Қазақстан • 19 Тамыз, 2019

Ғылымды қаржыландыру – маңызды мәселе

1854 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемнің дамыған мемлекеттері ғылымды бәсекеге қабілетті қоғам құрудың іргетасы деп есептейді. Әлемдік білім кеңістігінің жаңа сапалық белгілерін де ғы­лым­ның дамуы айқындауда. Әсіресе «цифрлы қоғамда» қай мемлекет ұрым­тал, тиімді ғылыми жаңалықтар мен ақпараттарды жасай алса, сол мем­лекеттер пай­даға кенеледі, күшейе түседі. Цифрлы технологияларды мең­герген жас ұр­пақтың мемлекетке пайдалы шаруамен айналысуы ғылыми зерт­теулерді жолға қоюда шешуші рөл атқаруда. Жылдам өзгеріп жатқан қоғам­ның эко­но­микалық жаңаруы, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы, балама­лы қуат көз­дерін пайдалану, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқ­ты мін­деттер ғылыми ізденістер мен зерттеулерді белсенді жүргізуге тәуелді.

Ғылымды қаржыландыру – маңызды мәселе

Қазақстан билігі ғылым мен бі­лімді дамытудың зәрулігін тү­сі­ніп отыр. Президент Қ.Тоқаев таяуда өткен Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында «Біздің елдегі ғылымды қар­жыландыру – 0,13 %, ал да­мы­ған елдерде болса – 2,5%. Бізде өте аз шығын жұмсалады. Сондықтан ғылымға бөлінген қаржы­ны пайдалану тиімділігі төмен. Са­рап­­шылардың пі­кі­рін­ше, ғылымға бөлін­ген қаржы ІЖӨ 1,5 па­йызынан төмен болса, шығынның толық­қан­ды қайтарымы болмайды. Үкімет осыны білуі керек. Жеке секторды ғылымға тартудың түрлі механизмдерін дамыған елдер тәжірибесіне сүйеніп жасау қажет. Қазіргі әлемде ғылымсыз бір қадам баса алмайсыз. Ғылым беде­лін арттырудың жүйелі ұйымдастыру шараларын іске асыру жолы тұр» деп атап көрсетті. Президент Үкімет пен ғылыми қауымдастықты ғылымның дамуына бөгет болып отырған кедергілерді жоюдың жолдарын табуға шақырды. Осы мәселелердің барлығы білім мен ғылым дамуының мемлекеттік бағдарламасында есепке алынуы тиіс. Білім мен ғылымға жұмсалатын шығын көлемі ІЖӨ 5%-ға жеткізу жоспарын жасауды Президент Үкіметке тапсырды.

Бұл жоспарлар Қазақстан билігінің білім мен ғылымға нақты бетбұрысын көрсетеді. Сонымен бірге білім мен ғылым­ға жұмсалатын қар­жы­ны дұрыс үйлестіру өте маңызды. Дамыған елдерде ресурстардың білім мен ғылымға тиесілісі 3:1-ге тең. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 20:1. Білімге – 19, ғылымға – 1. Бұл бөлініс өте зиянды. Ғылымды қаржыландыру 0,13 % болуы тіпті көптеген дамушы елдерден де төмен. Сальвадор, Қырғызстан, Камбоджа сияқты кедей елдермен қатар дәрежедеміз. Ал Франция – 54,4 млрд, Ұлыбритания – 49,7 млрд, АҚШ – 508,3 млрд доллар ғылымға бөліп, ІЖӨ-нің – 3 %-ын жұмсап отыр. Оңтүстік Корея болса, 58,5 млрд доллар, яғни ІЖӨ 5 %-ын ғылымға бөлуде. Тіпті Ресейдің өзі 15,5 млрд долларын ғылымға бөліп, ІЖӨ 1 пайызын жұмсайды. Ал Қазақстанның ғылымға жұмсайтын бар-жоғы 0,2 млрд доллары дамыған елдерден 19 есе кем. Бұл – 2017 жылғы көрсеткіштер. Бірақ бұл деректер соңғы 2 жылда жақсы жаққа қарай өзгерген жоқ. Қазір Қазақстанның ғылыми әлеуе­ті қауіпті шекке жетті. Енді ғы­лым­ды дамыту шарала­ры жолға қойылмаса кеш бола­ды.

