Аймақтар • 21 Тамыз, 2019

Жолаушы тасымалдаудағы жүйелілік пен қауіпсіздік

248 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тараз қаласына күн сайын талай адам келіп, талай адам кетеді. Сәт сайын шаһардың қос қақпасынан ары-бері қатынап жүрген көпшілікте қисап жоқ. Алайда көп жағдайда жолаушылардың дені қаладағы автобекет арқылы жүретіні белгілі. Мұнда толған такси, айтқан ақшасын беріп діттеген жерге жетіп алуға болады. Бұрын тіпті автобекеттің айналасы толған көлік еді. Алматы, Қордай, Шу, Меркі, Құлан бағыттарына арнайы қатынайтын көліктерден бөлек, кейбір өз бетінше кетіп бара жатқан жолаушылардың өздері баратын жеріне бос кетпей, адам жинауды әдетке айналдырған болатын. Бағасы әрине, басқаларға қарағанда арзан. Алайда бұл жерде таксилетіп жүргендердің тірлігі қаншалықты талапқа сай және жол қауіпсіздігін олар қаншалықты қамтамасыз ете алады деген сауалдың туатыны анық.

Жолаушы тасымалдаудағы жүйелілік пен қауіпсіздік

Дегенмен жолаушыларды тасымалдайтын көлік иелері заңға бағынуы керек. Былтыр Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бастаған топ автобекет маңында тексеріс жұмыстарын жүргізген болатын. Содан кейін мұнда заңсыз жүрген таксилер азайып қалған сияқты еді. Алайда бүгінде автобекет сыртында «сыбырлап» жолаушы жинап жүргендер қайта көбейген. Яғни, күнделікті таксилетіп жүр­гендер сияқты баратын же­рін айқайлап емес, көлік іздеп жүрген адамдарға келіп жаймен айтады. Былай қарасақ, ешкім де білмейді. Әсіресе мұн­дайлар Алматы бағытында көп. Ендігі жерде Тараз қала­сынан Алматы қаласына қарай жолаушы тасымалдайтын кейбір такси жүргізушілеріне ты­йым салынатын болады. Се­бе­бі Қазақстан Республикасы Ұлттық стандартының тасымал­дау­шыларға қойылатын талаптары мен шарттары бойынша 300 шақырымнан артық жолаушы тасымалдауға болмайды екен. Мәселенің мәнісін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақыт­жан Жәнібековтен сұра­ғанымызда, ол такси жүргі­зушілерімен кездесіп, аталған мәселені шешу жолдары қарас­тырылғанын айтты.

 Жол – адамның тағдыры. Сондықтан да жолаушы тасымалдауда аса қырағылық пен жауапкершілік қажет. Кейде сапар кезінде болатын түрлі жағдайларды жазым ретінде қабылдайтынымыз шын. Бірақ көптеген адамдардың көшедегі кездескен көлікке міне кететін әдеті әлі де бар. Бүгінгі таңда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласында сала мамандары такси жүргізушілерінің кәсіптерін заңдастыру үшін жұмыс істеуде. Сонымен қа­тар автобекет маңындағы кө­ліктер қызметін заңдастыру да басты назарда болып отыр. Жалпы, қазіргі кезде ел арасында «Минивен» аталып кеткен «Д1» санатындағы көлік иелері көп. Олардың жолау­шылар тасымалымен айналысып жүргеніне де біраз болған. Алайда, аталған көліктермен заң талаптары бойынша 300 шақырымнан асатын жерге жо­лаушыларды тасымалдауға болмайды. Басқарма басшысы Бақытжан Жәнібеков бұл са­наттағы көліктердің тұрақты емес тасымалмен айналысуы заңсыз екенін айтты. «Биыл нау­рыз айынан бастап жадынамалар таратып, оларға заң талаптарын түсіндірдік. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер және полиция департаменттерімен де бірігіп жұмыс атқаруды қолға алдық. Бұл тұрғыда 300 шақырым болатын облыстың басқа да аумақтарына жүру туралы нұсқаларды ұсындық. Бірақ көлік иелері Алматы қала­сына қарай жолаушы тасымалдай бергісі келеді», дейді ол. Мәселен, автобекет аумағындағы «Минивен» көліктерінің 70-ке жуығы 15 жылдан бері жү­ріп келеді. Алдағы уақытта олар­дың жүруіне болмайтын көрінеді. Дей тұрғанмен так­си жүргізушілеріне бір ше­шім шығару үшін бір ай уақыт та беріліпті. Бақытжан Жәні­бековтің айтуынша, Тараз қала­сынан бастау алған бұл жұмыс­тар енді облыстың өзге де аудандарында жалғасады.

