Аймақтар • 20 Тамыз, 2019

Байбектен Брайтон-Бичке дейін немесе «Дарияның» жағалауы

341 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Алматы – қашанда әр қазақстан­дық­тың жүрегінен жылы орын алары хақ. Іргелі шаһар тарихында Алматыны төрт жыл басқарған Бауыржан Байбектің де, оның алдында да болған әкімдердің де өздеріне тән қолтаңбалары қалды. Дегенмен, Байбек мырзамен алматылықтар қимай қоштасты...

Байбектен Брайтон-Бичке дейін немесе «Дарияның» жағалауы

«Болашақ» бағдарламасы­ның ал­ғаш­қы түлектерінің бірі, Сыртқы істер министрлігінде, Президент Әкім­шілігінде, Nur Otan партиясында қыз­­мет атқарып, әбден ысылып, 41 жа­сында еліміздің ең жас әкімі атанған Бауыржан Бай­бек лауазымды орын­таққа отыр­ған күннен бастап-ақ ал­ды­на айқын мақсат қойып, төрт жыл­дың ішінде халық игі­лігі үшін көз қуан­тарлық қадау-қадау шаруаның басын қа­йы­рып тастады. Қаланың бюджетіне түс­кен қаражатты халықтың игілігіне жұм­сап, осы жылдар ішінде әсем Алма­тыны одан әрі көріктендіруге күш салды. Мәселен, қала­ны ке­шенді да­мытуға бағыт­тал­ған «Алматының даму бағ­дар­ла­масы-2020» жобасын қа­­былдап, шаһарды әр қырынан дамы­тудың жан-жақты жеті бағытын ұсын­ды. Онда ең бас­­тысы Алматының өмір сүруге жайлы, қауіпсіз қала бо­луы қа­растырылған. Ол үшін әлеу­мет­тік салаға бет бұрып, эко­номикалық тұрғы­дан тұрақты дамуына басымдық берді.


Қалай десек те, қала әкі­мі қоғамға ашықтығымен таны­лып, оның ұсыны­сымен ин­тернет желілерінде әкімдіктің аккаунттары пайда болды. Әкімдік қызметкерлері әлеу­меттік желілерге түскен мың­даған арыз-шағымды қарап, әрқайсысына жауап берді. Көп­теген тұрғындардың жол, баспана, коммуналдық шаруа­шылықтағы қор­даланып қалған мәселелері өз шешімін таба бас­тады. Алматылықтарға арнал­ған «Open Almaty» атты қоғамдық қабылдау орны ашылды.


Сондай-ақ Алатау бау­ра­йында он бір күнге созылып, дүбірлеп өткен әлемнің 57 мемлекетінен қатысқан XХVIII Дүниежүзілік қысқы Универ­сиа­даның жоғары деңгейде өткізілуі ерекше есте қалды. Дәл мұндай ауқым­ды әрі маңызды доданың елімізде бұ­рын-соңды өтпегенін ескерсек, оның әлемдік деңгейде ұйымдастырылып, абы­роймен атқарылуында да Байбек мырзаның еңбегі ерен.


«Алматы – қоршаусыз қа­ла» бағдар­ламасы бойынша ша­һардағы  ескі дуал мен қор­шаулар алынды. Қоршаусыз қала – қауіпсіз қала. Демек, он­дай жерлерде қылмысқа жол берілмейді, халық алаңсыз де­м­алады. Қаншама шақырым жерасты ескіріп, шіріген құ­бырлар ауыстырылды. Туризмді дамытудың жол картасымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірге «Ал­маты-1» және­ «Алматы-2» вок­залдары қайта жөн­деу­ден өткі­зілуде. Сондай-ақ «Сайран» ав­то­вокзалы мен оған тиісті аумақ және атақты «Саяхат» автобекеті қайтадан қалпына келтірілмек. «Южный» сая­бағы жаңаша түрленбек. «Алматыны да­мытудың 50 драйверінің» бірі болып табылатын жаяу жүр­гіншіге ба­сымдық беретін қайта жасалған «Астана» алаңы ашылды. Босаған кеңіс­тіктерге веложолдар салынып, гранит тас төселген. Бұдан өзге, алаң­ның қос жақтауы дерндермен кө­гал­дандырылып, лаванда клум­бала­ры қойылған. Сатылы эспла­нада­ жаңартылып, олар­дың алдына клас­сика­лық стиль­де түн мезгілінде ерекше жарық­пен нұрланатын екі құрғақ фон­­тан орнатылған. Жалпы, ме­гаполисте 23 шақырым ве­ло­­сипедке арналған жолдар са­лынған.


