Аймақтар • 20 Тамыз, 2019

Курстардың үйретері көп

439 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұғалімнің басты міндеті – өзінің кәсіби біліктілігін арттыру. Ахмет Байтұрсынұлының «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деген сөздеріне сәйкес бұл жұмыс тұрақты түрде жүзеге асырылуы керек. К.Д.Ушинскийдің «Мұғалім үйрену барысында өмір сүреді. Ол үйренуін тоқтатқанда, оның мұғалімдігі жойылады» деп айтқаны тағы бар. Демек, мұғалім қауымы өмір бойы үйреніп, өз біліктілігін көтеріп отыруы керек. Бұл – аксиома.

Курстардың үйретері көп

Осы қағида ауқымында әр мемлекет мұғалімдердің кәсіби дәрежелерін арттыруға мүдделі болып, оларға қа­жетті жағдай жасап, алдына талап қояды. Мысалы, Сингапурда мұға­лім жылына кем дегенде 100 сағат мөлшерінде біліктілік арттыру курс­та­рына қатысуы міндет. Бұл дегеніңіз күніне 8 сағаттан оқитын болса, 13 күн­дей үздіксіз оқу дегенді білдіреді, яғни әр каникулда мұғалім кемінде 3-4 күн оқып-үйренуі керек.

Елімізде де осы мақсатта бүгінде мұғалімдерге арналған түрлі курстар тегін ұйымдастырылуда. Бұл тамаша мүмкіндік.

Алматы қаласындағы Педа­го­ги­калық шеберлік орталығында білік­ті­лік­ті шыңдауға арналған екі курсқа қатыстым. Одан түйгенім – «Үйрену мүм­кін емес, тек үйрену ықтимал» деген сөз рас екен! Бәрі де өзімізге бай­ланысты. Үйренемін десең – үйре­несің. «Үйренбеймін! Онсыз да бәрін білемін!» немесе «Осының қаже­ті қанша?! Мұғалімнің жұмысын қиын­­датқанынан басқасы жоқ!» деп жал­тар­саң, онда оқымаудың амал­дары мен сылтауларын көптеп кел­ті­ресің.

Бұл курстарда да әріптестерімнің басым бөлігі «Үйренейін! Қарманып қалайын!» деп ұмтылыс жасап, бел­сен­ділік танытып, кәсіби білік­ті­­лігін ұштау­ға мүдделі болса, кей­біреулері тек сер­тификат алу үшін «шықпа, жаным, шықпа!» деп «ауыр­дың үсті­мен, жеңілдің астымен» ғана жүр­ді. Әрине, оларға не жасаса да, не нәрсеге үйретсе де жағу қиын: бәрібір жақ­тыр­майды.

Өздерін қинағысы келмейтін әріп­тес­терімді мен баяғы заманнан келді ме деп ойлаймын. Өйткені бұрын да курстар көптеп ұйымдастырылатын. Алайда, шынын айту керек, ол курс­тарда оқу негізінен формалды еді, тек сертификат үшін оқушы едік. Он­дай курстарда бәрі «тәрізді» болатын: бізді лекторлар оқытқан тәрізді еді (негізінен күн ұзақ лекция ғана ­оқитын), біз болсақ үйренген тәрізді едік (еш қиналмай, ойнап-күліп, көңіл көтеріп, қала қыдырып). Мектепке келгенде бізге айтатыны мынау еді: «Оқыдыңдар ма? Жақсы болыпты! Ал енді оқығандарыңды сабақтарда қолданыңдар!». Қолдану да тәрізді болатын: қалай қолданамыз, оны өзіміз білеміз, бізге талап қойып, қадағалап жатқан ешкім жоқ еді. Осылайша 5 жылда бір рет курсқа қатысатынбыз. Бәрі де «оқымады деп айтпасынның» сыңайында болатұғын.

Ал бүгінгі курстарда бәрі де жү­йе­лі: алдымен мақсат пен күтілетін нә­ти­желер қойылады да, соңында оған жеткен-жетпегеніміз талданады. Мұнда бәрі де шынайы: сабақтан қалу жоқ, талап та жоғары, тапсырмалардың орындалуын қадағалау бар, соңында сарапшылардың қатысуымен таныс­тырылым қорғау немесе есептер жазу нысанында емтихан тапсырылып, тыңдаушылардың жауаптары сонау ел ордасында тексеріледі. Курстар мазмұны педагогиканың ең соңғы жетістіктеріне негізделген, мұғалімдердің күнделікті тәжірибесін зерттеуге бағытталған.

Курста мен «Үйрететін – мұғалім емес, үйрететін – орта» деген қағиданың өміршеңдігін өзім үшін дәлелдедім. Біз ең алдымен бір-бірімізден оқыдық, үйрендік. Туындаған мәселелер мен кедергілерді ылғи да бірлесе шешіп отырдық. Осы арқылы арамызда жылы қарым-қатынас орнады. Әлі де бір-бірімізбен кәсіби байланыстарымызды үзбей келеміз.

 

Эльмира РАПИЛОВА,

№178 мектеп-лицейінің мұғалімі

АЛМАТЫ