлап отырғанын және оның салтанатты ашылуын Кувейт Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі шейх Сабах Халед Әл-Хамад Ас-Сабах Қазақстанға ресми сапары барысында өткізу ниеті бар екенін жеткізді.
Сұхбат аясында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастық мәселелерін, атап айтқанда, екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жолдарын талқылап, аймақтағы түйткілді мәселелер бойынша ой бөлісті.
Қ.Сарыбай Кувейтке сапары шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Кувейт үкіметаралық бірлескен комиссиясының тең төрағасы, Кувейт Қаржы министрінің орынбасары Халифа Хамадамен, Кувейт араб экономикалық даму қорының (КАЭДҚ) бас директоры Әбделуахаб Әл-Бадрмен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, үкіметаралық комиссияның кезекті 3-отырысын алдағы қыркүйекте Астанада өткізу және елімізге инвестиция тарту, кувейттік кәсіпкерлердің Қазақстан нарығына белсенді араласуы мен 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыруға атсалысу мәселелері талқыланды.