Туризмді дамытуға тың серпін
Сәрсенбі, 16 қаңтар 2013 7:11
Әлемдегі белді де беделді ұйымдардың бірі Халықаралық көрмелер бюросының шешімімен елордамызда Бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін болды. Көрменің де көрмесі бар. ЭКСПО халықаралық көрмесі күнделікті көп шараның бірі емес. Оны өткізуге ынталы елдер қарасы да көп. Бірақ бәрінің бірдей оған қолы жете бермейді. Өткен жылдың қараша айында әлем астанасы Париж қаласында Қазақ елі әлемнің алпауыт елдерімен аламанға түсіп, сол бәйгеде Астана жеңімпаз атанды. Бұл халықаралық айтулы шараның еліміз үшін берері көп. Соның ішінде ЭКСПО көрмесі елімізде кенжелеп қалған туризм саласын дамытуға тың серпін берері сөзсіз.

Астана қаласының туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының дерегі бойынша, 2012 жылы Қазақстанның бас қаласында 522,9 мың турист болған екен. Оның ішінде 117,5 мың адам алыс шетелдерден, қалған 405,4 адам еліміздің басқа өңірлерінен келген қонақтар болыпты. Салыстыру үшін айта кететін болсақ, 2011 жылы бұл көрсеткіш тиісінше 105,9 және 373,1 мың адам болған. Сөйтіп, жыл ішінде бас қаламызға келетін туристер саны 9,2 пайызға артыпты.
Қонақтарды өз дәрежесінде қарсы алу үшін бас қаламызда жоғары инфрақұрылымдық нысандардың болуы маңызды. Қазір Астанада 172 қонақ үй жұмыс істейді. Бұл қонақ үйлерде бір мезгілде 7162 адам тыныға алады. Соңғы жылдары жан-жақтан келетін қонақтардың қарасы көбеюіне байланысты елордамыздағы қонақ үйлерге деген сұраныс деңгейі де артып келеді. Мәселен, 2009 жылы қонақ үй нөмірлерінің адамдармен қамтылуы 28,5 пайыз болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 42 пайыз, ал 2012 жылы 49 пайызды құраған.
Қазіргі таңда Астана қаласында 169 туристік фирма қызмет көрсетеді. Бас қаламыздың халықаралық ауқымда беделінің одан әрі артуы үшін бұл туристік фирмаларға жүктелер міндет жүгі ауыр. Алайда, туристік бизнес саласында бұл отандық фирмалардың беделі әлі де жоғары дәрежеде емес. Алдағы уақытта бұл мәселеде жан-жақты жобалар белгіленіп, Астанаға әлем назары ауатын 2017 жылы төрткүл дүниеден келген қонақтарға жоғары сервистік қызмет көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасау мақсатында қажетті іс-шараның барлығы атқарылуға тиіс.
Нияз ЖЫЛҚЫБАЕВ.