Аймақтар • 17 Тамыз, 2019

Шәмшінің ұлы Мұхтар Қалдаяқов Қостанайға ән тарту етті

1569 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда қаланың 140 жылдығына арналған мереке басталып кетті. Осы шара аясында атақты композитор, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов әндерінің «Шәмші әлемі» атты концерті болды.

Шәмшінің ұлы Мұхтар Қалдаяқов Қостанайға ән тарту етті

Оған Абай атындағы опера және балет театрының әртістері қатысты. Осы театрдың дирижері және көркемдік жетекшісі, композитор, Шәмшінің ұлы Мұхтар Қалдаяқов осы жобаны басқарып келді. Ән десе Шәмшіні еске алатын, Шәмші десе ішкен асын жерге қоятын қостанайлықтар қаладағы жаңа мәдениет шаңырағы, мың орындық «Жастар сарайына» лық толды.

Мұхтар Қалдаяқов дирижерлік еткен оркестрдің сүйемелдеуімен опера және балет театрының әншілері Шәмшінің ылғи кең тараған әндерін орындады. «Құлақтан кіріп, бойды алған» сұлу әндер мен әншілерге қостанайлықтар да қошеметтерін аямады. Қазақ өнері қара шаңырақтарының бірі Абай атындағы опера және балет театрының әншілері Төлеген Рахымбаев, Дархан Жолдыбаев, Фархад Көбеев, Расул Жармағамбетов, Балуан Беркенов, Азамат Малышев, Нәдия Наденова және Татарстаннан келген әнші Айгүл Гардисламова қостанайлықтарды Шәмші әндерінің әсеріне бөледі. Эстрада әншісі Диана Шарапова Қостанай музыка мектебі скрипкашыларының сүймелдеуімен Шәмшінің «Отырардағы той» әнін орындады. Жас скрипкашылардың арасында атақты композитордың немерелері Алина мен Абай Қалдаяқовтар да өнер көрсетті.

Осы концертте тектінің тұяғы Мұхтар Қалдаяқов Қостанайдың 140 жылдығына арнап, қалаға «Мой Костанай» атты әнін тарту етіп, ол тұңғыш рет орындалды.

«Атамыздың кең таралған әндерінен тұратын үлкен концертті біз Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің қолдауымен Алматы қаласында өткізгенбіз. Концерт екінші рет облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қолдауымен Қостанайда өтіп отыр. Атамның әндері халқының жүрегіне жазылып қалған ғой, көрермендер өте ықыласпен тыңдады» дейді концерттің продюссері, Шәмшінің келіні Ботагөз Қалдаяқова.

 

 

Қостанай