Экономика • 20 Тамыз, 2019

Еңбек нарығында жастардың үлесі азаяды

363 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының болжамы бойынша 2021 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде еңбек нарығына біліктілігі бар 22 жастағы жұмыс күшінің келуі Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері 1997-2002 жылдары бала туу санының аз болуына байланысты ең төменгі деңгейде болмақ.

Еңбек нарығында жастардың үлесі азаяды

Орталық мамандарының айтуынша 1990 жылдардың соңындағы қолайсыз экономикалық жағдайларға байланысты республика халқының саны айтарлықтай азайды. Егер 1992 жылдың басында Қазақстанда 16 млн 452 мың адам тұрса, 2002 жылдың басында небәрі 14 млн 851 мың адамды құраған. Бұған эмиграция да айтарлықтай ықпал етті. Мәселен, 1992-2002 жылдар аралығында республи­кадан тыс жерлерге шамамен 2,8 млн адам көшіп кетті. Бұл осы кезеңде келгендерді есепке алғанда 747 мың адамға 2 мил­лионнан астам адамның теріс саль­досына сәйкес келетінін көрсетеді.

1999 жылы некелесу саны 85,9 мың рә­сімге қысқарды, бұл сегіз жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда екі есе аз (1991 жылы – 165,5 мың). Өз кезегінде 1998 жылға қарай бала туу көрсеткіші мың адам­ға шаққанда 15 нәрестеге дейін төмен­деді және бұл деңгей 2002 жылға дейін сақталды, мұның нәтижесі бойынша тек 15,3 нәрестені құрап, 1991 жылғы деңгейден 30%-ға төмен болды. Осылайша жаңа туған нәрестелердің саны 1991 жылғы 353 мыңмен салыстырғанда 1998-2002 жылдар аралығында 217-227 мың адам және тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш тіркелген 2016 жылы 401 мың адамды құрады.

Статистикалық ақпаратқа сәйкес 2013 жылы жастар санатына жататын халықтың орташа жылдық саны 4 млн 113 мың адамды құрады, бірақ 2018 жылға қарай 3 млн 612 мың адамға дейін немесе 12%-ға қысқарды.

«Жастар санын болжау үшін бола­шақ­та біз туу мен өлім-жітім 2018 жыл­ғы деңгейде қалатын жағдайдың моде­лін жасадық, ал миграциялық келу мен кету соңғы бес жылғы орташа мәнде болады. Модельдеу нәтижелері 2022 жылға дейін жастардың болжамды са­ны 3 млн 432 мың адамға дейін қысқара­ты­нын, кейін 2038 жылы 5,1 млн адамға дейін он бес жылдық өсу циклі баста­ла­тынын көрсетті», дейді аталған орталық­тың Еңбек ресурстарын болжау департа­ментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Ол сонымен қатар 2023 жылға қарай жастардың саны қалпына келе бастағанымен, негізгі өсім жасы кіші санаттағылар есебінен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Мәселен, егер 2013 жылы 15-20 жастағы жастар қа­тарында 1 миллион 551 мың адам болса, 2018 жылы 1 миллион 348 мың адам­ды (жалпы санның 37%-ы), 2023 жыл­ға қарай 1 миллион 638 мың адамды немесе жалпы саны 3 миллион 468 мың адамды немесе 47%-ды құрайды.

Бұл ретте Д.Шумеков техникалық немесе кәсіптік білім алған жағдайда еңбек нарығына шығудың ең төменгі жасы 18 жасты (7 жаста 1 сыныпқа + 9 сынып + 2 жыл колледжде), ал орта мектепті және бакалавриат бағдарламасын аяқтаған жағдайда – 22 жасты (7 жаста 1 сыныпқа + 11 сынып + 4 жыл бакалавриат) құ­рай­тынын атап өтті.

«Егер жастардың еңбек нарығына шығуын есептеудің осы әдістемесіне сү­йенсек, онда 22 жастағы жастар саны бірнеше жыл бойы үздіксіз қысқар­тыл­ған­нан кейін, 2023 жылға қарай қал­пына келе бастайды. Мәселен, егер 2013 жылы осы санаттағы халықтың саны 318,5 мың адамды құраса, 2018 жылы – 250 мың адамды, ал 2021-2023 жылдары ең төменгі деңгей – шамамен 217-218 мың адамды құрайтын болады. Тек 2026 жылға қарай 22 жастағы халық саны 2013 жылғы көрсеткішке жақындайды», деді Еңбек ресурстарын болжау департаментінің директоры.

Ел заңнамасына сәйкес Қазақстандағы жастар құрамына 15 пен 28 жас ара­лы­ғындағы адамдар кіретінін айта кеткен жөн.