Тірегін тапқан туған тіл
Бейсенбі, 10 қаңтар 2013 7:29
«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев стратегиялық дамуымыздың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын саралаған Жолдауында халыққа осындай үндеумен шықты. Ана тіліміздің саяси және рухани мән-мағынасы мен мемлекеттік мазмұнын тағы да анықтап берді. Әр азаматтың міндет-парызын нақтылады.
Бейсенбі, 10 қаңтар 2013 7:29
«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев стратегиялық дамуымыздың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын саралаған Жолдауында халыққа осындай үндеумен шықты. Ана тіліміздің саяси және рухани мән-мағынасы мен мемлекеттік мазмұнын тағы да анықтап берді. Әр азаматтың міндет-парызын нақтылады.
«Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орынын иеленер еді».
«Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады».
«Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс».
«Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады».
«Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан да оған бейжай қарамайық».
Бұл президенттік әрі перзенттік талап-тілек еді. Елбасының ата-жұртына талайдан айтып келе жатқан жүрекжарды өтініштерінің жалғасы болатын. Халықтың ақыл-ойына айналады деген іс басындағыларға, ат үстіндегі зиялыларға қойылған талап-ты.
Шындығын айтайық, олардың бәрі бірдей тіл десе тебіреніп жүрген жоқ. Талайы өзге тілде сөйлеген, сөйлеп келеді, сөйлей беретін түрі бар. Министр де болған, әкім де болған, бәрі де болған, тек қазақ бола алмаған бұлар ана тілінен іргесін аулақ салған қалпынан өзгерсе не дейсің?! Орыс қазақша хабар жүргізіп, украин домбырамен ән шырқап, неміс қазақша өлең жаза бастады, ал олар міз бағатын емес. Бұларға бәрібір, жүз қазақтың алдында тұр ма, мың қазақтың төрінде отыр ма, өзге тілде жүйтки жөнеледі. Ел ренжіп, халық налып жүрер деген сезік болсайшы. Керісінше, мұның қалай дегенді тарпа бас салуға дайын. Соларға қынжыла қарап отырғанда, шіркіндер өздерінің тегі туралы сірә да толғанып көрмеген шығар деген ой келеді.
Ел мұндай зиялылардың тіл білмейтіндігіне ренжуді қойған, өйткені, қайтып үйірін таппайтындығына көзі әбден жеткен. Көпті күйіндіретіні – олардың беделді орындарда отырып алып, айналасын өздері секілді ұлттық қасиеттерден жұрдай ететіндігі.
Ашығын айтсақ, егер осындай «тілсіздер» болмаса, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген ынта-ықыласы қазіргіден әлдеқайда күшті болар еді.
Егер осындай «ұлтсыздар» болмаса, мемлекеттің қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту жөніндегі шаралары бүгінгіден әлдеқайда нәтижелі болар еді.
Бұл шындық, көзіміз әбден жеткен ақиқат. Сондықтан да, мұндайлар әлі бар кезде, лауазымды жерлерде отырып алып тіл жөніндегі орынды ой-ұсыныстардың жолын кесіп отырған кезде қоғамның үнсіз қалуы қиын. Тіл жайындағы әрлі-берлі әңгіменің толастамауына, ең алдымен, осылар кінәлі.
Тегінде тілге қандай да бір зардабын тигізетін құбылыс, әлде адам, әлде ұйым бола ма, қай-қайсы да назардан тыс қалмауы керек. Жағаласу мен жазғыру үшін емес, кері ықпалынан рухани күйзелістерсіз тез арылу үшін.
Тіл білмейтіндер жай жүрмейді, қоғамға өз көзқарастарын насихаттай жүреді. Барынша жақсы игерген тілдері жайлы бұлбұлша сайрайды. Оларға дем беретін, ауыздан шыққан лебізін жерге түсірмей қағып алып ту көтеретін телеарналар да, газеттер де бар. Қазіргі қоғам қазақ тілі төңірегіндегі кері пікірлерден ада емес. Ондай салқын ой, теріс әңгімелер жер асты сулары секілді сылдырын білдірмейді, ағысынан да жаңылмайды. Бұған республикадағы кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының тіл мен ұлт туралы беріп жүрген ұшқары ақпараттары дәлел.