Қазақстан ғылымы қаржы­лан­дыру­дың мардым­сыз­ды­ғы­на қарамастан өз әлінше елге қызмет етуге ұмтылып ке­леді. Осы ретте халықтың рухани мәдениеті мен тарихи жадын оятуда зор рөл атқарған Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы да­ла­ның жеті қыры» атты мақалаларында айтылғандай, Қазақстанның әлемдік рухани кеңістіктегі және та­рихи үдерістегі орны мен рөлі туралы қағидаттық идеяларын дамытып, тереңдетіп, зерттеудің маңызы кү­шейе түсті. Білім және ғылым ми­нистр­лігінің Ғылым комитеті ел Үкіметінің бас­шы­лығымен Елбасының мақа­ла­ларында көтерілген иде­ялар мен ұсы­ныс­тарды іске асырудың кешенді жос­па­рын жасады. Институттың ғылыми және ақпараттық қызметін нарықтық жағдайға икемдеу мақсатында Ғылым комитеті оны мемлекеттік-қазыналық кәсіпорын статусынан шығармашылықты жүргізуші кәсіпорын статусына ауыстыруды іске асыруда. Министрлік биыл 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарға ар­наулы ғылыми гранттар конкурсын жариялады.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсти­ту­тының ұжымы Елба­сының аталған мақалаларында берілген тапсырмаларын о­рындау барысында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Жаңаша тарихи ойлау, тарих ғылымындағы ізденістер жүргізу нәтижесінде соңғы 2-3 жылда институтты қаржыландыру еселеп артты. 2017 жылы институт ұжымы бар-жоғы 2-3 гранттық жобаны орындауға жетіссе, қазір 6 гранттық жобаны, 3 мемлекеттік тапсырысты, 2 бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларын жүргізуде. Осының нәтижесінде 2016 жылдан бері институт ғалымдарының саны 54 қызметкерден 74 қызметкерге өсті. 2 жылда институтқа 20 ғылым докторы, PhD, кандидаттарымен қатар жапон, қытай, парсы тілдерін жетік білетін мамандар тартылды. Мақсат – әлемдік тарих ғылымының жетістіктерін Отан тарихын зерттеу мүддесіне пайдалану. Шетел архивтерінде жатқан Қазақстан тарихына қатысты материалдарды, құжаттарды ғылыми айналымға енгізу.

Институт ұжымы алдындағы міндет – Қазақстан тарихындағы «ақтаң­дақ­тардың» орнын толтыру, Ұлы даланың объективті, тарихи шындыққа сәйкес келетін нағыз тарихын қалпына кел­тіру, әлемдік тарихтың қ­ұрамдас бөлігі ретіндегі қа­зақ халқының көне заманнан бүгінге дейінгі дамуының эволюциялық жолын көрсету.

2018 жылы ғана институт архив құжаттарының 2 жина­ғын шығарды. Олар бұрын жарияланбаған архивтік материалдар: «Султаны и батыры среднего жуза (вторая половина XVIII века). Сборник документов» және «Алаш в истории государственности Ка­захстана: идеи, судьбы и наследия». Бұл жинақтарда бұрын ғылыми айналымда болмаған көп құжаттар бар.

