Авиаспорт
Бейсенбі, 17 қаңтар 2013 7:27
Әзірге ол жеке адамдар күшімен ғана өрістеп келеді
Мен Нұрмаханбет ағамен кездейсоқ танысып қалдым. Әмбебап қасиеттерін таныған сайын оның азаматтық тұлғасы да көз алдымда биіктей берді…
… Ауыл іргесіне егіс алқабына химиялық тыңайтқыш себетін АН-2 ұшағы келіп қонғанда 5-6 жасар ойын баласының жүрегі атша тулап, елеске бергісіз күй кешкен. Сол сәтте оған әлдебір ішкі түйсік бүкіл өмірінің дәл осы бір аспанда ғана жүретін қанатты пыраққа байлаулы екенін сезіндірген-ау, сірә. Өйткені, ол 4-сыныптан бастап мектеп жанынан ашылған шағын авиа модельдер жасайтын үйірмеге жазылды.Сөйтіп, ол өз қиялындағы ұшақтарды өзі құрап, жасауды үйренді. Балалық әуестікті бірте-бірте саналы қызығушылық алмастырды.
Бейсенбі, 17 қаңтар 2013 7:27
Әзірге ол жеке адамдар күшімен ғана өрістеп келеді
Мен Нұрмаханбет ағамен кездейсоқ танысып қалдым. Әмбебап қасиеттерін таныған сайын оның азаматтық тұлғасы да көз алдымда биіктей берді…
… Ауыл іргесіне егіс алқабына химиялық тыңайтқыш себетін АН-2 ұшағы келіп қонғанда 5-6 жасар ойын баласының жүрегі атша тулап, елеске бергісіз күй кешкен. Сол сәтте оған әлдебір ішкі түйсік бүкіл өмірінің дәл осы бір аспанда ғана жүретін қанатты пыраққа байлаулы екенін сезіндірген-ау, сірә. Өйткені, ол 4-сыныптан бастап мектеп жанынан ашылған шағын авиа модельдер жасайтын үйірмеге жазылды.Сөйтіп, ол өз қиялындағы ұшақтарды өзі құрап, жасауды үйренді. Балалық әуестікті бірте-бірте саналы қызығушылық алмастырды.
Осылай бірте-бірте оның тілегі спорттық авиаға ауа бастады. Алайда, кешегі кеңестік дәуірде орыстан басқаға есігі жабық авиа әлеміне ену оңайға соқпады. Мектепті үздік бітірген Нұрмаханбет Ресейдегі КВВАУЛ авиация мектебіне қатарынан төрт жыл емтихан тапсырады. Алғашқы емтихан кезінде болашағым тек өзімнің ғана білімім мен білігіме байлаулы деп санайтын темірдей сенімге селкеу түсіретін жайттардың да көп екенін түсінді. Жыл сайын түрлі «кемшілік» тауып отыратын комиссия құрамындағы сарапшыларды талапкердің алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы таңдандырды. Олардың арасында ұшақ инженері, жөндеуші-механик мамандығына баруға үгіттегендер де, ал ұшқыш-сынақшылыққа тек өз қандастары ғана алынатынын емеурінмен білдірген, кейде тіпті ашық айтқандар да болды. Төртінші жыл дегенде олар «өткір кездіктің қап түбінде жатпайтынын» еріксіз мойындады. Жігерлі жасты жыл сайын жетелеп келіп жүрген балалық қиял емес, жалынды тілек, шынайы шешім екенін сезінді. Сөйтіп, 1979 жылы ол Мясников атындағы КВВАУЛ-ға (Качинск жоғары әскери авиация ұшқыштары училищесіне) қабылданды.
Аудиториядағы оқуынан бөлек күндіз-түні тынымсыз өтетін жаттығулардың бірде-бірінде ол шаршағандық байқатпайтын. Топтастарының арасында оқ бойы озық жүретін болашақ ұшқыш-сынақшының алдынан кедергі аз кездескен жоқ. Бірақ, соның ешбірі де оның биікке ғана ұмтылған қиял қанатын кері серпе алмады. Керісінше, жаныған сайын өткірлене түсетін алмас қанжар секілді қайралып, қайраттана берді.