Осыдан кейін мынаған көзің жеткендей болады: идеологияға тікелей жауапты мәртебелі қызметтер Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ана тілін кері ықпалдан қорғау мен оны пәрменді насихаттаудың жолдарын айқындап берген нұсқаулары мен тұжырымдарын, әсіресе, барлық ұлт өкілдеріне өтімді ойларын осы күнге дейін нақты жүзеге асырудың тиімді шараларын тапқан жоқ. Тіл насихаты әлсіз. Телеарналарда, қалалардың барлық көрнекті жерлерін жаулап алған алып экрандарда тіл жайлы сөз жоқ, оның есесіне даңғаза жарнамалар мен мағынасы белгілі бір орталарға ғана түсінікті жарқ-жұрқ ақпараттан құлақ тұнады. Солардан азар да безер болған ел: «Бұлардың орнына арғы-бергі қоғам, ғылым және өнер қайраткерлерінің, Республика Президентінің ана тілін ардақтаған, елді, оның арлы азаматтарын туған тілді қастерлеуге шақырған пайымдарын неге ұдайы беріп тұрмаймыз, – дейді. – Олар халық пен тіл алдындағы парызыңды еске салады ғой, жүректі қозғайды ғой».
«Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасатынын» әуелден атап көрсеткен Президенттің сол толғаныстарын қазіргі күндерде, ана тілін төрге оздырудың ұтымды жолдары айқындалған стратегиялық жаңа саяси бағыт зерделеніп жатқан кезеңде, қазақ тілі халықаралық беделді тілдермен бәсеке алаңына шыққан шақта тағы бір жаңғыртсақ орынды болар еді.
«Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені, ол ұлтымыздың анасы».
«Толыққанды тілсіз – толыққанды ұлт болуы мүмкін емес».
«Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл».
«Ана тілін қадірлеу – әр азаматтың перзенттік парызы».
«Ана тіліміз – бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жеткізген бірден бір арымыз да, нарымыз да».
«Қиын кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі – бүгінгі өмірімізде де ұлтты тұтастырудың тегеурінді тетігі болуға тиіс».
«Қазақ тілі өзінің барша құдірет, қуатымен әлемдік тіл кеңістігінің құрамдас бөлігі болып табылады».
«Тарих пен тіл тамырлас».
«Бізге ана тілімізден асқан тарихи мұра жоқ. Ендеше, оны жан аямай қастерлеуден асқан биік парыз жоқ».
«Ана тілін армансыз бойға сіңіріңіздер, өйткені, бабаларымыздың ғұмыр тәжірибесі, дүниетанымы, мінез-құлқы, өзіндік болмыс-бітімі осы тілде қаттаулы жатыр».
«Тілді меңгеру үшін оған өзіңнің жүрегіңді ашуың керек».
«Мемлекеттік қызметке қабылданған қазақ қазақша сөйлеуі керек. Болмаса басқа ұлттың өкіліне қалайша мұндай талап қоя аламыз?».
Елбасының ана тілін ардақтаған толғаныстары осылай жалғаса береді. Оларды ой елегінен өткізіп, қазіргі рухани өміріміздің саяси-әлеуметтік талаптары және қазақ зиялыларының ана тіліне деген түрлі көзқарастарының тұрғысынан зерделеп, ұлттық мүдде арқылы пайымдасақ, тілдің құдіреті мен тіл саясаты жайлы тұтас философиялық сарынға айналар еді.
Асылында туған халқының төл тілі туралы дәл осылай терең тебіреніп жүрген мемлекет басшыларын мына заманда, жиырмасыншы ғасырда таба қоюың екіталай. Президенттің тілге әлсін-әлі орала беруінің ешқандай елде жоқ, тек біздің жұртқа тән қазақстандық себептері бар.
Бірінші себеп – қазақ тілін мемлекетті басқару тіліне айналдыруға қазақтардың өзінің дайын болмауы, анығырақ айтсақ, бұл орайда бірауызды болмауы.
Өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарында баспасөзде қазақ елінің 40 пайызы ана тілінен қара үзген деп мәлімдеушілер табылды. Уақыт өте келе ол көрсеткіш 30 пайызға дейін азайтылды. Халық санына шақсаңыз, бұл да аз дерек емес. Егер сол тұста республикада 8 миллиондай қазақ болса, оның 2 миллион 400 мыңы туған тілінде сөйлемейді деген сөз. Міне, дәл осындай жағдайда, әлгі екі жарым миллионға жуық адамның арасында өзге ұлт өкілдеріне қосылып, төл тілін төрге оздыруға қарсы шығатындардың табылуы әбден мүмкін кезде ақырын жүріп, анық басудан басқа амалың жоқ-ты.
Екінші себеп – ана тілі ұзақ уақыт, өктем тіл болып келген ұлт өкілдерінің қазақ тілін білмеуі және білгісінің келмеуі. Тұтастығын және әуелгі болмысы мен дәстүрін сақтаған, экономикалық жағынан әлдемді, іргедегі айбарлы атажұртынан қолдау табатындығына сенімді 4 миллиондық қауыммен санаспай тұра алмас едің.
Үшінші себеп – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тілден де өткір мәселелердің шаш-етектен болуы.
Төртінші себеп – қазақ тілін өзге ұлт өкілдерімен бірге қазақтың өзіне насихаттауға, оқыту мен үйретуді ұйымдастыруға, осы шараларды ғылыми негізде өрістетуге мемлекеттік атқару орындары мен білім беру ошақтарының әзір болмауы.
Осындай қиындықтарға, белгілі бір кезеңсіз еңсерілмейтін кедергілерге толы қоғамда тіл мәселесін саясаттандырып, күн сайын ту етіп көтеру қатерсіз емес еді. Президент сондықтан да төзім саясатын таңдап алды. Ол қазақтың тіліне тіл тигізгендерге де, ана тілім ардақталмай жатыр деп жағадан алғандарға да төзді. Бір бөлігі тіл десе атой салған, бір бөлігі сырт айналған қазақтың өзі үшін, неғұрлым қысқа мерзімде рухани тұтасуы үшін, соған ауадай қажет тыныштық үшін төзді. Тағатсызға «ұлт пен тіл мәселесіне келгенде ұлттық оқшаулану мен томаға-тұйықтықтан қашу керектігін» ескерте жүріп, зейіндіге «ана тілі ұлтымыздың анасы» екенін айта жүріп, парықсызға «тілсіз ұлт – жоқ ұлт» екенін түсіндіре жүріп, кейінгілерге «келешегіміздің кепілі туған тіл» екенін ұқтыра жүріп, қазақтың өзін қазақ тілін сүюге үгіттей жүріп төзді. Төзе жүріп ана тілін мемлекеттік қамқорлыққа алды. Айлар мен жылдар ұлт тіліне қызмет етті. Туған тіл бірте-бірте балабақша мен мектептің, білім мен қызметтің тіліне айналды.
Нұрсұлтан Әбішұлының ұлтжандылығы мен осынау қызметін халық жүрекпен ұғып, жоғары бағалады, тілге деген тарихи шөлін қандыруға асықты. 1989 жылы атамекеніндегі сан жағынан алғандағы үлес салмағы 39,7 пайыз ғана болған, сол тұстағы жас толқынның басым бөлігі ана тілінің уызын ембеген ел рухани тұғырына тез қонды. 2009 жылғы халық санағының деректері бойынша 10 миллион 96763 қазақтың 9 миллион 992276-сы туған тілін ана тілім деп мәлімдеген.
Егер рухани-мәдени әлемдегі, оның ішінде тіл әлеміндегі өзгерістер барынша баяу жүретінін ескерсек, бұл ұлттық болмыс-бітіміне ғасыр бойы сұрапыл шабуыл жасалған халықтың тарихи жеңісі еді. Қазақ елінің дәстүрлі даму жолын неғұрлым тез табуына, қажет кезінде сабырға кезек берген, керек кезінде тулап шыға келген ұлттық намысының оянуына ұйтқы болған тұлғаның, Елбасының аса маңызды жеңісі болатын.
Осылайша сабыр түбі сары алтынға айналып келе жатты. Қазақтың да, қазақтан басқаның да тілді үйренуіне қажетті мүмкіндіктер жасалды. Президент Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес қазақ тілін жеделдетіп оқыту тұжырымдамасы, стандарты мен үлгісі әзірленді. «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі» дайындалды. Мемлекеттік тілдің интернет- порталы іске қосылды.
Қаржыландыру көлемі де жыл сайын ұлғайып келе жатты. Тіл мұқтажына 2005 жылы республикалық бюджеттен 327,9 миллион теңге бөлінсе, 2008 жылы ғана 2 миллиард 390 миллион теңге қарастырылды. 2005-2010 жылдардағы қаржыны қосып есептесек, 8 миллиард 282 миллион теңгені құрайды.
Мемлекет пен елдің қазақ тіліне осылай зор құрмет көрсетуі оған басқа ұлт өкілдерінің де ықыласын оятты. 2009 жылғы санақ деректері бойынша орыстардың 808169-ы қазақ тілін ауызша түсінеді, 200017-сі әрі оқиды, әрі жазады. 85725 украин мен 47820 неміс, 14283 белорус мемлекеттік тілде сөйлесе, түркі тектестердің бәріне жуығы қазақшаға қара жаяу емес.
Қарап отырсақ, бір миллионнан астам орыс азаматы қазақ тіліне ден қойыпты. Бұрын-соңды болмаған жағдай. Осы үрдісті сәтті жалғастыру, Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсеткеніндей, мемлекет пен қазақ ұлтының рухани өмірдегі маңызды міндеті. Ол үшін тіл саясатын ұлттық деңгейде ойластырып, ұлттық сабырмен екшеп, ұлттық даналықпен жүргізу керек. Елбасы ерекше ескерткеніндей: «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс». Бізге, дәстүрі мен мәдениетін, тілі мен дінін, тарихы мен тағылымын қайта қалыптастырып, басқаларға дәріптеуді қолға алған елге барлық салада пайым мен ұлағат жарасады. Сол ұлағат халықта бар, ал зиялы қауым мен оның қаймағы секілденген ат төбеліндей лауазым иелерінде бар ма? Өткір сауал, жиі қойылатын тегеурінді сауал осы.
Жиырма жылда жиырма сөз үйренбеген лауазымдылар бар. Олар халықтың көзіне көп болып көрінеді, өйткені қызметіне сәйкес ұдайы назарда. Тілді тұсап отырған да солар секілденеді, себебі белгілі бір саланың мемлекеттік тілге толық көшпей жатуы осындайлардың кінәсі деп біледі.
«Президент: «Ұлттық сана – ұлттық тілмен қалыптасады» десе, Үкіметтің кейбір лауазымды қызметкерлері бұл орайда мың ойланып, жүз толғанып жүр ме? Олардың мемлекеттік тілді білу деңгейі осы заманғы ұлттық сананы қалыптастыруға жеткілікті ме?» – деп алаңдайды.
«Беделді қызметтегілер, сіздер ұлттың өзін өзі қалай құрметтейтіндігінің көрсеткішісіздер ғой. Ар-ұятымыз емессіздер ме?» – деп ақтарылады. Олар туған тілдің ел алдында берекесін қашырса, жұрт алдында жігерін жасытса, өкініш болып өртенеді, намыс болып жарылады. Бірақ өз қолын өзі кесе алмайды, бір түңіліп, бір үміттеніп жүріп күте тұруға, төзе тұруға бекінеді.
Ашығын айтайық, кейбір әкімдіктер мен министрліктерде жиындар жаппай өзге тілде өтіп, іс-қағазы мемлекеттік мәртебесі бар тілге көшпей жатса, бұл сол жердегі басқару тізгіні қолына тиген қазақ азаматының ана тіліне деген ілтипатының төмендігінен. Оған елдің көзі әлдеқашан жеткен.
Шындығында әкім немесе министр жан-жақты тұлға болуға тиіс. Қазақстан секілді көп этносты елде олардың өзге ұлт өкілдерін қазақтың рухани әлеміне бейімдей білу қабілеті ерекше маңызға ие. Әкім айтқан әңгіме мен өзге айтқан сөздің әсері бірдей емес. Басшы, онда да жүз мыңдаған халқы бар тұтас өңірдің басшысы, қазақтың бай әдебиетін, мәдениеті мен өнерін, тілін жақсы біліп, елмен кездесулер кезінде насихаттай жүрсе, көптің жүрегіне жеткізе алса, ана тіліміздің республика көлеміндегі ахуалы қазіргіден әлдеқайда ажарлы болар еді.