Институттың жаңа зерттеулер мен еңбектерінің бірі 3 томдық «Қазақстан тарихы. Энциклопедия» ұжымдық еңбегі. Бұл жұмыстың 1 томында, А-Ж әріптеріне қатысты тарих мәселелері мен оқиғалары хатталып баспаға беріл­ді. Алдағы 1 жылда 2-3 томдары дайындалып бітуі керек. Қазақстанның тарих ғылымында өзінің төл энциклопедиясы болмағаны белгілі. Кеңестік дәуірде де, тәуелсіз Қазақстан кезеңінде де мұндай күрделі жұмыс атқарылған жоқ. Бұл еңбек осы үлкен кемшілікті жоюға бағытталған. Оқырман қазақ тарихына қатысты қандай да бір ма­ңыз­ды оқиғаны, тұлға­ны, фактіні осы энциклопедия­дан тауып, қысқа да нұсқа мәлімет­тер алады. Сонымен қатар тарих энциклопедиясы басқа ғылымдар салаларына қатысты энциклопедияларды қайталамайды. Бұл еңбектің басты міндеті – дұрыс тарихи сана, тарихи ойлау жүйесін қалыптастыру.

Мысалы, «жылқы мәдениеті» ұғымына қатысты мақалаларда Еуразия кеңістігіндегі түрік халық­тарының тарихи Отаны, қазіргі Қазақстан аумағында адам баласы жылқыны қалай қолға үйреткені, оны мініс, көлік малына айналдырғаны, бір­тіндеп жауынгерлік сапар­лар­дағы шешуші күшке жет­кіз­ген жылқыға жүген, ер-тұрман, үзеңгі, құйысқанға де­йін салғандығын нақты фак­­тілермен, деректермен, дәлелдеп көрсеткенбіз. Қа­зақ­стан тарихының тұлға­ла­рына қатысты жүйелі мәлі­мет­тер бар. Мысалы, КСРО құрамында болған кезеңдегі Қазақстанды, облыс­тарды басқарған азаматтар туралы жазғанда барлық басшыларды енгізу тіптен мүмкін емес. Сол себепті ерен еңбегімен, Қазақстанның тағдырына ық­пал еткен қызметтерімен ерек­ше­ленген басшы азаматтар энцикло­педия­ға енгізілді. Мы­са­лы, Т.Жүргенов, Ж.Тәшенов, К.Бозтаев сияқты қа­зақ халқы үшін жанпидалыққа бар­ған азаматтардың есімдері энциклопедияда бар.

Қаржыландыратын гранттық жобаларда көшпелі қазақ қоғамының тарихынан бастап, қазақ этнологиясына қатысты бірнеше кешенді тақырыптар зерттеліп жатыр. Тарих институты ел тарихына қатысты барлық мәселемен бір мезетте айналысуы мүмкін емес. Сондықтан Елбасы айқындаған тарихи ой-сананы қалыптастыру мен тәрбиелеудің стратегиялық бағыт­та­рын зерттеу объектісі ретінде таң­дай­ды. Қазір институт ұжымы 3 жыл­ға белгіленген «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Қазақстан халқы» интерак­тив­ті ғылыми картасы», «Шетел архив­те­ріндегі Ұлы дала тарихына байланысты археографиялық жұ­мыс­тар» тақырыптары бойынша мемлекеттік тапсырма­лар­ды орындауда. «Архив – 2025» бағдарламасы аясында ғалымдар Мәскеу, Астрахань, Омбы, Орынбор қалаларындағы Ресей архивтеріндегі осы уа­қыт­қа дейін жабық болып кел­ген 5 мыңдай құжаттарды алып келді. Әрбір ғылыми жобаны сол тақырыпты терең меңгерген жетекші ғалым мен шығармашылық топ орындайды. Еңбек қорытындылары ғылыми монографиялар, мақа­ла­лар, карталар, ғылыми конференциялар материалдары ретінде жария­ланып, отандық және әлемдік ғылыми айналысқа енгізіледі. Зерттеулердің негізгі нәтижелері міндетті түрде ағыл­шын, орыс тілдерінде, қажет болғанда басқа тілдерде жария­ланады. Мысалы, кейінгі жылдары Түркия мемлекетінде түрік тілінде жарияланған Қазақ тарихына қатысты еңбектер саны арта түсуде. Қытай тарихшылары Қазақстан тарихының 5 томдығын аударуға кірісті.

 

Сайын БОРБАСОВ,

 Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының

ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор