Бүгінгі таңда 56 нысан пайдалануға берілді, 8 нысанның жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталады. Қайта қалпына келтірілген 4 нысан қыркүйек-қазан айларында пайдалануға беріледі. Оның қатарында жедел жәрдем, стоматологиялық бөлімдер, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және балабақша бар.
«Біз нысандардың жағдайын бағалау кезінде оны қалпына келтірумен шектеліп қалмай, ғимараттарды жақсарту туралы шешімге келдік. Барлық мектеп жиһазбен жабдықталып, ағаш терезелері пластикалық терезелермен ауыстырылды, ескі футбол алаңының орнына жаңа алаң салынды және мектепке арналған жаңа жиhаз алынды», дейді «Samruk Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Арман Жетпісбай.
Айта кету керек, 1 шілдеде қор қираған әлеуметтік нысандарды – 6 балабақшаны, 16 мектепті, 1 колледжді, 30 жеке меншік балабақшаны, 8 денсаулық сақтау нысанын, 4 спорт нысанын, теміржол вокзалын, Даңқ алаңы мен орталық алаңды жөндеуді бастаған болатын.
«Темір жол вокзалының ғимараты 1904 жылы салынған. Осы уақытқа дейін онда жөндеу жұмыстары тек 5 рет жүргізілсе, соңғы рет 2004 жылы жөнделген. Сондықтан жобалау және жөндеу жұмыстары тиісті лицензиясы бар компаниямен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Ғимаратты бастапқы қалпында сақтау үшін барлық шаралар қолданылады», деді А.Жетпісбай.
Жалпы, «Самұрық-Қазына» Арыс қаласындағы қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына 7 млрд теңге бөлді. Нысандарда шатырларды, терезелерді, есіктер мен едендерді
ауыстыру мен әрлеу сынды негізгі жұмыс атқарылды.
13 шілдеде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Арыс және Түркістан қалаларында болды. Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан қор басшысы жұмысты жоспарға сәйкес уақтылы жүргізуді тапсырды. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев пен Үкімет тапсырмасы бойынша қор Арысты қалпына келтіруге белсене қатысты.
Түркістан облысы