Руханият • 16 Тамыз, 2019

Ұлттық болмысты сақтау бәрінен қымбат

1416 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қоғамдағы болып жататын және болмай қоймайтын өзгерістер мен жаңарулар біздің санамызға, жеке өмірімізге әсер етпей қоймады. Ол сыртқы факторлардың және ішкі қажеттіліктердің әсерінен болатыны сөзсіз. Ондай жерде пікірдің әр алуандылығы тумай қоймайды. Ол жеке адамның немесе белгілі бір ұлттық ұстанымдардың таңдауынан болады. Таяуда осы мәселе төңірегінде Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы филология ғылымдарының кандидаты Ерболат БАЯТПЕН тілдескен болатынбыз.

Ұлттық болмысты сақтау  бәрінен қымбат

– Формациялардың ауысуы белгілі, дәстүрлі құн­дылық­тардың ауысуына әке­ліп соға­ды. Оны «құндылық­тар­дың ауысу» деп жүрміз. Осы жай ауы­су ма?

– Асылында бірыңғай келісім болуы керек қой. Жоқ, меніңше, бұл «құн­дылықтардың бірін-бірі жоққа шығаруы», бәлкім кері тебу тенденциясы. Бұл үрдіс адам баласының әр дәуі­рінде болған. Әр кезеңіндегі жаңа таңдаулар, дүмпулер, резонанстар екінші бір мүмкіндіктерге, жаңаша таңдауларға жол ашып отырады. Бірақ сол таңдаулар сіздің қолайыңызға келе ме, әлде келмей ме, оған сыртқы ықпалды күштер бас қатырып жатпайды. Күшпен таңуға бейім. Міне, бұл – мәдени экспансия. Қазіргі қазақ қоғамы осындай халді кешіп жатырмыз. Өйткені біз әлемге есік-терезелерімізді айқара ашып қойдық. Томаға-тұйықтық бүгінгі заманға жат. Бәрібір әлемдік ықпалдастықтың ортасындамыз. Қай жағынан да. Есепсіз кіріп жатқан қажетті, қажетсіз ақпараттардың тасқыны мол. Мәселе сол ақпараттарды ұлттық сүзгіден өткізуде болып тұр.

Біз – жас мемлекетпіз, қар­таймаған ұлтпыз. Ұлт ретіндегі біздің рухани ағзамыз толық бүліне қоймаған. Сырттан кірген вирустар аз еді. Бізде осыған дейін дәстүрлі ұлттық ұстанымдар жетекші орында болды. Оның басында дәстүрлі отбасылық құндылықтар тұрды. Орта ғасырдан бермен қазақ ортасында ұжымдық сана қалыптасты. Жеке бір отбасынан әулетке, одан ауыл-аймаққа, одан руға, тайпа елге ор­тақ құндылықтармен заңдылықтар орнықты. Одан ешкім аттап өтуге тиіс емес. Бұлжымайтын норма. Айталық, қазақ арасындағы жеті атадан бермен қыз алыспау дәстүрі. Қазақ (туысқандардың бір-бірімен үйленуіне) қарсы күрескен бірден-бір халық. Қал­қаман мен Ма­мыр­дың, Еңлік пен Кебек­тің оқи­ғаларын еске түсіріңіз. Ұрпа­ғының саулығын ойлаған халық. Бұдан артық қандай құндылық болуы керек? «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген жұртпыз. Сондықтан да қазақ үшін ұрпағының амандығынан, саулығынан артық ештеңе болмаған. Жинаған дәулетін де ұрпағыма қалсын деген.

– Оны айтпағанда, қазақта «ата қоныс» деген қасиетті ұғым болды. Ол өзінің, ұрпағы­ның тағдырын, өмір сүру дағ­­дысын тікелей сонымен байланыс­тырады емес пе?

