Азаматтық үн
Жұма, 7 маусым 2013 2:25
Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының орталық офисінде партия Төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек қоғамдық қабылдау өткізді.
Б.Байбектің осыған дейінгі аймақтарды аралаған сапарларында қоғамдық қабылдаулар өткізгені жақсы мәлім. Ал бұл жолғы елордадағы қабылдауына негізінен азаматтық ұстанымдары айқын, елге қажетті іске жаны ауыратын белсенді қоғамдық институттардың өкілдері келіпті.
Жұма, 7 маусым 2013 2:25
Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының орталық офисінде партия Төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек қоғамдық қабылдау өткізді.
Б.Байбектің осыған дейінгі аймақтарды аралаған сапарларында қоғамдық қабылдаулар өткізгені жақсы мәлім. Ал бұл жолғы елордадағы қабылдауына негізінен азаматтық ұстанымдары айқын, елге қажетті іске жаны ауыратын белсенді қоғамдық институттардың өкілдері келіпті.
«Отбасылық тәрбие» ЖШС-нің бас директоры Софья Евдокимова қабылдауға отбасылық құндылықтарды қасиеттеуге негізделген жобаларын арқалай жетіпті.
Үш жыл бұрын құрылған институт осы уақыт ішінде отбасының іргесі бекуіне қатысты өздері атсалысқан бірнеше бағдарламаларын айта келе, бұл ретте елімізде арнайы маманданған педагог-психологтардың аздығына тоқталды. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін облыстардан келген педагог-психологтардың институт қабырғасында біліктіліктерін арттырғанын, оған еліміздің Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау табылғанын, керісінше, отбасының іргесі қаланар сәтте олармен жұмыс жасайтын АХАЖ-орталықтарында психолог мамандардың мүлде жоқтығын айтып, Әділет министрлігіне жазған хатына жауап болмай отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, Қорғаныс, Денсаулық сақтау министрліктеріне де бірнеше рет хат жазып, жауабын күтіп, екі көздері төрт болғанын тілге тиек етті. Осылайша өзі үшін емес, көп үшін шырылдаған С.Евдокимова нұротандықтардан өздері атқарып жүрген жұмыстарына қолдау көрсетуді сұрады.
Партия Төрағасының орынбасары: «Софья Львовна, сіздің белсенді азаматтық көзқарасыңызға алдымен алғысымды білдіргім келеді. Жеке басыңыздың қамымен емес, бүкіл қоғамымыз үшін қажетті, аса маңызды іспен партияға сенім артып келгеніңіз өте қуатталатын қадам. Бұл – біздің партиялық доктринамызбен өте үндес, Елбасының өзі үнемі назарында ұстайтын мәселе. Сондықтан партия, алдын ала айтайын, бастамаларыңызды қолдайды, ал оның қандай бағыттарда жүретіні өздеріңізбен ақылдаса отырып, бір айдың ішінде шешіледі», деп жауап берді.
Қоғамдық қабылдаудың ендігі өтініш білдірушісінің де ойлағаны балалар қамы екен. Балалар мекемелері мен мектептерде дұрыс тамақтану мәселесімен айналысып жүрген Марат Баелев балалардың тамақтануында бірыңғай үлгі-қалыптың жоқтығын алға тартты. Мұның үстіне еліміз бойынша көптеген мектептерде оқушыларға ыстық тамақ та берілмейді екен. Егер пайызға шағып есептесе, ол 69-дан көтеріліп көрмепті. Стандарт жоқтығынан асханаларға әкелуге болатын азық-түліктердің реестрі жасалмаған. Оның арты көбіне мектеп асханаларына балалар ағзасына зиянды тағамдар еніп кету тәуекелін арттырады.
Осылай деген Марат Сембайұлы Денсаулық сақтау министрлігінде балалар диетологы штатының қарастырылмағанын алға тартты. Елдің болашағы балалардың денсаулығына қатысты мәселеге партия тарапынан қолдау сұраған қоғамдық ұйым өкілі осы маңызды проблеманы жөнге қоятын заңдық негіз қалануы қажет деген ойын жеткізді. Мәселенің мәнісін түбірінен ұғынған Б.Байбек: «Ойларыңыз өте орынды, бұл іске тиісті министрліктермен қатар, Парламенттегі нұротандықтар да араласады деген пікірдемін. Ұсыныстарыңыз бен өтінішіңізді қалдырыңыз, қарастырамыз», деп жауап берді.
Ал айтыс сүйер қауымға «Сары тентек» болып танылған Қуаныш Мақсұтов халқымыздың төлтума өнері– күйдің дәстүрлі ерекшеліктерін сақтау мен насихаттау үшін республикалық «Шертпе күй» фестивалін өткізуге «Нұр Отан» ХДП-дан көмек сұрай келіпті. «Сайгез» жеке қорын басқаратын айтыскер ақын өнер индустриясын жолға қою қажет деген Елбасымен бір кездескенде тапсырма алғанын, сол бойынша өздері атқарған жұмыстарды айтып, шығарған өнімдерін де көрсетті. Төраға орынбасары Қ.Мақсұтовтың да ұсынысын толық қолдап, фестивальді бірлесе өткізу мәселесінің жан-жақты қаралатынын айтты.
Өнер–халықтың өлмес байлығы. Оны ұрпақтардан ұрпақтарға жеткізіп, алтындай жарқырата, мазмұнын байыта, неғұрлым қалың көпшілікке насихаттай өрлету партияның да назарында екенін жеткізген Бауыржан Байбек тағы да азаматтық үндері айқын отандастарға ризашылығын жеткізді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».