Жас патриоттар жиыны
Сейсенбі, 11 маусым 2013 2:08
Қостанайда әскери-патриоттық клубтардың «Жас патриот-2013» республикалық слеті жетінші рет өтті.
Отанымыздың тыныштығын қорғау үшін алдымен жас ұрпақтың бойында елге, жерге деген патриоттық сезімді қалыптастыру қажет. Сол үшін еліміздің барлық өңірлерінде балалардың әскери-патриоттық клубтары жұмыс істейді. Қостанай облыстық жастар саясаты басқармасының тапсырысымен Балалар мен жастар ұйымдарының қауымдастығы ұйымдастырған слетке бұл жолы Семей қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысынан да әскери-патриоттық клубтар келді.

– Слеттің қасиетті Жеңіс паркінде басталуының маңызы ерекше. Ұлы Отан соғысында Қостанай өңірінен 31 Кеңес Одағының Батыры, 9 жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері шықты. Олар Отаны үшін жау оғына кеудесін тосты, қасық қаны қалғанша жаумен алысты, сөйтіп Жеңісті жақындатты. Сендер сондай батырлардың ұрпағысыңдар! Аға ұрпақ ерлігі сендерге үлгі болсын! Біздің кең байтақ Отанымызды қорғайтын, оның тыныштығын күзететін сендер боласыңдар. Отанды сүйіңдер, оны қорғауға әрқашанда дайын болыңдар! – деді слетте Ұлы Отан соғысының ардагері, Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Михаил Подоляков.
Отанды қорғаушылар ең алдымен шымыр болулары және әскери жаттығуларды шебер игере білулері керек. Екі күнге созылған слеттің барлық шаралары Ішкі істер министрлігінің Қостанай қаласы іргесіндегі №66/97 ішкі істер әскери бөлімінің әскери полигонында өтті. 2007 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әскери-патриоттық клубтардың облыстық, республикалық слеттері балаларды шыңдай түсумен бірге, оларға әскери өмірдің мәдениетін үйретіп, қыр-сырынан ақпараттандырады.
– Республикалық слеттің ең бірінші артықшылығы – балалар бірімен бірі араласады, достасады. Жарыста әр взвод жеңіске бірігіп ұмтылады. Осындай шараларда танысып, достасудың балалардың болашағы үшін маңызы зор. Олардың барлығы ертеңгі сарбаздар ғой. Достық бар жерде әлімжеттік сияқты келеңсіз оқиғалар орын алмайды. Осы слетте балаларға еліміздің Қарулы Күштері жөнінде айттық, әр әскердің өз ерекшелігі бар. Олардың барлығынан жас патриоттардың хабары болуы тиіс, – дейді Қостанай қаласындағы «Қайсар» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Анатолий Батерин.
Облыстағы әскери-патриоттық клубтар дайындалатын алаңның жоқтығы, олардың материалдық-техникалық базасының нашарлығы өзекті болып отыр. Ал ішкі істер әскери бөлімінің өзінің әскери полигонын ұсынуы биылғы слеттің басты ерекшелігі мен артықшылығына айналды. Сондықтан слет шаралары нағыз әскери өмірге жақындай түсті.
– Слеттің мақсаты да сол – балаларды әскерде қызмет етуге, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге насихаттау, – дейді Балалар мен жастар ұйымдары қауымдастығының төрайымы Наталья Новодворская.
Слетке қатысушылар әскери полигонда түрлі кедергілерден өтіп, «кепілге алынғандарды» құтқарды, тағы да көптеген әскери тапсырмаларды орындады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.