Мұндағы көзделген меже – су айдындарын заңсыз балық аулау құралдарынан, сондай-ақ басқа да қалдықтардан тазартып, күннен-күнге ластанып бара жатқан өзен-көлдердің мәселесіне қоғам назарын аударту, ел тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Акцияға еліміздің әр өңірінде
5 100-ден аса мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, экологиялық бірлестіктердің ұжымдары және еріктілер қатысты.
Министрліктің ақпаратына сәйкес 61 685 гектар ауданды қамтыған өзен-көлдерді тазарту үшін 431 су көлік техникасы және арнайы сүңгуірлер жұмылдырылды. Осыған байланысты ведомство басшысы әлеуметтік желідегі аккаунтында аталған шараға қатысқан азаматтарға алғысын білдіріп, бұл іс бір науқанмен аяқталмайтынын жеткізді.
«Сенбілік жасау қазақстандықтар үшін дəстүрге айналуда. Бүгін 79 су қоймасынан 95 шақырымды құрайтын ау мен 121 тонна қоқыс жиналды. 5000-ға жуық адам бұл күнді таза экологияны қалыптастыруға, балықтарды, суда жүзетін құстарды құтқаруға, өзендердің тазалығын сақтау жолындағы күреске арнады. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Аулардан таза су айдыны» акциясы аясында Нұра өзенінен 250 метр заңсыз құрылған синтетикалық ау мен 4 тоннаға жуық тұрмыстық қоқыс жиналды. Атап өту керек, дәл қазір бүкіл аймақтар бойынша 79 көл тазалануда. Оған мыңдаған адам қатысып жатыр. Баршаңызға мың алғыс!», деді өз жазбасында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев, тек мамыр айының өзінде елдегі су қоймаларынан 395 шақырым қытайлық балық аулау торлары табылғанын айтты. Осы олқылықты реттеу үшін министрлік аталған тордың Қазақстанда пайдаланылуына тыйым салған екен.