Әлем • 16 Тамыз, 2019

Құты қашқан Кашмир автономиялық мәртебесінен айырылды

761 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үндістан мен Пәкістанның арасындағы араздықтықты қашаннан қоздырып келе жатқан бітіспес дау – Джамму және Кашмир мәселесі. Жақында Үндістан үкіметі аталған штатты автономиялық мәртебесінен айыру туралы шешім шығарып, шетін жағдайды одан сайын шиеленістіріп жіберді.

 

Құты қашқан Кашмир автономиялық мәртебесінен айырылды

Үндістанның президенті Рам Натх Ковинд 5 тамызда елдің негізгі Заңының 370-бабында бекітілген Джамму мен Кашмирдің ерекше мәртебесінің күшін жою туралы жарлыққа қол қойды. Федералды үкіметтің бұл бастамасына сәйкес, оның орнына штатқа қарағанда құқықтары шектелген екі одақтық аумақ құрылады. Үндістан заңнамасы бойынша штаттың автономиясын жоюды жергілікті билік те мақұлдау керек. Алайда маусымнан бастап федералды үкімет штатты басқаруды губернатор арқылы жүзеге асыруда.

Президент жарлығы шыққаннан кейін бұл ұсынысты Парламент мақұл­дады. Бастамаға 366 депутат қолдау білдіріп, 66-сы қарсы болды. Аталған шешімнің қабылдануына елдің қазіргі премьер-министрі Нарендра Моди бастаған «Бхаратия Джаната» үнді халықтық партиясының биыл көктемде парламенттік сайлауда басымдыққа ие болғаны ықпалын тигізді. Өйткені Джамму мен Кашмирді айрықша авто­номиялық мәртебеден айыру партияның сайлауалды уәдесі еді. Жалпы «Бхаратия Джаната» партиясы бұл мәртебенің күшін жою туралы мәселені 1951 жылдан бері көтеріп келеді. Сөйтіп көптен көксеп жүрген ойды іске асыру биыл мүмкін болды. Оның үстіне екі жылдан бері Үндістанды билеп отырған президент жаңа сайланған премьер-министрдің жақтасы болып келеді.

Үндістан мен Пәкістан Ұлыбри­тания­дан іргесін аулақ салып, тәуелсіздігін жариялағалы бері, 70 жыл бойы үнді Конституциясының 370-бабы және сонымен байланысты 35-бап әрекет етіп келді. Бұл Джамму мен Кашмирге әжеп­тәуір дербестік берді. Штаттың өз заңы, туы және барлық мәселе бойын­ша жеке шешім қабылдау құқығы болды. Үндістанның федералды үкі­меті қабылдаған заңдар мұнда жер­гілікті үкімет қолдаған соң ғана күшіне ене бастады. Ал 35-бап штат билігіне өздерінің тұрақты тұрғындарын анық­тауға мүмкіндік беріп, Кашмирде тір­кел­гендер жылжымайтын мүлік сатып алып, арнайы органдарда жұмыс іс­тей алды. Басқалардың мұндай құқы бол­мады. Штатта квота жүйесі іске қосы­лып, жұмысқа орналасу кезінде каш­мир­ліктерге артықшылық берілді. Енді мұ­ның бәрі өткен күннің еншісінде қалды.

Аталған арнайы баптың алынып тасталуы Кашмирді автономиядан ға­на айырып қоймай, штат болуын да тоқтатады. Үнді үкіметінің шешімімен енді бұл одақтық аумақ болып саналады. Яғни, оның құқықтары айтарлықтай азайып, арғы тегінен осы жерде жасап келе жатқан тұрғындарға артықшылық берілмейді. Сондай-ақ осы күнге дейін Джамму мен Кашмирге қарап келген Ладакх жеке одақтық аумақ болып бөлінді. Бұл шешімді Ладакх тұрғындары қуана құптады. Өйткені буддизм мен индуизм дінін ұстанатын бұл аймақтың тұрғындары негізінен мұсылмандар мекендеген Кашмирдің қарауында болғысы келмейді.

