Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту мақсатында биылдың бірінші жартыжылдығында 2310 іс-шара өткізіліп, оған 265442 адам қатысқан. Ал облыста денешынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 587 220-ға жетіп, тұрғындардың спортпен қамтылуы 29,5% болған. Яғни, Жолдауда жүктелген тапсырма орындалуға жақын. Жалпы өңір тұрғындары спортқа жақын, әрі қолайлы ауа райы мен жасалған жағдайлар жыл бойы денешынықтырумен айналысуға мүмкіндік береді. Бүгінде облыс көлемінде 4281 спорт нысаны тіркелген. Сондай-ақ 64 (оның ішінде: 15 облыстық, 49 қалалық және аудандық) мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері мен кәсіпорындары жұмыс істеуде. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаевтың айтуынша, өңірде 52 (26 олимпиадалық, 26 олимпиадалық емес) спорт түрі дамытылуда. Өңір спортының деңгейін жеңісті жолдардан да аңғаруға болады. Мысалы, өткен жылы облыс спортшылары еліміздің чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 387 алтын, 382 күміс, 365 қола медальға қол жеткізсе, Азия чемпионаттарында 73 алтын, 58 күміс және 38 қола медальға, ал Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 32 алтын, 15 күміс және 16 қола медаль жеңіп алды. Биылдың өзінде, яғни бірінші жартыжылдықта облыс спортшылары ел чемпионаттарына қатысып, 155 алтын, 137 күміс, 161 қола медаль жеңіп алған. Азия чемпионаттары мен кубоктарында 47 алтын, 5 күміс және 3 қола медальға қол жеткізсе, Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 8 алтын, 5 күміс және
1 қола медальға ие болды. Жыл басынан бері 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 4 ҚР спорт шебері, 116 спорт шеберіне үміткер дайындалған. Еліміздің ұлттық құрама командасының негізі құрамында өңірден 454 спортшы, жастар құрамасында – 400, жасөспірімдер құрамасында – 370, жалпы 1224 спортшы бекітілген.
– Спортшылардың, сонымен қатар жаттықтырушылардың еңбегінің нәтижесін, әрине түрлі жарыстарда бағалауға болады. Мысалы, биыл ақпан-қыркүйек айларында спорттың 40 түрінен еліміздің V жазғы Спартакиадасы, республикалық кешенді жарысы өтуде. Қазіргі таңда, Түркістан облысының спортшылары 33 спорт түріне қатысып, 26 алтын, 23 күміс, 35 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте 6 орында тұрақтады. Өз өңірімізде немесе Шымкентте өтетін жарыстардың біз үшін маңызы зор. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне жауапкершілік пен жергілікті жанкүйер алдында жеңіске жету еселі еңбекті қажет етеді. Бұл орайда 52 спорт түрінен 58615 спортшыны 1791 жаттықтырушы дүбірлі додаларға дайындап жүргенін айта кетейін, – дейді Полат Қырықбаев.
Иә, өңірдегі жарыстардың жөні бөлек, ауылдасының алдында ұятқа қалмас үшін де әрбір спортшы барын салады. Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Б.Саттархановты еске алуға арналған 2001-2002 жылдары туған өрендер арасындағы халықаралық жарыс Түркістан қаласында өткізілген болатын. Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекеттері мен еліміздің барлық өңірінен 150 спортшы бақ сынаған жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық 1-орынды Шымкент қаласы, 2-орынды Түркістан облысы, 3-орынды Алматы облысының командасы иеленді. Сидней Олимпиадасының чемпионы Е.Ыбраимовтың, Афины Олимпиадасының чемпионы Б.Артаев, Әлем чемпионы Б.Жақыповтың жанкүйер және қонақ ретінде қатысуы да жергілікті жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түскені анық. Облыс орталығы немесе үшінші мегаполисте ғана емес іргелі жарыстар ауылдарда да ұйымдастырылуда. Мысалы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында қазақ күресінен ересектер арасында даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Аталған турнирге еліміздің барлық өңірі мен Ресей, Өзбекстан, Моңғолия мемлекеттерінен 300-ге жуық спортшы қатысты. Түйе балуан сайысында жеңімпаз атанған алматылық Руслан Әбдразақовқа Түркістан облыстық қазақ күресі федерациясы тарапынан жаңа «Нива» автокөлігі тарту етілді. Ал Кентау қаласында триатлоннан ересек спортшылар арасында Қазақстан Республикасы кубогының І кезеңі өтті. Тартысты өткен жарыста жалпыкомандалық 1-орынды Ақмола облысы, 2-орынды Алматы қаласы және 3-орынды Шымкент қаласы иеленді. «Осындай жарыстардың ұйымдастырылуы спортшыларымыздың кәсіби деңгейін көтеруге және жергілікті тұрғындардың бұқаралық спортқа қызығушылығын арттыра түсуге ықпал етеді. Әсіресе, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына оң әсерін тигізері анық. Облыста 2018-2020 жылдарға арналған кешенді аймақтық жоспарға сәйкес, денсаулық сақтау, білім, отбасы балалар және жастар істері жөніндегі басқармалармен бірлесе жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта білім мекемелеріндегі 6428 спорт секциясына 162 792 оқушы қамтылып, ол 35%-ды құрап отыр. Басқа да салаларда түрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Тұрғындардың спортқа ден қоюына, кәсіби спорттың өңірде дамуына облыс әкімдігі үнемі қолдау көрсетіп келеді. Облыс әкімі Ө.Шөкеев жеңімпаздарды қабылдап, спортшылармен кездесулерде пікір алмасып, саланы дамыту мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде өз көзқарасын білдіруде. Біз үшін еліміздің намысын әлемдік, халықаралық ареналарда қорғап, абыройымызды асқақтатын спортшыларымыздың да, өз денсаулығын нығайту мақсатында арнайы нысандарда денешынықтырумен айналысып жүрген азаматтарымыздың да көбейгені маңызды», – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев.
Түркістан облысы