Елге оралып, өзі сүйген мамандығымен құлшына айналыса бастаған сонау бір жалынды жылдары Кеңестер Одағының қамалын қиратқан заманға тап келді. Одақ тұсында темірдей тәртіпке бағынған салалар сетінеп, ыдырап, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қалтасы қалыңдардың асығы алшысынан түсіп, қалағанын қармап қалып жатқанда, нағыз мамандар тасада қалып қойды. Соның салдарынан елдегі әуе спорты саласы да «құрдымға кетті». Бірақ, бойына дарыған асқақ рух пен жалындаған жігер жолда қалдырмады. Бала күннен санасына сіңген әділдікке деген сенім мен барлық ойларының әйтеуір бір күні орындаларына деген үкілі үміті талай сын сәттерде медеу болды. Оған қоса Елбасының да бір кездері ұшқыш болуды армандағанын естігенде, оның тек ел иесі ретінде ғана емес, қолында билігі бар Адам ретінде өзі өмір бойы аңсаған сол асқақ мұратқа қаракөз қазақ балаларының қолдары жетуі үшін бар мүмкіндікті жасайтынына сенді.
1989 жылы Қазақстанда әуе спортының соңғы чемпионаты өткен еді. Одан кейінгі он бес жылда жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Нұрмаханбет өмір ағымымен әртүрлі салаларда өз мүмкіндігін сынап көрді. Бала күннен бойға сіңген биік жауапкершілік, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін, дана қазақ айтқандай, «жолында жүк қалдырмайтын нар» болмыс оны қай салада да абыройлы етті, еткен еңбегінің нәтижесін де көрді, жемісін де жеді. Мәселен, сәулетші-архитектор мамандығын алған ол республикалық «ОТАУ» құрылыс-жобалау ұйымының директоры болып еңбек етіп жүр. Оның жобалары бойынша Алматыда «Алтын Орда» сауда базарының жанындағы «Апорт» сауда кешені, «ZIEBFART» машина-техника Сауда үйі, «Эфес» сыра зауыты, Жастардың шығармашылық орталығы салынды. Оңтүстік астананың сәнін келтіріп, салтанатын арттырған Науаи көшесіндегі, Алатау бөктеріндегі және «Байсерке» елді мекеніндегі коттедж қалашықтарындағы талай таңғажайып тұрғын үйлер де Нұрмаханбеттің таңдай қақтырар талғамының жемісі. Қазақстанның өзге де қалаларында сәулеткер Нұрмаханбет Әбдірахмановтың қиялынан туып, жұртшылықтың игілігіне айналған әсем ғимараттар аз емес. Мәселен, Жаркенттегі сұлу ғимарат – «Хан шатыры» қонақ үйі, «Родник» қонақжай кешені, Луговойдағы «Алрай», «Суконый комбинат» тойханалары есте қаларлықтай сауық орындарына айналды.
Бір қарағанда, кез келген сәулетші армандайтындай жетістіктерді місе тұтуға болатындай көрінеді. Бірақ қолына қалам алса-ақ болды, бала арман менмұндалап бой көтереді. Қаламы қайта айналып, сол арманның жетегіне ереді. Қағаз бетіне әуежайдың, аэроклубтың сызбалары қонақтай бастайды. Талғампаз сәулетшінің дарыны мен өз мақсатына жеткізбей тынбайтын табандылығы баяғы бала арманның биігіне тоғысты. Жай тоғыспады, әлемнің ең озық елдеріндегі мүлде жаңа тұрпатты құрылыс кешендерінен кем түспейтін, әрі заманауи, әрі ұлттық негіздегі әуе клубының көз қызықтырар кешенін дүниеге әкелді, авиа спорт ұшақтары қонатын әуежайдың өзгеге ұқсамайтын дара жобасын тудырды. Ақыры ол өзі сүйген салаға қайта оралды.
Ешкімнің көмегіне емексіген жоқ. Сөйтіп, 2004 жылы әуе спорты бойынша «Ұлан» командасын құрды. Жоғары пилотаж бойынша Қазақ КСР-інің бұрынғы құрама командасының мүшелері, энтузиаст-пилотаждар Н.Әбдірахманов, М.Т.Мұсаев, А.В.Мамонтовтар тізе біріктіріп, ұлттық команданың іргетасын қалады.
Осынау қауымдастықтың бірлігі нәтижесінде ЯК-52 кластық әлем чемпионаты жарияланды. Алғашқы чемпионат 2008 жылы тамыз айында Ресейдің Новосібір қаласында өтті. Бұл жарыста Ресей ұшқыштары топ жарды.
