Отыз жасында өз шеберханасының іргесін қалаған Еркебұлан жасаған ұлттық бұйымдар үлкен сұранысқа ие. «Бүгінде 4-5 шебері бар шеберханамыздың табысы жақсы жолға қойылды. 2007 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Көркем сурет» факультетінің «Сәндік қолданбалы өнер» мамандығына оқуға түсіп, Кәнігі шебер, профессор Жолаушы Тұрдығұловтың мектебінен өтіп, «DalaSazy» шеберханасының жетекшісі Алмас Мұстафаевтан алты жыл тәжірибеден өтіп шыңдалдым»,- дейді шебер. Мектеп қабырғасында спорт саласына үйірсек болған Еркебұлан университеттің волейбол командасында өнер көрсетіп, «Өшіргіштер» көңілді-тапқырлар командасында да белсенділердің бірі болды. Бала жастан жанына жақын кәсіпке маманданған Еркебұлан өзінің жеке шеберханасын ашуды әркез жадынан шығармай жүретін. Осы тұрғыда өз ойымен бөліскен Еркебұлан «Жеке кәсібімді ашу әрине оңай болған жоқ. Жоғарыда атап өткенімдей, жанашыр ағаларымның кеңесімен, жақындарымның демеушілігімен шеберхана жұмысын бастадым. Інім мен жақын жолдасым астындағы көлігін беріп демегені маған үлкен серпіліс болды. Шеберханамызда ұлттық аспаптарымен қатар астау, күбі, бесік сияқты ұлттық маңызы бар бұйымдарды жасаймыз. Ал бұйымдардың сатылуы емес, сапасына назар аударамыз. Ұлттық аспаптарды жасауда жаңғақ, қайың, шырша сияқты жергілікті ағаштармен қатар шетелдердің тропикалық ормандарынан әкелінген ағаштарды да кәдеге асырамыз. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, көптеген жобаларды жүзеге асыру жоспарымызда бар»,- дейді Еркебұлан Советбекұлы. Ұлттық бағыттағы байқауларға жиі қатысып тұратын шеберлер «DalaSazy» ұлттық музыкалық аспаптар көрмесінде сертификатпен марапатталып, Атырау қаласында өткен «Үкілі домбыра» байқау бәйгесінің дипломанты атанды. Ал ұлттық аспап ісіндегі жетістіктерін паш етуде «Вернисаж» көрмесіне қойылған бұйымдары көпшілікті тәнті етсе, Малазияда өткен «Royal Selancor» school of Hard knocks фестиваліне қатысу жас шеберлердің шыңдала түсуіне ықпал еткен маңызды шаралардың бірі. «Шебер-2015» жетінші Қазақстан қолөнершілер конкурсының «Дарынды бастау» номинациясы бойынша жеңімпаз атануы, «Аңыз домбыра» II Республикалык шеберлер байқауының 2-ші орын жүлдегері, «Шебер-2016» сегізінші Қазақстан қолөнершілер конкурсы, Индияда өткен «31 Surajkund international grafts mela» фестивалі, сондай-ақ «Jetisu style» фестиваліне қатысуы шеберхана қоржынындағы жетістіктерінің нышанындай. Ал өткен жылы Райымбек ауданы жас кәсіпкерлер форумының алғыс хатына, сондай-ақ Кеген ауданы 22 наурыз көрмесінің алғыс хатына ие болса, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, биылғы жылы Атырауда өткен «Үкілі домбыра» байқауынан алғыс хат алып қайтты.
Еркебұлан Советбекұлы әр бұйымға ерекше ізденіс пен шығармашылық әдіс-тәсілдерді қолданудың маңызды екендігін айта отырып, шебер үшін де шеберлігін шыңдап отыру қажет деп санайды. Осы бағытта Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжін төртінші дәрежедегі музыкалық аспаптарды жасаушы мамандығы бойынша тәмамадап, VERSUS академиясының бизнес курсын аяқтады.
Бүгінде Еркебұлан жасаған ұлт аспаптары еліміз сахналарының көркіне айналған.
АЛМАТЫ