– Әрине, сол үшін жан берді, жан алысты. Туған жердің топырағына үш рет аунату көшпелілерде сақталған дәстүр. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам ғұмырын философиялық тұрғыдан түсіндірген халық­пыз. Ойлаңызшы, осы қазақ «дүние» деген жалғыз ауыз сөздің қауашағына ғаламның жаратылысынан бастап, ең қарапайым түсінікке дейінгі нәрселердің барлығын сыйдыр­ған. Қазақтың отбасылық құн­дылықтарында жалпы адам­заттық құндылықтардан бас­тап, жеке ұстанымдарға дейін рухани-мәдени өлшемдердің барлығы кіріккен. Олар адам болудың қағидаларын үйретті. Соны қадағалады. Ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Оның кейбір мәтіндері фольклорда бар. Кейінгілерге тәмсіл етті. Қазақ отбасындағы тәлім мен тәрбиенің сан ғасырлық жинақталған бекем дәстүрі бол­ды. Олардың қағидалары қыс­­қа да нұсқа етіліп, бай да көр­кем тілмен өріліп, мақал-мәтелд­ерімізде көрініс тауып отырды. Айталық, «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы», «Өлімнен ұят күшті» деген мақалдарды алайықшы. Расында, асыра айт­қандық емес, ар мен ұят категориясын қазақтай биікке көтер­ген халық некен-саяқ. Ар мен ұятты адамгершіліктің шырқау шы­ңына қойған қазақты текті емес деп қалай айтасыз. «Ұяттан өртенгенше қара жерге кір» деп тұр ғой. Ал сол ар мен ұят деңгейі қазір қаншалықты?

Тегінде қазақ баласын «ұят болады, обал болады, жаман болады» деп тәрбиелеген. Осы үш тәлімде тағылым жатыр. Қазір кім, кімнен не тағылым алып жүр? Тағылым алатын не бар? Тағылым – таза, тектіден болса керек-ті. Тағылымсыз нәрседен ғибрат жоқ. Біз неге күні бүгінге дейін Абайды оқимыз, Абайды іздейміз, Абайға жүгінеміз? Себебі Абайда тәлім де, тағылым да, ғибрат та бар. Өлмейтін, өшпейтін. Мойындау керек бүгінде тәрбиенің бәсі төмендеді. Тәлім ұмытылды. Бая­ғы қазақта «тәлімгерлік» деген нақ­ты ұғым болған. Жеке тәрбиені сол үйретті. Мысалы, Абылайдың тәлім­гері Ораз аталық. Жәңгір баласын Махам­бетке неге тә­лім­герлікке берді? Өйт­кені Жәңгір өзінде жоқ қасиеттердің ұшқынын Махамбеттен алсын деді. Олар – дала академиясы еді ғой! Кеңестік кезеңде «баламды мектеп тәрибелейді» деп түсіндік. Соған сендік. Кеңестік идеологияның арқасында солай болды да. Не қылғанмен сол кезеңде ізгіліктің шуағын шашуға тырысты. «Адам адамға дос», «Бірің көбің үшін, көбің бірің үшін», тағы басқа. Ал қазір ше? Кімге сенесіз? Қазіргі мектеп жүйесі қандай, мұғалімнің миссиясы не? Бұл да басы ашық тақырып.

– Сыртқы экспансияны айт­­па­ғанда, нарықтық кезеңдегі әлеумет­тік тұралаушылық, күн­кө­ріс қамы ата-аналардың бала­сымен ай­налысуы­на то­лық мүмкіндік беріп отыр ма? Жар­ғақ құлағы жастық­қа ти­мейтін жан­таласта, жансе­білде от­басылық тәр­бие ұмыт бо­ла бастады ғой.

– Сөз жоқ, «Баламның қарны ашпаса, киімі бүтін болсын» деген материалдық шарттылық рухани тәрбиеге көп көлең­кесін түсірді. Тегінде қазақ, «қарама­саң қатын кетеді, бақпасаң бала кетеді» деп тегін айтпаған. Осыдан келіп отба­сындағы әкенің рөлі туралы әңгіме шы­ғады. Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жиі көте­ріліп жүрген тақырып. Қоғам­дағы әлеуметтік теңсіздік пен қай­шылық әкелердің миссиясын ұмыттырды. «Әйел ерге, ер жерге қарағанның» кебін киді. Ақша таппайтын әкенің, еркектің құны көк тиынға айналды. Тепсе темір үзетін азаматтар қол қуысырып бос қалды. Кезбелікке салынды, арақ ішті, тағы басқа... Тоқсаныншы жыл­дардан бермен ала дорба ар­қалаған әйелдер қауымы аяу­сыз, қатыгез нарықпен бетпе-бет келді. Олар өзі үшін емес, балалары үшін үлкен тасқынға, сапырылысқа қойып кетті. Қазір­дің өзінде базар жағалап, сау­да қылып жүргендердің көбісі әйелдер қауымы. Біз оны жоққа шығара алмаймыз. Еркек елеусіз қалды. Бұған гендерлік саясатың да салқыны тимей қойған жоқ. Осының өзі отбасындағы бала-шағаның тәрбиесіне кері әсерін тигізді. Кешегі әкелердің орнын қалай қайтарамыз? Әке – айбар, сұс, таяныш еді ғой. Әрине, әкенің барлығы әлсіз емес. Алайда, қазақ қоғамындағы «әке беделі», «еркектің құны» деген мәселелер жоқ емес. Бар.

