Президент • 21 Тамыз, 2019

Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерімен кездесті

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерімен кездесті

«Ақорда» резиденциясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «С5+1» форматындағы жоғары деңгейдегі кездесуге қатысу үшін Нұр-Сұлтанға келген Қырғызстан Республикасы Сыртқы істер министрі – Чингиз Айдарбековпен, Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрі – Сироджиддин Мухриддинмен, Түрікменстан Республикасы Сыртқы істер министрі – Рашид Мередовпен, Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрі – Абдулазиз Камиловпен кездесуі өтті. 

Мемлекет басшысы дипломаттарды АҚШ-пен өңірлік ынтымақтастықты және қатынастарды нығайтудың тиімді тетігі саналатын «С5+1» форматындағы кезекті кездесудің табысты аяқталумен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері арасындағы интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

– Көпғасырлық ортақ тарихымыз, тату көршілестігіміз, мәдени және діни бауырластығымыз мемлекеттерімізді жақындастыратын негізгі діңгек болған және әрқашан солай бола береді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігерінің арқасында Орталық Азиядағы ынтымақтастық сыртқы саясатымызда әрдайым басымдыққа ие болды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңір ішіндегі сауда-саттық, инвестициялық, көлік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелеріне арнайы тоқталды.

Мемлекет басшысы 2018 жылы наурыз айында Қазақстанның елордасында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы Консультативтік кездесуінде қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңызды екенін атап көрсетті.

– Бұл оқиғалар елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашты десек, асыра айтқандық емес. Өңір ішіндегі сауда-саттық деңгейінің айтарлықтай артуы соның айқын дәлелі болады, – деді Қазақстан Президенті.