Бірқатар лауазымдылардың қолынан келмей жүрген бұл шаруаны Президент атқарып келеді. Қазақтың тілін Нұрсұлтан Әбішұлындай насихаттаған адам жоқ шығар. Елбасы осындай рухани қайраткерлікті биліктегілерден ұдайы талап етуде. «Ана тілін қадірлеу әр азаматтың перзенттік парызы екенін» ескертіп келеді. «Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл» екенін айтумен келеді. «Толыққанды тілсіз толыққанды ұлт болуы мүмкін еместігін» түсіндірумен келеді. «Қазақ тілі мен мәдениетін дамыту міндетін шешпейінше, ұлттық саясат мүмкін болмайтынын» мәлімдеумен келеді.
Тегінде Нұрсұлтан Әбішұлының тіл саясаты, сол саясатты жүзеге асырудағы іс-қызметі мен «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы тіл жайлы ой-байламдары бойынша мемлекеттік қызметшілерге арналған лекциялар әзірленіп, Президент еңбегінің осы бағыттағы мазмұны ғылыми сараланған курс сабақтарын Мемлекеттік басқару академиясының оқу бағдарламасына енгізуді қарастыру қажет. Өйткені, тіл біздің бүкіл рухани өміріміздің негізі ретінде мемлекеттік идеологияға баяғыда айналған.
Елбасы қазақтың білімді, оқыған-тоқыған азаматтарын мемлекеттік лауазымды қызметке тағайындап отырып, ана тілін білуді тапсырғанын сан рет естідік. Президенттің тарапынан жасалған мұндай талап – төл тілін білмегендердің туған елінің биігінде болуға рухани құқы жоқтығын, халық ана тілінде сөйлемегенді ұлтты ұмытқан туажат деп есептейтінін, оған сенбейтінін ескерту, өз жұртыңның жатсынғанынан қиыны жоқ екенін аңғарту. Өкінішке орай, іс басындағы жекелеген азаматтар маман ретінде қабілетті болғанымен, ұлт мүддесіне келгенде қайраткерлігімен көріне алмай жүр. Халықтың бай ауыз әдебиеті мен таңғажайып өнерінен бейхабар екендігіне қынжылмайды. Тілді Ақтамберді мен Абайды, Мағжан мен Мұқағалиды оқу үшін үйреніп жүрмін деген қызметкерді кездестірген емеспіз. Ана тілімді «Қыз Жібек» пен «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырына сусындау үшін игеріп жатырмын деген лауазымдыны да көрген жоқпыз. Ал ғасырлар бойы жасалған рухани мұраларда өрілген ұлттық ұлағат пен аса құнды эстетикалық-көркемдік тәлімнен жұрдай адам туған халқының жүрегіне бойлай алмайды.
2009 жылғы халық санағында 114 мың 487 қазақ өзге ұлттың тілін ана тілі ретінде көрсетіпті. Олардың 78546-сы қалада, 35941-і ауылда.
Айтарлықтай көп емес, алайда мүлде ескермей өте шығатындай аз да емес. Себебі, олардың арасында өзге тілдердің артықшылығын насихаттап жүрген қаламгер де, балаларын қазақ мектебіне бермеген ата-ана да, билік мемлекеттік тілде сөйлесе қызметімнен айырылып қаламын деп шошитын лауазымды да, мәртебелі мінбеде тұрып антты орыс тілінде беруге арланбаған ағайын да, қазақ тілі туралы түтігіп сөйлейтіндер де бар.
