Жаңаның бәрі бұрынғы. “Батыс Еуропа - Батыс Қытай” автобаны туралы да осылай деуге болады. Өйткені, еліміздің алыс-берісі мен барыс-келісін жандандыру үшін салынып жатқан күрежолдың сілемі бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойымен өтеді. Сондықтан бұл игілікті істі жаңа ғасырдағы жаңа елдің жаңа Жібек жолы, жаңа сауда арнасы деп бағалауға әбден болады. Елбасы Н. Назарбаевтың “Жаңа онжылдық –жаңа экономикалық өрлеу –Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын биылғы Жолдауында “Біз салуға кірісетін “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолы – тауарлар тасымалы үшін маңызды магистраль” деп атап көрсетуі де осы ойымызды растай түссе керек.
Бүгінде осы батыс-шығыс күрежолының 495,3 шақырымға созылатын жамбылдық бөлігін белгіленген мерзімде іске қосу үшін үлкен дайындық жүргізілуде. Жұмыс ауқымы өте үлкен. Өйткені, автобан бойында үлкенді-кішілі 22 көпір, 15 жол өткізгіш, 643 су ағар құрылыстары қатар жүргізіледі. Жол жамылғысының қатты мәндегі серпімділік қуаты 13 тонна салмаққа есептелгендіктен бұл да техника мен адам күштерін қосқанда қомақты қаржыны және материалдық ресурстарды қажет етеді.
Мысалы, мамандардың есептеуінше облыс аумағынан өтетін батыс-шығыс жолының құрылысы үшін 17 млн. тонна құм, 3 млн. тонна цемент, 34 мың тонна битум және ірі көлемде темір-бетон бұйымдары қажет екен. Дәтке қуаты бүгінде Жамбыл өңірінде 25 тас және 35 құмшағал және шағал карьерлері мен 15 асфальт-бетон зауыты және ұсақтағыш-сұрыптағыш қондырғылар бар. “Құрылыс құрастырмалы зауыты серіктестігі”, “Имсталькон” АҚ, “Жамбыл металл құрастыру зауыты” филиалы және “Таркон” серіктестіктері металл құрастырмаларына деген сұранысты өтей алады. Бетон бұйымдарын әзірлейтін “Жамбылхимстрой”, “Керамик инвест” және “Ғимарат-Тараз” серіктестіктері сияқты 20 шақты кәсіпорын да “ғасыр жолына” атсалысуға дайын.
Бүгінде батыс-шығыс автожолы 11 бөлімшеге бөлініп, төртеуіне тендер өтіп, мердігер компаниялар анықталды. Оларға тиісінше алдын-ала төлемдер жасалды. Жамбыл облысында да жол салуда тәжірибе жинақтаған ірі компаниялар бар. Олар да бағын сынап көрмекші. Өйткені, жол цементті бетонмен салынып, неміс технологиясы қолданылатындықтан мұндай күрделі жұмысқа тәжірибесі мол, технологиясы дамыған әлеуетті компаниялар ғана тәуекел етеді.
Өңірде құрылыс индустриясын дамыту жобасы бойынша бұған дейін бірнеше ірі цемент зауыттары іске қосылған болатын. Оның биылғы жылы пайдалануға берілетіндері де бар. Демек, жол құрылысы үшін цементті де “алыстан арбалаудың” қажеті жоқ. Бүгінде ірі жобаны жүзеге асыру жолындағы жұмыстар басталып та кетті. Қазір облыста жол салатын аймақтарға техникалар жеткізіліп, құрылыс материалдары әзірленуде. Мердігер компаниялар 143 мың текше метр шағал дайындап, 122 бірлік техника әкелді. Жұмысқа әзірге 375 адам күші тартылып отыр.
Алматы мен Тараздың арасындағы ойылып кеткен асфальт жолдан зәрезап болған жүргізушілер бізден “Жаңа жол қашан бітеді екен?” деп сұрайды. Біз бұл сауалды еліміздің көлік инфрақұрлымын дамыту комитеті облыстық басқармасының бастығы Е. Жүнісовке жеткізгенбіз. “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автобанының Жамбыл облысынан өтетін бөлігі 2012 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі” деді ол сенімді түрде.
Ендеше, жолаушыға жол болсын тілеген жолшы ағайындардың жұмысына тек қана сәттілік тілейік, ағайын.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.