Сонымен қатар бірнеше кө­ше­ге біржақты жол қозға­лысы енгізілді. Бұл жоба кө­ше-жол қозғалысы желісіне тү­се­тін жүктемені азайтуға жә­не көлік құралдарының орта­ша жылдамдығын артты­руға мүм­кіндік береді. Жүр­гін­ші­лердің қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мақсатында заңсыз кө­лік тұрақтары алы­нып, ор­нына жаяу жүргінші жол­дары ретке келтірілді. Барлық жер­асты өтпелі жолындағы сауда нүктелерін жауып, күрделі жөн­деуден өткізді. Қазір онда күй күмбірлеп, қазақша әуендер ойнап тұр. Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Бай­сейітова, Төлебаев, т.б. кө­шелер тү­гелдей жаңарды. Он­дағы бұрынғы қара асфальттің орнына қырланған кес­пе тас пен гранит төселіп, тап-тұй­нақ­тай. Әсіресе жаяу жүргіншілер жү­ре­тін Арбат жарқырап тұр. Ал Пан­филов көшесінің біраз жерін көлік жүр­гізбей, ертелі-кеш халық серуендеп, демалатын орынға айналдырды.
2 миллионға жуық халық тұ­ратын мегаполис үшін тағы бір тамаша тарту – бастауын ақ бас Алатаудан алып, ару қа­ла Алматыны қақ жарып аға­тын Есентай өзенінің бойы – Ха­мит Ерғали жағалауының әл-Фараби даңғылынан Жамақаев көшесіне дейін кереметтей абат­тандырылуы. Бұрынғы әкім­дердің де еңбегін айта кету ке­рек, олар әл-Фараби даң­ғы­­лы­нан төмен Гоголь кө­ше­сіне дейін өзеннің екі жағын ха­лық қыдырып, серуендейтін те­рен­кур жасап, спортпен жат­тығатын, сондай-ақ балаларға арналған алаңдарды сыйға тарт­қан-ды. Ал енді әл-Фараби даңғылынан тауға қарай өзен бойымен алматылықтар мен қала қонақтары демалып, қыдыратын осындай ғажап демалыс орнын жасауға болады екен деп ешкім ойламаған еді.


Қазір Алатауымыздың да, сарқырап ағып жатқан тау өзе­нінің де алқымы кеңейіп, ажа­ры ашыла түскен. Оны айт­қан­нан гөрі бір рет келіп, көзбен көргенге жетпейді. Өзен­нің екі жақ сағасын қосып есеп­те­генде 4 шақырымға (20 мың текше) жапондықтардың жаға­ны бекіту тәсілімен табиғи тас­тар (габион) темір торға са­лы­нып, өріліп көмкерілген. Өзен­нің арғы-бергі бетіне ер­кін өтетін плотинадан бір, жо­ға­рыдан екі көпір салынып, еде­ні төселіп, жақтауы ағашпен қапталды. Бұрынғы шағын то­ған кеңейтіліп, жан-жағы це­менттеліп, сырланды. Сағаны бойлай өскен бұрынғы ағаштар түгелімен алынып, орнына жас талдар отырғызылды. Көкорай шалғын шөп егіліп, жап-жасыл алаңқайға айналған. Аралығы 25-30 метрден 150 қоқыс жәшігімен қоса орындық орнатылса, оның 80-інің көлеңке, жауыннан бас сауғалайтын шатыры бар. Арық та ойластырылған. Өзен­нен сәл қашықтау жерде еркін әңгімелесіп отыруға арналған 10 көркемделген күрке қо­йыл­ған. Балаларға ойнауға, ере­сек­терге жаттығу жасап шы­нығуға арналған неше алуан аулалық тренажерлер орна­ласқан екі фитнес алаңқайы бар. Енді деймін-ау, пәленше мың теңгеге фитнес клубқа барғанша жүріп, болмаса жү­гіріп келіп өзен бойында таза ауада жаттығу жасауға барлық жағдай бар.


