Тәртіп талаптан туындайды
Сәрсенбі, 9 қаңтар 2013 7:30
Қоғамның тұтынушылықты ғана көздейтін масылдық пиғылының қауіпті екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында ашып көрсеткен болатын. Материалдық құндылық тек нақты еңбектің нәтижесінде туатынын да Президент өз мақаласында атап айтқан еді. Әрине, өндіріс қатынастарында еңбектің нақтылы және абстрактілі болатынын, тек нақты еңбек қана өнімнің адамға қажетті пайдалану, тұтыну сипатын жасай алатынын материализм теоретиктері ежелден дәлелдеген. Елбасы өзінің аталмыш мақаласында осы теорияның біздің өмірімізге тән сипатын тереңдеп ашып, ұғынықты тәсілмен түсіндіре түсті. Сонымен қатар, әлемнің әміршісі еңбек екенін нақты көрсете білді.
Сәрсенбі, 9 қаңтар 2013 7:30
Қоғамның тұтынушылықты ғана көздейтін масылдық пиғылының қауіпті екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында ашып көрсеткен болатын. Материалдық құндылық тек нақты еңбектің нәтижесінде туатынын да Президент өз мақаласында атап айтқан еді. Әрине, өндіріс қатынастарында еңбектің нақтылы және абстрактілі болатынын, тек нақты еңбек қана өнімнің адамға қажетті пайдалану, тұтыну сипатын жасай алатынын материализм теоретиктері ежелден дәлелдеген. Елбасы өзінің аталмыш мақаласында осы теорияның біздің өмірімізге тән сипатын тереңдеп ашып, ұғынықты тәсілмен түсіндіре түсті. Сонымен қатар, әлемнің әміршісі еңбек екенін нақты көрсете білді.
Масылдық қоғамның сипатын, қайғысы мен қасіретін француз ойшылы Жан Бодрийяр да өзінің 1970 жылы шығып, 2006 жылы орыс тіліне аударылған еңбегінде біршама тереңдеп ашқан. Ол масылдықты санасыз негіздегі психологиялық қалып ретінде қарастырады. Масылдық, яғни тұтынушылықты ғана көздейтін қоғам – нақты сезімі, мәдениеті жоқ өзін өзі алдайтын қоғам. Онда тіпті, байлықтың өзі шын мәніндегі тапшылықтың (дефициттің) сырт көрінісі ғана, дейді ол. Әрмен қарай Бодрийяр масылдық адамның табиғи болмысына жат қылық, тек экономикалық өсімге ғана қол жеткізуді жақтайтын әлеуметтік дифференциацияның асыра сілтеушілігі деген қорытынды шығарады.
Осындай құбылыс біздің бүгінгі өмірімізде де көрініс тауып отырғаны жасырын емес. Сондықтан да Елбасы оның қауіпті сипатын өзінің көрегендігімен тани отырып, қарсы әрекеттер жасауға шақырады. Алдымен Елбасы жаңғырту үдерістері табысты жүргізілуі үшін қандай қағидаттарды басшылыққа алу керектігін анықтаған. Ең бірінші қағидат, ол эволюциялық, яғни өзгерістер табиғи қалыптан тыс секірістерге жол бермеу арқылы болуы керектігі айтылады. Ал эволюциялық емес жолмен жасалатын «секірістердің» қаншалықты апатты әрекеттерге әкелетінін өз басымыздан да өткіздік. КСРО-ның Горбачев тұсында жеделдету деген ұраны болды. Экономиканың бір саласы басқа салалардағы даму үйлесімділігіне сәйкес болмағандықтан, ол алысқа ұзамай өзінен өзі тұншықты. Тіпті, оның кесапатты салдары экономиканың барлық саласына өзінің салқынын тигізді.
Сондай-ақ, өткен ғасырдың 60-шы жылдарындағы Қытайдағы Англияны қуып жетеміз деген «секірісті дамуы» да өз-өзінен шашылып қалды, тіпті ол артынан экономиканың эволюциялық жолмен өсуін біраз уақытқа тежеп, ұзақ кедергі келтірді. Ал біздің Елбасымыз барлық өзгерістер Қазақстан экономикасының мүмкіндіктеріне сәйкес болуын қатаң қадағалап келеді.
Екінші қағидат ретінде Елбасы елдің әлеуметтік жаңғыру нәтижесіне мемлекет пен жекеменшік құрылымдардың ортақ жауапкершілік тартуын атайды. Сайып келгенде, нәтижелі жаңғыруға барлық қазақстандықтар мүдделі болғандықтан жауапкершіліктің де жалпыға бірдей болғаны өте дұрыс талап. Сонымен бірге, Президент мемлекет, бизнес құрылымдары және жеке азаматтың өзара әріптестігін үшінші қағидат ретінде атаған. Биліктің міндеті осы үшеуінің рационалды тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Барлық істің нәтижелі болмағы адамның ынталануына байланысты. Әлеуметтік жаңғыртуға да адамның ынталануы шарт. Сондықтан да Елбасы мемлекеттің азаматтардың еңбек, шығармашылық және қоғамдық белсенділігінің оянуына көмек қолын созуын ынталандыру қағидаты деп атап, оны төртінші шарт ретінде қосыпты. Міне, осындай талаптар орындалса, онда жаңғырудың әділетті боларына ешкім шүбә келтірмесі айдан анық.
