Көлдер неге суалып жатыр?
Жұма, 11 қаңтар 2013 7:28
Ырғыз өңірінің балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, аң-құсы жыртылып айырылатын өзен-көлдерге бай екенін білмейтіндер кемде-кем болар. Талайларды тұмса табиғатымен таңғалдырған өзен-көлдермен өрнектелген өңірдің соңғы жылдары басынан бағы тая бастағаны да шындық. Осы өңірде ресми тіркелген тереңдігі 1,5-2,5 метр болатын 95 үлкенді-кішілі көлдің 29-ы Ырғыз, 54-і Торғай және 12-і Өлкейік өзендерінің көктемгі тасқын суымен толығады. Осы көлдердің 28-і Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты және 38-і Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалы сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан.
Жұма, 11 қаңтар 2013 7:28
Ырғыз өңірінің балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, аң-құсы жыртылып айырылатын өзен-көлдерге бай екенін білмейтіндер кемде-кем болар. Талайларды тұмса табиғатымен таңғалдырған өзен-көлдермен өрнектелген өңірдің соңғы жылдары басынан бағы тая бастағаны да шындық. Осы өңірде ресми тіркелген тереңдігі 1,5-2,5 метр болатын 95 үлкенді-кішілі көлдің 29-ы Ырғыз, 54-і Торғай және 12-і Өлкейік өзендерінің көктемгі тасқын суымен толығады. Осы көлдердің 28-і Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты және 38-і Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалы сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан.
2007 жылдан кейін Торғай және Өлкейік өзендерінің тасымауы салдарынан дүниежүзілік маңызға ие сулы-батпақты өлке көлдерінің экологиялық жағдайы күрт нашарлап кетті. Өзектер арналары тартылып, көл табандары кеуіп, сорға айналуда. Қазір бұл өңірдегі осыншама көлдің суы бары саусақпен санарлық болып қалды. Қырында киік ойнаған өңірдегі су тапшылығы оларды басқа жақтарға жайылым ауыстыруға мәжбүр етуде. 2012 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы көлдердің 21-не ғана Ырғыз өзенінен су түскен, күзге қарай олардың сегізінің ғана табанында жылтырап су қалған. Күзгі санақта көлдер жүйесінде құстардың 37 түрінің 6650 дарағы ғана есепке алынған. Ал бұл көлдер бұрын нағыз құс базары болатын. Күзгі және көктемгі құс қайту және келу кезінде осы көлдер үстімен 250 мыңнан астам құс ұшып өтеді екен. Соның 33-і Қызыл кітапқа енгізілген қауырсын қанаттылар. Өзектер мен көлдерге су шықпағандықтан азғантай қар суы тез ашып, тұзданып, мал өліміне де соқтырып отырған көрінеді. Былтыр көл маңындағы елді мекендерде оншақты ірі қарасын өлтіріп алған отбасылар да болыпты.
Күні кеше айдыны шалқып, айбыны асып жататын көлдердің мұндай жағдайы жергілікті тұрғындардың да көңіл-күйіне әсер етері сөзсіз. Бар тіршілігі алдындағы төрт түлік малына тәуелді шалғайдағы елді мекендер тұрғындарын мазасыздандыратын мәселе – осы өзен-көлдердің арнасы тартылып, табанынан су қашуы. Әйтпесе, бұрындары жол азабын тартып келген Ырғыздың үстімен «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі өткелі қатынас жақсарып, елдің еңсесі бір көтеріліп қалып еді. Ырғыздықтардың ендігі уайымы өзен-көлдерді суландыру жайы. Туған жерге тамыры байланған төл перзенттері көлдердің табанына су келіп, Ырғыздың балығы мен құсы, аңдары өсіп-өніп, өңірдің шетелдік туристердің қызығушылығын тудыратындай бақ жұлдызы жанар сәтті күтуі де заңды.