Әсіресе кешкі Есентайдың жаға­лауын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Самаладай жарқырап тұр.­ Бұл көріністердің шаһарға сән бер­гені өз алдына, ең бастысы көп қа­батты үйлерде шіліңгір шілденің ыс­тығынан, қаланың қапырығынан «үп» деген желге зар болған тұр­ғын­дар­ды тау аңғарынан соқ­қан самал жел айма­лап, жел­пінтіп, сергітіп тастайды. Ал таңертеңгілік тоғанға ұшып келіп, алаңсыз жүзіп жүрген жабайы үйректер де сәнге сән, көрікке көрік қосуда. Сенбі, жексенбі күндері түннің бір уа­ғына дейін үлкені-кішісі бар, бала-ша­ғасымен емен-жарқын серуендеген алма­тылықтарға қызыға қарайсың. Тіпті демалыс күндері халықтың көптігі сонша, тротуар тарлық жасайтындай. Осы сәттерді көргенде есіме мұ­хит­тың арғы бетіндегі Аме­риканың Брайтон-Бич (Нью-Йорк, Бруклиннің ең шеткі оң­түстік аумағы) ауданындағы Атлант мұхитының жағалауында кешкісін жаппай серуенге шы­ғатын эмигранттардың түскені бар.


...2007 жылы АҚШ-тың Қа­зақ­стан­дағы елшілігінің ұйым­дастыруымен Орталық Азия­дағы медицина тақы­ры­бына жа­затын журналистер арнайы іссапармен 21 күн сол елде бо­­лып, алты штатын аралап қайт­­қанбыз. Сапар­лас болған түрікмен қызының ар­қа­сында кезінде Түрікменстаннан Аме­рикаға қоныс аударып, Нью-Йорк­тің ең ірі ауданының бірі Брайтон-Бичте тұратын еврей ағайындардың үйінде қонақта болудың сәті түскен-ді. Аудан Атлант мұхитының жағалауына орналасып, онда негізінен КСРО-дан келген эмигранттар көп қоныстанған екен. Үй иелері кешкі тамақтан соң өздерінің күнделікті дағдылары бойынша жағалауға шығып, жатар алдын­да сергіп қайтатындарын айтып, бізді де қыдырып қайтуға ша­қырды.


Жағалауда бір мезетте сон­шама адам жүреді деп кім ой­лаған. Ені 100-150 метрдей тақ­тай төселген ұзын-сонар жағалауыңызда ерсілі-қар­сылы жүрген халық. Ескірген болуы керек, басқан сайын тақтайдың сы­қыры әжептәуір естіледі. Бә­рі орыс­ша сөйлейді. Сонда «Шіркін-ай, біздің Есентайдың жағалауын осылай ха­лық кеш­ке қыдыратын орын жасаса ғой» деген ойдың жылт ет­ке­ні бар. Бірақ «қайдан» деп қоя салғанмын. Ар­ман­дар орын­далады деген, енді, міне, Есентайдың жағасы құдды Брай­тон-Бичтің жағалауынан ар­тық болмаса кем емес. Бүгінде жағалауға келген сайын кеу­демді сондай бір қуаныш сезімі билеп, Есентайға жұрттың бә­рін шақырғым келіп тұрады. Керемет! Ғажап!