Барлық істің берекелі, нәтижелі аяқталуы оны іске асыру тетіктерінің жоғары біліктілікке негізделген кәсіби болуын да талап етеді. Егер жоспарлар үстірт жасалып, шешімдер үстірт қабылданса, ондай жерден жақсы нәтиже күтуге болмайды. Жақсы басталған іс тек кәсіби біліктілікпен жүргізілгенде ғана оның пайдалы да тиімді болатынына кепілдік бар. Елбасы қоғамымызды жаңғырту барысында да осы қағидаттың орындалуы міндет екенін де атап көрсетіпті. «Барлық шешімдер егжей-тегжейлі есептеліп, әлемдік тәжірибені оқып-үйрену негізінде ғылыми дәлелденген ұтымдылық қаперге алына отырып қабылдануы тиіс», дейді ол.
Қазіргі кезде әлеуметтік заңнамаларды жетілдіру ісі бізге – республика Парламентінің депутаттарына күрделі міндет болып отыр. Барлық заңнамалық актілер қабылданып, олардың сапасы барынша жетілдірілген деп тоқмейілсіп жүрсек те, көптеген заңнамаларымыз іс жүзінде олқылықтар танытуда. Соның қатарында Елбасы «Білім туралы» Заңның олқылығын атап көрсетті. Мәселен, оның ішінде Біртұтас ұлттық тестілеу туралы талап бар болса да оны іс жүзіне асыру тетіктері жетілмегенін Елбасы атап көрсетті. Тоғыз жылдан бері қолданылып келе жатқан бұл тәртіп халық арасында түрлі наразылықтар туғызып жүрсе де соның тәртібін заңнама арқылы жетілдіру ешкімнің ойына келмеген секілді.
«Білім туралы» Заңның негізінде министрлік жасаған ереже ҰБТ процедураларын реттеуде әлсіздік танытуда. Осының өзі мәселені жылдан-жылға күрделендіріп барады. Мәселен, былтыр ҰБТ тапсыруға оқушыларды жаппай, қатаң тексерістерден өткізіп кіргізді. Өйткені, кейбіреулердің қойындарына байланыс құралдарын жасырып кіруі және сол арқылы таныстарына сұрақтарды салып жіберіп, дайын жауаптарды алатыны белгілі еді. Бірақ ҰБТ өткізуге тиісті қызметкерлерге адамды бүге-шігесіне дейін бойын тексеруге ешкім құқық берген жоқ деген дау өршіп берді. Мұның өзі адамның жеке бостандығына қол сұғушылық деген жалақорлықтарды да естіп жүрдік. Ал заңнама жетілдіріліп, онда бұл мәселе арнайы қаралған болса, ешкімнің де дау шығаруына негіз жоқ болатын еді. Адамдар ұшаққа отырарда қауіпсіздік шаралары үшін қатаң тексерістен өткізіліп кіргізіледі ғой. Алайда ұшақта сапар шегу қауіпсіздігі туралы заңнамада мұндай іс арнайы қарастырылғандықтан, мұнда ешкім де менің құқым бұзылды деп шағым бермейді.
Елбасы өзінің сөзінде «Медиация туралы», «Кәсіподақтар туралы» және т.б. әлеуметтік заңнамалар туралы да нақты сындар айтып, оларды жетілдіру қажеттігіне назар аударды.
Жалпы, дамудың әр түрлі мезгілінде қабылданған кейбір заңнамалар бүгінгі өмір талабына сәйкес келе бермейді. Әрине, Елбасының барлық 20 нақты тапсырмасына баға беріп, олардың тиімділігіне тоқталуды бір мақаланың көлемі көтермейді. Олардың барлығы да әлеуметтік жаңғыртуға негіз болатын ұтымды қадамдар екені даусыз. Мен тек Қазақстан тарихына сергек қарайтын жандардың бірі ретінде 12-тапсырмадағы мәселеге тоқтала кеткенді жөн көрдім. Онда басқа дүниелермен қатар, Қазақстан тарихы пәнінің кемшін тұстары, соның ішінде оқушылар арасында ол туралы «қызықсыз», «бытысқан пән» деген пікірлердің бар екендігі айтылады. Бұл – өте орынды сын. Ғалымдардың айтуына қарағанда, тәуелсіздікке дейінгі Қазақстан тарихы пәні КСРО ғалымдарының қазақтарды көшпенді, мәдениеті жоқ деген ұстанымдарының бағдарымен жазылып, халқымыздың тарихындағы аса маңызды оқиғалар көзге ілінбей келген. Сол оқулықтар сәл түзетілгенімен, негізгі бағдар бұрынғы күйінде қалған. Ал патриоттық сананы мұрат тұтқан ұлтжанды тарихшылардың сол оқиғаларға деген көзқарасы басқа қырынан таратылып, өзгеше болып жазылған. Сөйтіп, министрлік тарапынан екі жақтың ортақ келісімі жасалмағандықтан, оқулық осындай сындарға ұшырап жүргені рас. Қала берді үлкен тарихтан түбегейлі білімі жоқ, соңғы жылдардағы жаппай кандидаттық қорғау үдерісімен ғылымға келіп қалған ұшқары ойлы біреулер өзіндік ойы, білімі болмаған соң оқулыққа ескі ұстанымды сәл өзгертіп, енгізіп жіберген. Осы мәселені ретке келтіру өте маңызды мәселе екенін Елбасы атап көрсетіп отыр. Сайып келгенде, өз тарихыңды дұрыс білу де азаматтықтың негізгі ұстанымдарының бірі ғой. Ендігі мәселе Білім және ғылым министрлігінде.
Жалғас ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ,
Мәжіліс депутаты.