«Биыл 2700 гектарга алқапқа дәл егіншілік технологиясын енгіздік. Бидаймен қатар күнбағыс, соя, арпа, жүгері сынақтан өтеді. Қытайлық және америкалық тәжірибелерді қолдану арқылы теріскейдің климаты мен топырағына төзімді ауыл шаруашылық дақылдары сұрыптарын аудандастырмақпыз», деді өз сөзінде А. Күрішбаев.
Шынында да, желмен тербеліп, жайқала өсіп тұрған ел ризығы тың технологиялар мен заманауи қондырғылардың көмегімен өсірілген. Мамандардың болжамынша гектапр берекелігі 30 центнерден кем болмайтын түрі бар.
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ жер ресурстарын басқару, сәулет және дизайн факультетінің деканы Фараби Ермековтың айтуынша, әуеге көтерілген дрон-дәл егіншіліктің бірден-бір таптырмас құралы. Ол арқылы жердің нақты картасы жасалып, нендей дақыл егілетіні, қай учаскеде арамшөп шыққаны, былайша айтқанда, мол әрі сапалы өнім алудың барлық ақпараттары дәлме-дәл жинақталады. Дрондар мен алыстан басқарылатын ұшақтарда қарапайым оптикалық камера, мультиспектралдық камера, тепловизор мен лазерлік сканер орнатылған. Осының арқасында жердің 3Д моделін жасауға болады.Тағы бір көмекші – метеостанциялар. Олар топырақтағы ылғал мөлшері мен температураны анықтайды. Жауын-шашын, ауа райы өзгерістерін болжайды.
«Бұрын агрономдар егістік науқанын бастау уақытын жерді қолмен ұстап білетін. Бірақ, бұл – кеңестік кезеңнен қалған ескі әдіс. Қазір–автоматика ғасыры. Диқандар осындай озық қондырғыларды тиімді пайдалана білсе, жаңаша еңбек ете алады», деді жиында Құмар Іргебайұлы.
Жиында арамшөпті құртатын гербицидті шамадан тыс қолдану дақыл үшін де, адам ағзасы үшін де өте қауіпті екені айтылды. Өкінішке орай, оны шаруалардың дені ескере бермейді. Улы тыңайтқышты барлық алқапқа төге салатын жайттар кездеседі. Теріскейдің топырағы өте құнарлы екеніне қарамастан кей шаруашылықтар оның әлеуетін тиімді пайдаланып жүрген жоқ. Орташа өнімділікті 15-16 центнерден асыра алмай жүр. Сұрып қанша сапалы болса да құнарсыз жерге егілсе, ешқашан мол өнім бермейді. Осы себепті жерді тыңайта, құнарландыра білудің маңызы зор.
Бүгінде 120 жергілікті агроқұрылым цифрлық технология бойынша жұмыс істейді. Келесі жылдан бастап бірнеше аудандарда цифрландыру элементтері енгізіледі.
Солтүстік Қазақстан облысы