Қазіргі қазақ қоғамының бір кемшін тұсы осы, қынжылтатын шындық. Алайда бұл, кейбіреулер айтып жүргендей, рухани апат емес, ұзақ уақыт тәуелсіздікте болған халықтың болмай қоймайтын жан жарасы. Оның емі – ана тілін мемлекет болып, қоғам болып, ел болып айрықша ардақтау, құрметтеу, қолдану аясын кеңейтудің ұтымды жолдарын үздіксіз іздеу, белгілі шаралармен шектелмеу. Әсіресе, мемлекеттік тілге қажеттілікті туғызатын шараларды ретімен орынды жүзеге асыру, министрліктер, облыстар мен қалалар басшыларына тілді білуді міндеттеу, бұл талапты Президенттің 2025 жылы қазақ тілін қазақстандықтардың 95 пайызы игеруге тиіс деген нақты талабымен сәйкестендіру. Қазақ тілін қазіргіден де қасиеттендіру.
Осы жерде бөле-жара айта кетелік, тек қана қазақ тілінде айтылып, жазылатын ұлттық киелі құндылық Әнұран десек, оның қатарына Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Халқына беретін Антты да қосу керек. Сол арқылы Анттың қай елге, қандай елдің басшысына берілетінін айқындай түсеміз, қазақ тіліне деген ықыласты оятудың, оның мемлекеттің қастерлі символы екенін ұғынудың тағы бір тетігі іске қосылады.
Ана тілін қазақ азаматтарының өзі қадірлеп, мемлекеттік жоғары қызметтегі ағайын жаппай қолдаса, айы оңынан туатынына біз кепіл. Ресей зиялылары бұл орайда алдына жан салмайды. Тарихқа үңілсек, ХVІІІ ғасырдың орта тұсында осы елдің жоғары оқу орындарында орыс тілінде білім берілмеген. Дәріс неміс және француз тілдерінде оқытылды. Михайл Ломоносовтың табандылығымен отыз жылдың көлемінде орыс тілі білімнің де, ғылымның да тіліне айналды.
Қазақ тіліне осындай патриоттар қажет-ақ. Ана тілін құрметпен, күнделікті сан-салалы қызметімен кемелдендіретін патриот. Елбасының, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы тіл саясатын дәйекті жүзеге асыра алатын патриот. Туған тілді заулаған заманның барынша оралымды тіліне айналдыруға қабілетті патриот. ХХІ ғасырдағы ұлттық сәйкестік дегеніміз туған тілді әлемдік ақпарат ағымына бейімдеу екенін ұққан патриот.
Президент алға қойып отырған күрделі талаптардың бір парасы осындай. Оларды түйіндей келіп, әрі қарай таратсақ, Елбасы ерекше атап көрсеткеніндей: «Қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Басты міндеттердің бірі – тілді заманға сай үйлестіру».
«Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек, – деді Президент. – Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге.., ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады».
Мәдени-рухани қайта түлеу дегеніміз осы. Аталған қадам арқылы ғылым мен білімде, көркемөнердің барлық саласында жаһанмен тікелей байланысқа шығамыз. Ғаламдық өркениетке Ресейдің көзімен қараған, кирилицаны мәдени көпір еткен кезең артта қалады. Рухани дербестік дегеніміз де сол.
Ендігі мәселе – бұл күрделі шараға жан-жақты дайындық жасау. Тіл ғалымдары латын әліпбиін қазақ тіліне барынша ұтымды сәйкестендірген үлгіні тезірек әзірлесе, құба-құп болар еді.
Ақиқатын айтсақ, әрбір қазақ азаматы, ең алдымен, туған тіліне шөлдемеуі керек. Баланы ұлттық бақша мен ұлттық мектепке беру – Отан алдындағы ұлы парыз. Президент қойып отырған тағдырлы талап осы. Мұны түсінбеген, соған ұйымаған адамға ұлт та, Отан да ардақты емес. Оқытайын десе ана тіліндегі мектебін, берейін десе төл бақшасын таба алмаған кешегі кеңес қазағына өкпе жоқ. Соның бәрі бар бүгінгі қазақ кері кетсе, оған кешірім жоқ. Қазіргі халықтың ұйғарымы осы. Сол халық, рухани сергіген ел тұңғыш Президентпен бірге туған тілін мәңгілік тұғырына қондыруға асығуда. Елбасының мұраты айқын: «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстырған ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз».
Алдан СМАЙЫЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан»ХДП фракциясы мүшесі.