 Талай жылдан бері Алматы мен Тараздың арасын жол қылып «Минивен» мінгендер енді кәсі­бімен қош айтыспақ. Аталған мәселені шешудің жалғыз жолы ретінде оларға арнайы тапсырыс аясында такси ретінде ғана жүру ұсынылып отыр. Яғни, осы кәсіппен айналысып жүрген әрбір азамат тірлігін заңдастыру нәтижесінде ғана бұған қол жеткізе алады. Оның үстіне олардың автокөліктік 4 есігі, арнайы кассалық аппараты және байланыс құралдары болуы керек. Сонымен қатар көліктің жүрген қашықтығы 500 мың шақырымнан аспауы керек. «Жамбыл облысында қашықтығы 300 шақырымнан аспайтын, бірақ тұрақты түрде көлік қатынамайтын аудандар бар. Бүгінгі таңда оларға сол жақтарға бағыт ашып беру де ұсынылды», дейді басқарма басшысы өз сөзінде.

 Алайда, Алматыны бетке алып үйренген такси жүргізу­шілері бұл ұсыныстардан бас тартып отыр. Бірқатар азаматтармен сөйлескенімізде, олар өздері үшін мұның тиімсіз еке­нін айтты. Көлік иелерінің айтуынша, өздері мініп жүрген «Минивен» көлігін сатып, «Д1» санатынан шығып, кейін «В» санатына түсудің өзі әжептәуір қиындық тудырады. Сонымен қатар олар өздеріне беріліп отырған бір ай уақытты тым аз деп есептейді. Тым болмаса кәсіптерін жыл соңына дейін жалғастыруға рұқсат беруді сұрап отыр. Дегенмен, заңның өзі талап пен тәртіпті қажет етеді. Бірақ көлік жүргізушілері ағымдағы жылғы 10 қыркүйекке дейін жұмыстарын жалғастыра береді. Ал одан кейін «Д1» санатымен қош айтысып, көліктерін ауыстыруларына тура келеді. Расында, техника жүрген жерде тәртіп бұзушылық та болады. Алайда, жолаушылардың қауіпсіздігі бас­ты назарда еке­нін ұмытпаған жөн. Тараз қа­ла­лық полиция басқармасы по­ли­ция патрульдік батальоны командирінің орынбасары, полиция майоры Дәулет Жанғабыловтың айтуын­ша, биылғы 7 ай көлемінде тәртіп бұзуға байланысты 2652 хаттама толтырылған. Бүгінгі таң­да автобекет маңындағы тәр­тіп жергілікті полиция бас­қар­масының назарында екен. Осы уақытқа дейін Тараз қа­ласынан Алматыға қарай шыға берісте «Мади» жанармай бекетінің маңында такси жүр­гізушілері қаптап тұратын. Бұл жерге келген әрбір жолаушы Алматы, Қордай, Шу бағытына қарай арзан бағамен мініп кете алады. Бүгінде осы мәселені реттеу үшін Тараз қалалық полиция басқармасынан күндіз 2, түнде 2 экипаж тұрады. Енді «Мади» жанармай бекетінің маңынан көлік жүргізушілері толықтай кетіп қалмаса да, мәселенің рет­теліп келе жатқан сыңайы бар.

 Шыны керек, қазір бір жер­ден екінші жерге жету аса қиын­дық тудырмайды. Бағасына ке­лісіп, болмаса жол-жөнекей көлік тосып мініп кетуге болады. Алайда жолаушы тасымалдауда да талап пен тәртіптің болға­ны дұрыс. Әрбір такси тиісті меке­ме­лердің қадағалауында болса, жолау­шылардың да қауіпсіздігі артады. Ең бастысы, Тараздағы авто­бекет маңы заңсыз такси жүргі­зушілерден тазарса оң болар еді...

 

Жамбыл облысы