Бұған дейін бұл мәселелер түрлі деңгейде әңгіме болып жүргенімен шешімді шара алынбай, күн тәртібінен түскен емес. Елімізде қабылданған мемлекеттік аграрлық өнеркәсіпті дамыту бағдарламасында су шаруашылығы жүйесін тиімді пайдалануға көп көңіл бөлінген. Бағдарламаның жүзеге асырылуын анықтау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев 2012 жылы көктемде өңірге келген жұмыс сапарында бірқатар су шаруашылығы жүйелерін салуға қолдау көрсетуге уәде беріп, сөзінде тұрды. Аумағы 18817 гектар болатын Ойыл ауданындағы Тамдыкөл көлдете суару жүйесін «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы тез арада күрделі жөндеп берді. Енді филиал Ырғыз ауданындағы екі бөгеттің құрылысын аяқтап отыр. Бұл өзегі талған өзен-көлдердің табанына су жеткізудің қайтарымды қадамы болғалы тұр. «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының мамандары осы бөгеттердің құрылысын барып көруді қолқалап жүрген-ді. «Өзеннің басындағы су ішеді, аяғындағы у ішедінің» керін киіп қалғандарға ең болмағанда өзіміздің облыс аумағындағы Ырғыз өзенінің көктемгі тасқын суының бей-берекет ағып кетуіне жол бермей, көл табандары мен өзектерге толтырып алсақ үлкен олжа емес пе деген сөзінің жаны бар екенін жергілікті билік те, тұрғындар да, осы мәселені қаузап жүрген азаматтар да теріс көрмепті. Оның үстіне бұл жобалар Су ресурстары комитетінің үнемделген қаржысы есебінен қаржыландырылып отырған көрінеді. Сондай-ақ, бұл жобаларды жасауды жүзеге асыруға алдын ала есептелген 500 миллион теңгенің орнына оңтайландырылған әдіспен небәрі 200 миллион теңге жұмсалған. Себебі, жобалау-есептеу жұмыстарын қайта қарап, көптеген өзгерістер енгізіп, біраз қаржы үнемдеуге қол жеткізіліпті.
Бұдан екі жыл бұрын Нұра жеріндегі Торғай өзенінің Байтақ көліне құяр тұсындағы Қожа және Жайсаңбай елді мекен тұсындағы Қаракөлге құятын «Қыл» телімін бөгеп, су реттегіш қою мәселесі Ауыл шаруашылығы министрлігінде қаралып, «Қожа» және «Қыл» бөгеттерін салу Үкіметтен қолдау тапты. «Қожа» бөгетінің биіктігі 2 метр 20 сантиметр. Бөгет қатты қожыр тастармен бекітілді, 12 мың шаршы метр топырақ үйіндісі төселді. Ұзындығы 45 метр, диаметрі 600 мм. су жібергіш орнатылды. Сондай-ақ, артық суды бөгеттің үстімен өткізу де қаралған. Сонда мына іргедегі Байтақ көлі толғанша көптеген көлдерге су барады, өзектерді толтырады. Біз осы арқылы 228 миллион текше метр су ұстауды көздеп отырмыз. Бұл дегенің мол байлық, малға да, жанға да пайдалы. Ал «Қыл» бөгетінің ұзындығы – 620 метр. Мұнда 28 миллион текше метр су жинақталады деп күтілуде. Ең бастысы, көктемгі тасқын су мен қар суы құмға сіңіп жоқ болып кетпейді, осы маңдағы көлдердің табанына жиналады. Аң мен құстың, балықтың оралуына алғышарт жасайды, шаруаға қолайлы болады, малдың су ішуіне, көл жағалауларында балауса пішен дайындауға мүмкіндік береді, дейді «Қазсушар»РМК Ақтөбе филиалының мамандары.
Біз осы сапарымызда Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлерімен, тұрғындармен де кездесіп, көл табандарынан судың қашуының себептерін білмек болып әңгімеге тартқанбыз. Әрине, бірінші кезекте, экологияның бұзылуы, қуаңшылықтың жиілеп кетуі, қыста қар мен тоңның түсіп жарымауы сияқты дәлелдер алға тартылды. Осы мәселенің басы-қасында жүргендердің тоқтамды уәжі бұл облысаралық су бөлудегі әділетсіздікке саяды. Шындығында Ырғыз өңіріндегі көлдерге суы жететін Торғай өзенінің суын сағадағы елмен бөліп пайдалану 20 жыл бұрынғы есеппен жүргізілуде екен. Соның өзінде оған бақылау-қадағалау кемшін. «Әркім көрпені өздеріне» тартатыны тағы бар.
Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап дүниежүзілік ЮНЕСКО, Рамсар Конвенциясы қауымдастықтары, отандық табиғат қорғау ұйымдары су экологиясында қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіріп, дабыл қаға бастады. Қағаз жүзінде қалғаны болмаса 1992 жылы «Су шаруашылығы гидрожобалау институты»(«Казгидроводхоз») жасақтаған ұсынысқа сәйкес Торғай және Ақтөбе облысы арасында Торғай өзенінің 786,4 млн. текше метр ағын суының 82,2 млн. текше метрін, яғни 10,5 пайызын, Өлкейік өзенінің 61,8 млн. текше метр суының 19,2 млн. текше метрін Ақтөбе облысына жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, Ақтөбе облысында су реттегіш құрылыстар салудың жобалық құжаттары жасақталды. Алайда, уақыт көрсеткендей, аймақтағы экологиялық жағдай одан әрі ушығып, қазіргі таңда шарықтау шегіне жетті. 2008 жылдан бері Ақтөбе облысына көктемгі су тасқыны келмей, 2012 жылы екі бірдей ерекше қорғалатын аумақтағы (резерват және заказник) аталған өзендермен толығатын көлдер түгелдей дерлік кеуіп қалды. Соңғы жылдары қалыптасқан климаттық жағдай, құрғақшылық өзен-көлдердің тартылуына соқтырды. Соған қарамастан Торғай және Өлкейік өзендерінің арнасына Қостанай облысы аумағында жобамен, жобасыз салынған бөгеттер көктемгі ағын суды Ақтөбе облысы аумағына аз көлемде болса да жібермей отыр. Өткен жылдың қазан айында Қостанай облысының Жанкелдин және Амангелді аудандарындағы Торғай және оның саласы Қабырға өзендерінің бойын зерделеу барысында анықталған «Есентай» және «Албарбөгет» бөгеттері бұған айқын дәлел, дейді Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерватының күзет бөлімінің бастығы Омар Сақтағанұлы бізбен әңгімесінде. Жоғарыда келтірілген дәйектемелерді ескере отырып, Қостанай және Ақтөбе облысы арасында Торғай және Өлкейік өзендерінің суын бөлісу және осы өзендер мен оның салалары бойында салынған бөгеттерді алып тастау туралы тиісті орындар алдына мәселе де қойылды.
Қазір Ырғыз өңірінде 60 мыңнан астам киік бар екен. Бұдан басқа қасқыр, жабайы шошқа, түлкі, қоян және басқа да аңдар кездеседі. Алайда, көл табанында су болмаған соң ондатр жоқтың қасы. Құстардың да түрлері азайған. Киіктің өзі су іздеп көршілес облыстар аумағына ауа қоныстануда. Әзірге аңшылар киікті көздің қарашығындай сақтап келеді. Қысты күндері күзетшілер үшін жиырма үй салып қойылған. Күн суықта олар осында жылынып, түстеніп алуларына қолайлы.
Біз резерват қызметкерлерімен қоштасып, кезінде өнеркәсіптік мақсатта балық ауланған Байтақ көлін жағалай келіп «Қожа» бөгетіне тірелдік. Аумағы 5311 гектар болатын бұл көл де тартылып қалған. Күні кеше мыңдаған тонна балық ауланған көл дегенге сену қиын. Міне, су тапшылығының салдарын осыдан-ақ аңғаруға болады. Көлдің қарсы бетіндегі Белшер ауылы жып-жинақы елді мекен екен. Ұзақ жыл осы ауылда ферма меңгерушісі болып еңбек еткен Мүшрап Көшербаевтың үйінің жанында қайық қалқияды. Кезінде іргеге соғып жататын көл тартылған соң оның да қажеті болмай қалған сыңайлы. Табаны тартылған көлге қарап, Мүшрап аға да көңілсіз күрсінеді. «Сулы жер – нулы жер» деп ата-бабасы қоныс қылған Байтақ көліне су толтыру үшін салынып, пайдалануға берілген «Қожа» бөгетіне үміт артады, әрине. Дегенмен, Торғай өзенінің суын жоғары жақтағылар өндірістік мақсатқа пайдаланып жатқан жоқ па деген күпті ойын да жасырмайды.
– Біз екі бөгеттің де ұқыпты ұсталуын өз міндетімізге аламыз. Бөгеттердің біздің құзырымызға өтуіне Ырғыз ауданының әкімдігі көмектесіп, ыждағаттық танытты. Барлық құжаттары ресімделді. Біз бұл бөгеттерге бас-көз болатын бір-бір адамды осы жергілікті жерден жұмысқа аламыз. Оларға сайлы вагон үй қалдырылады, еңбекақы төлейміз. Көктемгі су тасқыны кезінде бөгеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мұрындық болады, – дейді «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының директоры Бекзат Наметов.
«Қожа» бөгетін «МТС» өндірістік кооперативі, ал «Қыл» бөгетін «Арғын и К» ЖШС тез және сапалы салыпты. Бөгеттер өзен-көлдерді сумен толтырып қана қоймай, өңірдің табиғи қалпына келуіне ықпал етеді, мал азығын мол дайындауға, экологияның жақсаруына алғышарт жасайды деп күтілуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы,
Ырғыз ауданы.