Қазіргі ортада ашық пікірлер мен сыни көзқарастар топаны мол. Ол әркімнің еркін таң­­­да­уына қатысты. Жалқыдан жал­пыға қарай жүретін тенденция. Сынау, мінеу – қазақта «жақсы» дамыған. Баяғыдан. Мін көрінген жерде сын айталатыны заңдылық. Және ол проблемалар бар жерде айтылады екен. О.Шпенглердің «Еуропаның ымырты» атты философиялық еңбегінде былай делінген: «Сын ұлы мәселелерді шешуге қабілетті ме немесе олар­дың ше­шілмейтіндігін белгілей ме? Біз не­ғұрлым көп білсек, екін­шісі солғұрлым біз үшін айқын бола бастайды. Біз әзірше үміт­ті сақтаймыз, біз құпияны проб­лема деп айтамыз». Расында сын толғақты мәселелерді то­лық шешуге қабілетті ме? Сы­ни көзқарастар неге дау-дамай­ға айналып кетеді? Ол сын қан­шалықты нақты және жеміс­ті? Әр­бір құпия нәрсе проблема екендігі даусыз.

– Құпиялар көбейген сайын басы ашылмаған мәселелер туындап отырады емес пе?

– Оны күнделікті өмірден көріп жүр­міз. Айталық, тап қазіргі шақта «бала­ларға жыныс­тық қатынас туралы ашық айту» мәселесі қызу талқыланып жатыр. Кейбір статистикалық мәліметтер (рас болса) жағаңды ұстатады. Қазақша түсінікпен айт­қанда бесіктен белдері шық­паған жасөспірімдер арасындағы мұндай келеңсіздік қоғамның ортақ сырқатына айналып бара жатқанын неге жасыруға болады?! «Қызым үй­де, қылығы түзде» деген қазақ. Біз, қо­ғам болып өз ұрпағымызды мына пәле­­лі тасқыннан қалай құт­қарып қа­ламыз? Үйлене салып ажырасудың тым көбейіп кет­кендігінде осының салдары жоқ па? Шынында, бір кездері қазақ тығып, құпиялап ұстаған ақпарлар қазір жалаңаштана бастады. Сол құпия проблемаға айнала бастаған жоқ па? Шешудің жолдары қайсы? Орта мектепте жыныстық қатынастың этикасы мен гигиенасын үйрететін әлгі пән бе? Осының қандай қа­жет­тілігі бар? «Он үште отау иесі» деген бабаларымыз. Мұны әлеуметтік жауапкершілік деп түсініп келдік.

Бұл проблемадан қашып құтыла алмайтынымыз рас бол­са, орта мектепте оқитын жас­өспірімдерге пән ретінде емес, мамандар тарапынан арнайы дә­ріс ретінде жүргізілсе де болмай ма? Әрине, бұл тақырыпқа келгенде консервативтік көз­қа­рас­тағылардың көп екендігі белгілі. Айналып келгенде, бала тәрбиесіне ата-ана тікелей жауапты. Осыны осалдатпауымыз керек. Әркім өз баласына ие болсын. Отбасындағы тәлім мен тәрбие осалдаған жерде барлық келеңсіздіктерді күтуге болады. Біз ешнәрсеге де қарамастан өзіміздің ұлттық болмысымызды, табиғатымызды сақтап қалуымыз қажет. Айтуға оңай. Оған мемлекет те, оның саясаты да мүд­делі болғаны абзал еді. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді ұлттық бағдарламалар ауадай қажет. Соны науқаншылдыққа ұрын­дырмай, жан-жақты саралап, терең қаузап іс қылғанымыз дұрыс. Ұлттық даралығыңды сақтау – қиын іс. Оған қалтқысыз сүйіспеншілікпен бірге жанкештілік қажет екен. Бұл еліңнің тәуелсіздігіне келіп тірелетін мәселе. Гам­летше айтқанда, «быть, или не быть?!»

Қазаққа озық ой мен терең па­йым керек. Дәстүрлі танымымыз бен мә­дениетімізді сақтап қана қоймай, оны жаңғыртуымыз ләзім. Біз қалайда Батыстың жалаңаш, даңғаза идеология­сы мен орта ғасырлық діннің жабық, оқшау, керітартпа экспансиясынан қазақтың болмысын, қазақтың жанын арашалауға міндеттіміз. Әр қазақ!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

 Әңгімелескен Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»