Бес жылда – 50 балабақша, 30 мектеп
Сәрсенбі, 16 қаңтар 2013 7:17
Тәуелсіз еліміздің тұғырлы символына айналған Астана қаласын әрбір қазақстандық өзінің бас қаласы ретінде мақтан тұтады. Елімізде жүргізілген соңғы әлеуметтік зерттеулер қорытындысы бойынша, ел азаматтарының 93 пайызы оны республикамыздың қарқынды дамып келе жатқан экономикасының негізгі локомотиві деп түсінеді. Жаһандық айтулы басқосулардың орталығына айналған елордамыз сонымен бірге, еліміздің қалаларының ішінде тұрғындарына әлеуметтік-тұрмыстық қолайлы жағдай жасау мәселесінде үлгі тұтарлық ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді.
Сәрсенбі, 16 қаңтар 2013 7:17
Тәуелсіз еліміздің тұғырлы символына айналған Астана қаласын әрбір қазақстандық өзінің бас қаласы ретінде мақтан тұтады. Елімізде жүргізілген соңғы әлеуметтік зерттеулер қорытындысы бойынша, ел азаматтарының 93 пайызы оны республикамыздың қарқынды дамып келе жатқан экономикасының негізгі локомотиві деп түсінеді. Жаһандық айтулы басқосулардың орталығына айналған елордамыз сонымен бірге, еліміздің қалаларының ішінде тұрғындарына әлеуметтік-тұрмыстық қолайлы жағдай жасау мәселесінде үлгі тұтарлық ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді.
Егемен Қазақстанның сәулетті елордасы шын мағынасында бақытты балалықтың орталығы болып саналады. Бұл үшін мемлекетіміз қолдан келгеннің бәрін жасауда. Мемлекет басшысының бастамасымен жас астаналықтарды мектеп және балабақшалармен толық қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. 2012 жылы ғана Астана қаласында 5 мектеп және 7 балабақша бой көтерді. Бұл мектеп және мектеп жасына дейінгі мемлекеттік мекемелердегі балалар санын тиісінше 4500 және 1530 орынға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Ел шежіресінің тарихына айналған 2012 жылы білім беру саласы бойынша 37 жаңа нысан жобалары белгіленді. Оның ішінде 13 жоба бойынша тиісті экспорттық оң баға алынып, 24 жоба 2013 жылы жүзеге асырылатын болды. 2012 жылдың қорытындысы бойынша «Білім беру нысандарын дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 9,693 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 7,862 млрд. теңге республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер есебінен бөлінсе, 1,831 млрд. теңге жергілікті бюджеттерден қарастырылды.
Қазіргі таңда сәні мен салтанаты жарасқан бас қаламызда 4900 орындық 5 жаңа мектеп, 1680 бүлдіршінге лайықталған 7 балабақша құрылысы жүргізілуде. Құрылыс қарқыны осы бағытынан таймайтын болса, елордамыз үшін ауадай қажет бұл білім нысандары үстіміздегі жылы толық пайдалануға берілмек. Сонымен бірге, биылғы жылы қаламызда тағы да 7 жаңа мектеп және 12 балабақша құрылысы қолға алынбақ. Бұл нысандар 2014 жылы жас астаналықтар үшін есігін айқара ашпақ. Астана қаласы әкімдігінің алға қойған кешенді жоспарлары бойынша, 2017 жылы өтетін Бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесінің жалауы желбірегенге дейін елордада су жаңа 50 балабақша және 30 мектеп бой көтеретін болады.
Елордамызда жылдан-жылға заманауи технологияларға сай жабдықталған озық медициналық орталықтар қатары көбейіп келеді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде бірқатар нысандар бой көтерді. Өткен жылы бас қаламызда заман талабына сай 2 денсаулық сақтау мекемесі салынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, бір ауысымда 250 бала қабылдайтын емханасы бар 350 төсектік қалалық көп салалы балалар ауруханасы, Оңтүстік-шығыс шағын ауданында 350 ересектерді және 150 балаларды қабылдайтын кешенді амбулаториялық емхана есігін айқара ашты.
Жалпы алғанда, 2012 жылы Астана қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасы 18 денсаулық сақтау мекемесінің жобасын жасады. Оның ішінде 10 жобаны жүзеге асыру жұмысы қолға алынса, қалған 8 жоба үстіміздегі жылы іс жүзіне асырылатын болады. «Денсаулық сақтау нысандарын дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға 2012 жылы 10,320 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 9,384 млрд. теңге республикалық бюджеттің мақсатты трансферттері есебінен, 936 млн. теңге жергілікті бюджеттердің есебінен бөлінді.
2013 жылы Астана қаласында жаңадан 6 денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Ал 2014 жылдың соңына таман сол жағалауда амбулаториялық-емханалық кешен және 500 төсектік туберкулезге қарсы ем қолданатын диспансер пайдалануға беріледі. Астана қаласы әкімдігінің алға қойған кешенді жоспары бойынша төрткүл дүние назары Астанаға ауатын 2017 жылы бас қаламыздың тұрғындары стационарлық медицина мекемелері және емханалық нысандармен толық қамтамасыз етілетін болады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».