2009 жылы ЯК-52 кластық әлем чемпионатына қатысушылар Литва елінің Паневежис қаласынан 16 шақырым жерде орналасқан «Роюнай» жеке меншік аэродромында тоғысты. Бұл шара Әлемдік жоғары пилотаж федерациясы мен Литваның ұлттық аэроклубының «Адам-Құс» атты қоғамдық қозғалысының қолдауымен ұйымдастырылды. «Адам-Құс» қозғалысының негізін қалаушы – литвалық ұшқыш Витаутас Лапенас. Оның басты мақсаты әлемнің ең үздік жоғары пилотаждарының басын біріктіріп, тәжірибе алмасу, элиталық авиа спортының адамзат қоғамындағы мәртебесін көтеру болды. Бұл чемпионатқа әлемнің ең таңдаулы 23 ұшқышы қатысты. Олардың ішінде Бельгия, Литва, Ресей, Украина, Финляндия, Эстония елдерімен бірге Қазақстан ұшқыштары да бар еді.
ЯК-52 – оқу-жаттығулары үшін арнайы жасалған спорттық монопланды ұшақ. Ол ұшқыштарды үйретуге және шынықтыруға арналғандықтан екі кабиналы болып келеді. Алдыңғы кабинада үйренуші, ал артқы кабинада шеберлікке үйрететін кеңесші-ұшқыш отырады. Ұшақтың күші – 360 аттың қуатына тең, ал жылдамдығы сағатына 360-400 шақырым. Қанаттары төмен орналасқан, әуеге көтерілгенде үш доңғалағы бірдей жиналатын бұл ұшақта өнер көрсету үлкен сын.
Литвада өткен осы жарыста бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы елдерден келген ұшқыштар көш бастады. Мәселен, 1 және 3 орынды Ресейдің, 2-орынды Литваның иемденуі заңды да еді. Қызыға да, қызғана да қарайтын құбылыс бұл. Барын бағалай алатын ел барда, сүйейтін қуатты күш бар жерде сүйінуге тұрарлық жеңіске қол жеткізу мүмкіндігі арта түсері хақ.
Сонау бір замандарда ұлы Шоқан Уәлиханов қазақ баласының қиялға жүйрік болуының бір себебі, оның далада туып, көк аспанға көз тігіп ержетуінен деп көрсетеді. Ендеше, өзінің ұлттық болмысына тән осы қасиеттер бүгінгі жас түлектер үшін де жат емес деген ой оған күндіз-түні маза бермеді. Бар ойы кешегі өзі секілді аспанды аңсайтын бала көңілдерге демеу жасап, олардың өз елінде авиациялық білім алып, көкке қанат қағуына қайтсем көмектесем дегенге ауды. Біздің еліміздегі кеңестік кезеңнің өзінде әлемді дүрілдеткен дүлдүлдердің басын қосып, өмір тәжірибелері мен біліктерін жастарға аманат етіп қалдыруына жағдай жасаудың жолын қарастырды. Бірақ, қазақтың кең жазира даласынан ұлттың келешегі үшін ұлтарақтай жер ала алмай пұшайман күйге түсіп жүрген жайы бар.
Қазақстанның ардагер ұшқыш-нұсқаушылары Үкімет тарапынан Н.Әбдірахмановтың өз қолымен дайындаған әуежайы мен аэроклуб кешенін салуға, онда арнайы білім беруге қажетті қаржы бөлінсе, олар да өз күші мен тәжірибелерін жас буынға беруден аянбайтындықтарын айтады. Жоғары пилотаждан Халықаралық жарыстарға қатысатын жас буынды оқытып, тәрбиелейтін арнайы құрылыс кешенінің (оқу-жаттығу корпустары, бассейндері, ұшу-қону алаңдары, ашық мұражайы, ұшақ тұрақтары, қонақүйлері мен демалыс жайлары кіретін кампустың) сызба-нұсқасы дайын тұр. Лауазымды орындарға жолдаған өтініштері құрғақ сөз емес, алымды ой, берік шешімдерге, нақты ұсыныстарға негізделген. Нұрмаханбет сынды білікті маман болашақ ұшқыштарды тәрбиелейтін аэромектептің оқу жүйесін ғана емес, оның бүкіл базалық аумағын, құрылыс кешенін, онда орналасуы тиіс ғимараттар мен алаңдарды нақты жоспарлады, ең бастысы, олардың бәрінің жобаларын өзі жасады. Нәтижесінде «Ұлан» деп аталатын әуежайы бар білім кешенінің жобасы дүниеге келді. Финляндия мен Германияның ұшақтарын өзі барып Қазақстанға алып келді. Ұшақ құрылысын түбегейлі жетілдірді. Оның бұл әрекеті әлемдегі өз әріптестерін таң қалдырды. Енді Аэроклуб кешенінің салынуына қажетті жер телімі Алматы облысының Жамбыл ауданы аумағынан бөлінсе деп армандайды. Жоғары пилотаж бойынша Қазақстанда халықаралық деңгейдегі чемпионат өткізілетін күн туса, Қазақ авиа спортының жас толқынын тәрбиелеу үшін авиа-шоулар, авиациялық мерекелер жүйелі түрде өткізіліп отырса, деген тілектері тыңдайтын құлаққа жетеді деп сенеді.
