Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
Жұма, 14 маусым 2013 2:34
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған делегация Анкарада өткен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) жиындарына қатысып қайтты, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
5 жыл бұрын Түркияда ТүркПА құру туралы тарихи келісімге қол қойылған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Ассамблея қазіргі уақытта түркітілдес елдерді бір арнаға біріктіретін беделді ұйымға және аз уақытта, бірақ өте жауапты кезеңде бауырлас мемлекеттерді жақындастыруда, жалпы, мемлекетаралық байланысты дамытуда өзіндік орны бар бірлестікке айналды.
Жұма, 14 маусым 2013 2:34
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған делегация Анкарада өткен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) жиындарына қатысып қайтты, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
5 жыл бұрын Түркияда ТүркПА құру туралы тарихи келісімге қол қойылған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Ассамблея қазіргі уақытта түркітілдес елдерді бір арнаға біріктіретін беделді ұйымға және аз уақытта, бірақ өте жауапты кезеңде бауырлас мемлекеттерді жақындастыруда, жалпы, мемлекетаралық байланысты дамытуда өзіндік орны бар бірлестікке айналды.
Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Асылбек Жээнбеков: «Бұл ұйымның негізін қалаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. ТүркПА құру туралы шешім уақыт талабынан туындады. Біз бірігуіміз керек. Әрине, әр мемлекеттің мүмкіндігі әрқилы. Бірақ, біздің бірге болуымыз, бір-бірімізге көмектесу керектігіміз ешқандай дау тудырмайды», деген ойын ортаға салды. Әзербайжан Милли Меджлисінің төрағасы Октай Асадов та қырғызстандық әріптесінің пікіріне ортақтаса келіп, біздің парламенттердің ендігі мақсаты Ассамблеяны дамыту екенін атап көрсетті. Төрт елдің парламент өкілдері өздерінің 5 жылдық жұмыс қорытындыларын шығарып қана қоймай, болашаққа арналған маңызды жоспарларды да талқылады.
Олардың қатарында қауіпсіздік, инновация, мәдениет және білім салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды орынға ие.
Түркия ТүркПА төрағалығын қабылдаған ел ретінде, парламентаралық үнқатысуды дамытуға күш салатын болады. Оған жиын барысында алғашқы қадам жасалып, Нұрлан Нығматулин мен Джемиль Чичек Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
– Біз Қазақстанмен барлық салада ынтымақтастықты нығайтуға разымыз. Әсіресе, парламентаралық деңгейде. Біздің ұқсастықтарымыз өте көп және Нұрсұлтан Назарбаев тек Қазақстан Президенті ғана емес, жалпы түркі әлемінің көшбасшысы, – деді Джемиль Чичек.
Қазақстан мен Түркия елдерінің спикерлері бұл меморандумның екіжақты заң шығармашылық қызметінде және парламентаралық бірлестік аясында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді.
Нұрлан Нығматулин өз кезегінде осы сан қырлы құжат біздің елдеріміздің стратегиялық жоспарларын парламентаралық деңгейде жүзеге асыруға жол ашады. Яғни түркітілдес елдер парламенттерінің заманауи өзекті мәселелерді бірлесіп шешу мүмкіндіктерінің зор екендігін көрсетіп отыр. Бұл тағы бір мәрте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ТүркПА құру идеясының маңыздылығын дәлелдейді. Біздің мақсатымыз – ынтымақтастығымыздың тиімділігін одан әрі арттыра түсу үшін осы ұйымның әлеуетін барынша кеңінен пайдалану, деді.
ТүркПА шаралары аясында Нұрлан Нығматулин бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Парламентаралық ынтымақтастықты нығайту жайы Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Асылбек Жээнбековпен болған кездесуінде де сөз болды. Ал Әзербайжан Милли Меджлисінің төрағасы Октай Асадовпен Нұрлан Нығматулин ТүркПА-ның әлеуетін түркітілдес мемлекеттердің өзара тиімді қимыл-әрекеті жолында пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.
ТүркПА-ның кезекті бесінші жалпы отырысы келер жылы Бакуде өтеді. Ал бұл жолғы парламентшілер басқосуы Анкара декларациясын қабылдаумен аяқталды.