Бүгінде Х.Ерғали жаға­ла­уын абат­тандыру жұмыстары аяқталып қалды. Халық тро­туар салынысымен құрылыс­шылармен жағаласып жүре бастаған соң, маусым айында ресми түрде ашқан-ды. Қазір қалған майда-шүйде жұмыстары жүргізілуде. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ауқымды құры­лысты қолға алып, қыстан бе­рі қыруар жұмыс жүргізген мердігер компанияға, оның басш­ысына алматылықтар аты­нан мың да бір алғысымызды жеткізгіміз келеді.


Бәрі жақсы, халық риза. Таң сәріден шыққан жүргіншілер бір-бірімен амандасып, кім­мен сөйлеспесең де Байбек мыр­заға алғыстарын жаудырып, «Байбекке рахмет! Мынау Бай­бектің бел баласы болды-ау» деп жатқаны. Олардың арасында белгілі тұлғаларды көргенде, шұрқырасып әңгімелесіп қала­мыз. Мен танитындардың өзі бір қауым. Есентайдың байырғы жүргіншілері көрнекті ақын-жазушы ағаларымыз, қаншама ардагер ғалымдар, атақты спортшылар, табиғатты жақсы көретін фанаттар, бір қуантарлығы жас­тар көп. Қаланың басқа аудан­дарынан жаяу-жалпылап та, көліктерін өзенге жақын жердегі тұраққа қойып та келетін қы­дырушылардың қарасы көп.


Десек те, «Біткен іске сыншы көп» деген, тапсырыс беруші Ал­маты қаласы әкімдігіне бү­кіл жүргіншілер атынан ай­тар бұйымтайымыз да бар. Мақ­сатымыз – әкімдік компа­ниядан нысанды қабылдап алмай тұрып, сол олқылықтардың орнын тол­тырса, нұр үстіне нұр болар еді.


Біріншіден, сонау Гоголь кө­шесінен Жамақаев көшесіне дейінгі қаншама шақырым ара­лықта бір әжетхананың жоқтығы. Сондықтан әл-Фарабидің жо­ғары жағынан ақылы түрде бол­са да әжетхана салынса. Болмаса биби-әжетханалар орнатылса. Қысы, жазы су ағып тұр. Орын да жеткілікті. Бұл жөнінде мердігер құрылыс ком­паниясының ма­мандарынан сұра­ғанымызда, әжетхана жобасының қарас­тырылмағанын айтты. Мәселен, Тұңғыш Президент атындағы демалыс паркінде кіреберісте үлкен әжетхана ойластырылып салынған.
Екіншіден, жағалау – жалпы қала жұртшылығы демалатын, серуендейтін қоғамдық орын болғандықтан, оның қауіпсіздігі мін­детті түрде бақыланса. Қазір­дің өзінде әзірге бір күркеге үс­тел орындығымен қойылып еді, таңертең маскүнем-қаң­ғы­бас «ағайындарымыз» әке­лерінің үйінде отырғандай бас­тарын жазып, гүжілге басып ра­хаттануда. Естуімізше, Тө­ле би көшесінен төмен өзен жағалауындағы күркені бұза­қылар өртеп жіберген. Оның үстіне қан­шама қойылған орын­дық, күркелер, фитнес алаң­қайларын неше түрлі мінезді адамдар бар, небір тәртіп бұза­тындардан сақтандыру мақ­сатында соларға сес болатындай жағалаудың екі жағына күндіз-түні бақылайтын күзет бекеті керек. Әрі сол жерге жүргіншілер келіп, тротуардың кем-кетік жерлерін айтып жатса, оны полицейлер тиісті орындарға жеткізіп отырса құба-құп болар еді. Болмаса бір адамға штат ашып, басшы етіп бекітіп, мін­деттесе. Себебі ойыңды айтып, болмаса ескерту жасайын десең, жан адам таппайсың. Ал ертелі-кеш нысанды аралап көріп, ба­қылап тұруда Нұр-Сұлтан қа­ласындағы сияқты күзет поли­цейлері велосипедпен, болмаса электр тогымен жүретін шағын көлікпен қамтамасыз етілсе.