Ардагер ұшқыштар 20 жыл бұрын ғана туын тіккен тәуелсіз елдің, Қазақстанның, болашақ Әуе клубын құруға қатысты бірқатар мәселелерді мемлекеттің қолдауымен оң шешіп алсақ деп армандайды. Оған өз бойларындағы рух пен жігердің жететініне сенімді.
Айтқандай, рух демекші, қиындыққа мойытпай алға жетелеп келе жатқан өз ісіне деген шексіз махаббат дәл бүгінгі күнгі жасқа да, жасамысқа да ой саларлықтай ерлікке барабар іске себеп болып еді. Жекеменшік аэроклубтың мүшесі бола тұрып, Нұрмаханбет бастаған топ әлем чемпионатына қатысты. Кемеңгер жұртымыздың «сұңқар жемін шашып жейді, құзғын астына басып жейді» дейтін көреген түйіні бар емес пе?! Чемпионатқа баруға жұмсалған барлық шығынын өзі көтеріп Нұрмаханбеттің бұл қадамы осы бір аталы сөздің айқын дәлелі еді. Жарыста ұлттық команданың абыройы аспандады. Литвада өткен 2008 жылғы әлем чемпионатында олар тек қазақтың ғана емес, тұтас Азия құрлығынан қатысқан жалғыз команда ретінде бүкіл азиялықтардың туын көтерді. Әлем үздіктері қатарында олар төртінші орынды иемденді, ал құрама командадағы жалғыз қазақ та, сол команданың басшысы да Нұрмаханбеттің өзі болды.
«Ұлан» командасы өзі құрылғаннан бергі жылдар аралығында әртүрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарға қатысты. Ішінде 1 алтыны да бар 9 түрлі медальға ие болды. Олардың кәсіби деңгейін ҒАІ – Авиациялық спорт түрлерінің халықаралық федерациясы мойындады.
«Ұланға» арасында Азаматтық авиация комитеті, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі, «Отан» қоғамдық ұйымы тарапынан біршама қолдау көрсетілді. Пилотаждардың спорттық және оқу-спорттық поршеньді ұшақтарға арналған жеке меншік паркі де бар. Бірақ, бұл әлемдік өркениетті межеге бет алған Қазақстан үшін жеткіліксіз. Өйткені, тәжірибелі ұшқыш-нұсқаушылар өз тілектерін ғана көксеп, ұшу бақытын сезінсек болды дегеннен аулақ. Олардың басты мақсаты – жиған тәжірибелерін жас ұрпаққа аманаттап, өздерінің соңында ел намысын қорғайтын жас қырандарды баулитын, ұшудың қыр-сырына үйрететін жол қалса дейді. Өздері секілді бала күннен көкке ұшуды көксейтін жаңа заман балаларының арманы аяқсыз қалмаса деп алаңдайды.
Нұрмаханбет Ыдырысұлы Әбдірахманов – бүгінде авиация спортынан әлемнің ең үздік мамандары мойындаған, бағалаған танымал тұлға. Ол – «Адам-Құс» төсбелгісінің, «Әлемдік чемпионаттың қатысушысы» және т.б. медальдардың иегері. ҒАІ – Авиациялық спорт түрлерінің халықаралық федерациясының президенті Нике Хойер Нұрекеңді «Қанатты адам» деп бағалапты. Литвалық Казис Антанавикус пен Елтонас Мелексис «көк қыраны» десе, украиндық шебер Иван Биластың пікірінше, «Нұрмаханбеттің ұшағының винттері де өзіндей шебер». Ал, аэроклубының президенті Малтти Меклинннің Нұрекең талантына ғана емес, халқына қызмет етсем деген қасиетіне бас иіп, «өз еліңнің бағысың» дегені де ой саларлық сөз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасында айқындалған еліміздің даму жолында отандық авиация салаларының да алар орны бөлек. Ендеше, әлем биігіне Тоқтар, Талғат сынды алыптарды, Нұрмаханбет секілді дарындарды ұшырған қазақ жұртының болашағын ары қарай жалғайтын, жасампаз келешегіне сеніммен қарайтын, оған бар мүмкіндікті жасайтын дәрежеге жеткенін бүгінде әлемге мойындатқан Қазақстанның ендігі жерде элиталық авиация спорты сынды үлкен саласының да жанданар күні алыс емес деген ойдамыз…
Қайрат Раев,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.