Аймақтар • 16 Тамыз, 2019

Абай мұрасына арналды

584 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семей – Нұр-Сұлтан бағытында жолға шыққан кітапханалық көрме Павлодар қаласына келді. Семейдің Абай атындағы облыстық кітапхана С.Торайғыров атындағы кітапханада Абайдың 175 жылдығына орай әкелінген көрмеде сирек қордағы ақын жайлы 54 кітапты таныстырды.

Абай мұрасына арналды

Рухани шара барысында «Ғасыр­лармен үндескен асыл қазы­на» та­қырыбында әдеби-мәдени экспо­зициялық көрме ашылды. С.То­рай­ғыров атындағы облыстық кітап­ха­наның көрме және мәдени шара­лар бөлімінің жетекшісі Марал Тә­женова­ның айтуынша, экспозицияға қойыл­ған сирек қордағы басылымдар Абай атамыздың өмірі мен шығар­ма­шылығына арналған.

Семейден келген көрме үш бөлім­нен тұрады. Бірінші бөлімде Абай оқыған кітаптар, екінші бөлімде Абай туралы деректер сақталған кітап­тар, ал үшінші бөлімде Абайдың шығар­малары қойылған.

Абай атындағы облыстық кітап­хананың қызметкері Майгүл Сейіт­қажықызы көрмеге әкелінген сирек қордағы 54 кітап жайлы айтып берді.

– Кітапханамыздың 136 жылдық тарихы бар. Абай атамыз оқырманы болған. Біздің мақсат – көрмеге келу­ші­лерді ақын пайдаланған XVIII ғасыр­дың соңы мен XX ғасырдың басында жарық көрген құнды әдебиет­термен таныстыру, – дейді Майгүл Сейіт­қажықызы. – Көрмеде Абай ата­мызға қатысты деректер сақталған жазбалар да бар. Мысалы, көрмеден Әли­хан Бөкейханның Абайға жаз­ған қазанамасы, Абайдың санақ коми­тетінің мүшесі, бастауыш білім беру қоғамының мүшесі болғандығы, осы қоғамға отбасымен салған жарнасы туралы және орыс Географиялық қоғамы жазбаларында Абайдың қанша малы, жері болғаны, жалпы мүлкі туралы да қызықты әрі құнды деректермен таныса аласыз.

Көрмеден Рақымжан Жаманқұлов пен Ықылас Адамбековтің редактор­лығымен 1936, 1939 жылдары басылған латын қарпіндегі «Таңдамалы» өлең­дері мен «Абай әлемі» жобасы бо­йынша жарық көрген Абайдың қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалары орын алған.

Кітапхана қызметкерлері Майгүл Мал­ғаждар, Ольга Мальцеваның айту­лары­нша, көрмеде оқырмандарын қызық­тырған кітапхананың сирек қорын­да 4 мыңнан астам кітап бар екен.

Енді осындай құнды жәдігер-кітаптары бар көрме Нұр-Сұлтан қала­сына жол тартады.

 

ПАВЛОДАР