Кейбір сарапшылар басында, 1949 жылы Кашмирге ерекше мәртебенің берілуі өтпелі және уақытша жағдай деп саналғанын айтады. Сондықтан ерте ме, кеш пе бұл шешімнің қабылдануы анық болған. Сол уақыттан бері Кашмир тұрғындарына олардың шын қалауымен санасуы үшін референдум өткізуге бірнеше рет уәде де берілді. Дегенмен БҰҰ мен Пәкістанның осыған қатты ықыласты болғанына қарамастан, Үн­діс­тан 70 жыл бойы референдумнан бас тартып келді.

Кашмир – қашаннан Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстың бас­ты себебі. Енді бұл штатты автономиядан айыруға сондағы мұсылмандардың сөзін сөйлеп жүрген Пәкістан тарапы түбегейлі қарсылық танытуда. Пәкістанның премьер-министрі Имран Хан Үндістанның Джамму мен Кашмир бойынша қабылдаған шешіміне заңдық, саяси және дипломатиялық жауапты пысықтау үшін арнайы комитет құру туралы өкім етті. Жақында Исламабад Үндістанмен дипломатиялық қарым-қатынас деңгейінің төмендегенін, екіжақты сауданың тоқтатылуын және бірқатар уағдаластықты қайта қарау керек екенін жариялады. Қазір екі елдің арасын жалғайтын көлік қатынастары шектеліп, барыс-келіс тоқтап тұр. Бұған қоса көрші елмен бірлесіп жоспарланған мәдени іс-шаралар да шегеріліп, Пәкіс­т­анның кинотеатрларында үнді фильм­дерін көрсетуге тыйым салынды.

Бүгінгі таңда наразылық танытып көшеге шыққан Кашмир халқының тол­қуы басылмай тұр. Үндістан билі­гі аймақтағы жағдайды барынша бақы­лаудан шығармау үшін қосымша әскери күш жіберді. Оған дейін де штатта 500-ден 700-ге дейін үнді сарбаздары жүрген еді. Үндістанның Қауіпсіздік қызметі үш күнде Джамму мен Кашмирдің сол­түс­тігінен 560 адамды ұстаған. Белсен­ді­лердің арасында Омар Абдулла, Мех­буб Муфти сияқты елдің бұрынғы минис­тр­лері де бар.

Пәкістанның Сыртқы істер министрі Шах Мехмуд Куреши Үндістанның дау­лы әрекетіне байланысты БҰҰ-ға Қа­уіп­­­сіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткі­­­зуді сұрап, хат жолдады. Ал БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Джам­­­му мен Кашмирдің мәртебесі БҰҰ жар­ғы­­сына сәйкес, бейбіт жолмен анық­талуы тиіс екенін еске салып, тараптарды барынша ұстамдылық танытуға шақырды.

Сонымен қатар Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И Үндістан Каш­мир­дегі кво-мәртебесін өзгертіп, аймақтағы жағ­дайды күрделендіріп жібергенін айтып, Пәкістанмен арадағы шиеленістің қақ­­тығыссыз шешілетініне сенім біл­дірді.

Жалпы жер көлемі 2,2 мың шаршы шақырымды құрайтын, халқы 12,5 миллионнан асатын Джамму мен Кашмир 1947 жылдан бері Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарулы қақтығыстардың ошағы болып келеді. Оның 60%-ы Үндістанға, 30%-ы Пәкістанға тиесілі. Бұған қоса осы аймаққа Қытай да ауыз салып, 1962 жылы штаттың 10% жерін күшпен басып алған. Аталған аймақтың Үндістаннан толық тәуелсіздік алуын немесе Пәкістанға қосылуын қалайтын се­па­ратистік топтар бірнеше рет дүрбе­лең көтерді. Тіпті екі ел арасында соғыс оты да тұтанды. Үндістанның үкі­мет басшысы Нарендра Моди соңғы онжыл­дықта бұл аймақта 42 мыңға жуық адам қаза тапқанын айтып, Пәкістан Каш­мирдің ерекше мәртебесін екіжақты араз­дықты қоздыру үшін пайдаланып кел­генін мәлімдеді. Қазір істің бұлай на­сырға шапқанына әлем елдері алаңдау­шылық білдіріп отыр. Оның үстіне 1999 жылдан бастап екі ел де ядро­лық қаруларға иелік етеді. 2002 жылы Қа­зақ­стан екі мемлекеттің басшыларын Ал­матыда келіссөз жүргізуге шақырып, нәти­жесінде олар өздерінің яд­ролық қаруын бірінші болып іске қос­пайтындары жөнінде мәлімдеме жасаған.