Ал қалған екеуі анасына қыңқылдады, әкелерінің алдында отырған кішкентайға тиісіп түрткілей бастады. Анасы екеуін көндіре алмай біраз әуреге түсті. Ойындағылары орындалмаған ересек екеуі аналарының сөмкесін ақтара бастады. Бірі телефонын, бірі әмиянын алды. Қалаға жақындар тұста кішкентайы сыртқа шығамын деп қиғылық сала бастады. Жетіп қалдық шыдай тұр дегенге көнер емес. Жүргізуші де жолдың шетіне тоқтай қалды. Кішкентайды есікке жақын отырған анасы алып шығуға икемдеп еді. Бала шар ете қалып, әкесіне жармасты. Амал жоқ, үш-төрт жолаушы көліктен түсіп, әке мен балаға жол беруге тура келді. Қалаға жақындай бергенде жүректері айныған балалар әкелеріне қарай жармасып, үсті-басын малмандай етті. «Бере сал, әкеле сал» деп баланың алдында әкесін зыр жүгіртудің соңы бала есейгенде бармақ тістетіп, жүрекке салмақ салатынын күнделікті өмірде өзіміз елемейміз-ау.
Әрине бұл айтып отырғанымызға әркімнің пікірі бар. «Несі бар екен, баланың қиқарлығын тек анасы ғана көтеруі керек пе, әкесі ғой, ол да қарасын» немесе «Онда тұрған не бар, бала әкенің қамқорлығын сезінуі керек қой» деген пікірлер айтылып, кейбіреулердің кейістік танытуы да бек мүмкін.
Бұл тақырыпты қозғауға республикалық «Айқын» газетіндегі Бек Ғалым деген азаматтың «Ұлына «құл» болған әкелер» және ел газеті «Егемендегі» «Әке қабағы Һәм босбелбеулік» атты мақалалар түрткі болды. Автор «Бірде үйде отырғанымда алты жасар балам «су ішем, мама, су ішем» деп анасына қарай жүгіре жөнелді. Арғы бөлмеден бала емізіп отырған әйелім кітап оқып отырған маған: «Анаған су құйып бере салшы!» деді. Мен естімеген кісідей кітап оқып отыра бердім. Бір кезде емшектегі баланы сілке тастаған қатыным жұлқынсын. «Кішкентай ғана нәрсе ғой, тұяғың қимылдаса өліп кетесің бе?» деп шаптықты кеп.Үндемедім. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, жаңбыр сіркіреп басылған соң, ештеңе болмағандай «келші» дедім. «Мен де мұны кішкентай нәрсе деп ойлайтынмын. Жоқ, бұл әсте кішкентай нәрсе емес екен, отыр сөйлесейік» дедім», деп бастайды әңгімесін. Кішкентай деп елемеген осындай «бере сал», «әкеле сал» бала алдында жұмсау немесе баланың көзінше әкенің кемшілігін тізбектеп, «сен ондайсың, сен мұндайсың» дегеннің соңы әкені баланың алдында «құл» етумен тынады. Оның соңы күш-қайраты кеміп, қарттыққа жеткенде ата-анаға ауыр салмақ қана емес, жанына егеу болатынын айтыпты. Отбасында ұл-қызына әкені құрметтетіп, балаға зор етіп көрсету әйелдің міндеті деп қана қоймайды автор, бүгінгі заманда әкеге деген құрметтің кеміп бара жатқанына алаңдайды.
Расында, қазіргі отбасында әкелердің орны, қадір-қасиеті қандай?
«Әкеміздің төбесі көрінгеннен үйде тыныштық орнайтын. Шешеміз «тұрыңдар, әкелерің келе жатыр» десе, біріміз қолына су алып, біріміз төрге көрпешесі мен жастығын ала жүгіретінбіз. Дастарқан басына әкемізден бұрын отырмайтынбыз» дейтін ағалар мен апалар бүгінгі әкелердің бала алдында дәрменсіз екенін жиі сөз етеді. Оған «кінәлі» түрлі себеп-салдарды тізбектей жөнеліп, бірі үйдегі «көк сандықтағы» шетелдік ұшы-қиыры, мән мағынасы жоқ сериалдарды, енді бірі үйдегі биліктің әйелдің қолында, мектепке барса, ер мұғалімдердің аздығы, есесіне, нәзікжандылардың үлес салмағының басымдығы да отбасында әкеге, жалпы ер-азаматтарға деген құрметтің кемуіне әсер етеді дейді. Мейлі себеп-салдар, кері әсер ететін факторлар көп бола қойсын. Бірақ шаңырақта әкенің орнын зорайтып, отбасы үшін әкенің орны төр екенін ұл-қызға ұғындырып, бойына сіңіретін әйел, яғни балалардың анасы екеніне ешкім дауласа қоймас.
Эльмира ЖАМАШОВА
Түркістан облысы,
Бәйдібек ауданы