Үшіншіден, плотинаның үс­тіндегі көпір шатырмен жа­былса. Ондағы орнатылған аула­лық тренажерлермен күн­нің ыстығында да, жауын-ша­­шынды, қарлы күндері жат­ты­ғуларын үзбей жасауға мүм­кіндік туады әрі бас сау­ға­лайтын орын болады. Сондай-ақ көпірге бейнекамера орнатылса, қай уақытта алаңсыз отырады. Әри­не тазалықты сақтап, ба­қылауда ұстау өз алдына бір мәселе.


Төртіншіден, қазір мұнда ит жетектеушілердің қарасы кө­бейген. Олар кірме жол арқылы тоғанға түсіп, су кешіп ойнақтап, күнде ертелі-кеш келіп қонатын жабайы үйректерді үркітуде. Сондықтан оларға суға түсуге рұқсат етілмейтіндей көрнекі жерге маңдайша жазу жазылып, қадағалап отырса.


Міне, осындай ескертпелерге Алматы қаласының әкімі бо­лып жаңа­дан тағайындалған Бақытжан Сағынтаев оң көзбен қарайды деген сенімдеміз. Оған негіз де жоқ емес. Жаңа басшы келе сала мегаполистегі бірқатар басқарма, аудандардың жұмысымен танысып, нақты тапсырмалар беріп үлгерді. Соң­ғы жылдары қала билігі бар назарын қаланың орталық бөлігіне аударып келсе, Сағын­таев мырза үлкен шаһардың қай жеріне, қай шетіне бармаңыз – барлық жағынан көрікті де әсем қала екендігі сезіліп тұруы керек деген қағиданы ұстануы қалалықтардың көңіліне жағып отыр.


Ол рас. Алматының шека­ралық аумағы жылдан-жылға кеңейіп, халқының саны артып келеді. Дәлірек айтқанда, Түрк­сіб, Наурызбай, Алатау, Бос­тандық аудандарының әлеу­меттік-экономикалық жағда­йымен танысқан Пре­зидент Қа­сым-Жомарт То­қаевтың тап­сырмасына сәйкес қа­ланы да­мытудың «Шетсіз қала» тұ­жы­рымдамасын қабылдап, онда мегаполистегі әр аудан­ның ор­талықтандырылып, маңайы қа­жетті инфрақұрылымдарға қолжетімді бо­луын міндеттеуде. Бұл өз кезегінде ха­лықтың қала орталығына қарай сабылуын саябырсытуға септігін тигізбек. «...Шеткі аудандар мен қала­ның орталығы жақындастырылып, Алма­тының кез келген ауданы – ме­гаполистің айнасына айналуы тиіс», дейді бүгінде күңгейіндегі бас қа­ла­ның тізгінін ұстаған, соң­ғы жылдары республика Үкі­метін табысты басқарып, елі­міздің өркендеп, дамуына өзіндік үлесін қосқан ұтқыр да кәнігі басшы Бақытжан Сағын­таев. Ендеше, іске сәт, әкім мырза!


...Бірде сыйлас курстас құр­­бым, досым Дариғаш теле­фондап: «Қыз-ау, дарияның жа­ғасына шықпаймыз ба?» деп қыдыруға шақырғаны бар. Сол айтпақшы, қала хал­қы үшін Есентай өзе­ні ал­ма­тылықтардың Сыр­да­риясы, Әмудариясы емес пе! Америкалықтарша айт­қанда, Брайтон-Бичі емес пе? «Жақсыны көрмек үшін», алма­тылықтарды Ха­­мит Ер­ға­ли жа­ғалауына сал­­­қын­дап, бой жазып қай­туға шақы­рамыз. «Тән қоз­ғал­са, жан қуа­нады» деген, ке­ліңіздер, көріңіздер!..

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»