Саясат • 22 Тамыз, 2019

Nur Otan партиясы жаңғыру жолына қадам басты

2235 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Nur Otan пар­тиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Еліміздегі басты партияның кеңей­тілген отырысына Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев қаты­сып отырды. Жиынға, сонымен қатар Премьер-Министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, партия­ның Мәжілістегі фракция­сы, Jas Otan жастар қа­на­ты­ның, партияның облыс­тық фи­лиал­­­дарының жетек­шілері қатыс­ты.

Nur Otan партиясы жаңғыру жолына қадам басты

Дамудың діңгегі – саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім

Елбасы өзінің кіріспе сөзінде биыл елімізде Nur Otan партиясының бастамасымен көптеген ауқымды шаралардың өткеніне тоқталды. Бір жыл мерзім ішінде партияның екі съезі өткізіліп, 20 жылдығы аталып өтілді, ал маусым айында Президент сайлауында Nur Otan партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетіп, Президент атанды.

Жалпы, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы әрбір жетістігі, құнды шешімдер мен заң­дардың қабылдануы Nur Otan партиясының қатысуымен өтке­нін қазақстандықтар жақсы біледі. Бірақ уақыт көші өзге­рістерді қалайтындықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен Nur Otan партиясы да уақыт талабына сай жаңару жо­лына түсіп, жаңа белестерді бетке алып келеді.

Кеңейтілген отырыста Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партия­сының жұмысын жаңғырту жөнінде сөз қозғап, партияның сайлауалды бағ­дар­ла­масы мен съездерде қа­былданған шешім­дерінің орындалу барысына тоқталды.

– Партиямыздың дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын бәріміз түсініп отырмыз. Nur Otan еліміздің жетекші күші ре­тінде саяси басшылықты бекем­деп, стратегиялық бағыттан ауыт­қымауы үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруы тиіс. Бұл бос ай­тылған сөз емес. Біз – Қазақ­станның, халықтың ортасын­дағы елді алға жетелейтін ұйым­быз. Егер ондай маңызды мін­деттің үдесінен шыға алмасақ, орнымызды басқа партия басады. Сондықтан жауапкершілікті барынша сезінуіміз керек. 2050 жылға дейін қабылданған бағдарламада Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қо­сылуын мақсат етіп қойдық. Бар­лық бағдарламалар осы ме­женің төңірегінде тоқайла­сады. Индустриялық, инфрақұры­лымдық бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, үй құрылысы, медицина, халықты ағарту жұмыстары – барлығы бір мүд­деге жету мәселесі. 2015 жылдан бастап 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруды бастадық. 2017 жылы Парламент пен Үкіметті күшейту үшін билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта қарап, сая­си жүйені жаңғырттық, – деді Тұңғыш Президент.

Nur Otan партиясының төр­ағасы 2018 жылы сайлау заң­намасы жетілдірілгенін, алдағы сайлаулар конституциялық мерзімде өтетінін және мәс­ли­хаттардың келесі сайлауы алғаш рет Мәжілістегідей пар­тиялық тізім бойынша өткізі­летінін мәлімдеді. Осы ретте Елбасы партия жекелеген оп­поненттердің, блогерлердің бұрынғы мажоритарлық жүйеге оралу, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы пікірлеріне жа­уап беру керектігін, мажо­ри­тар­лық жүйеге көшуді қол­дап жүргендердің нақты ұсы­ныс­тары жоқтығын, билікті сынап сөйлегендері бос сөз ғана екенін айтты. Сөйтіп мысал ретінде демократияның шамшырағы деп жүрген Еуропадағы 30 да­мы­ған елдің қатарына кіре­тін мемлекеттердің 63 пайызы сайлауды пропорционал­ды жүйемен өткізетінін, бұл жүйе үздік әлемдік демо­кратиялық тәжірибеге толық сай келе­тінін атап өтті. Саяси жүйені нығай­туға, демокра­тияны дамытуға сеп­тігін тигізіп, толықтай алған­да саяси партияның қызметін жандандырады.

– Партия проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керек. Сонда партияның беделі асып, халықтың қолдауына ие болады. Жалпы экономикалық және саяси өрлеуде дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенгеніміз жөн. Алдымен дамудың негізі – сая­си тұрақтылық пен қоғамдық ке­лісім. Ал дағдарыстар кезеңін­де жүйені іштей және сырттай сілку өте қауіпті. Қайта оны нығайтып, жұдырықтай жұ­мы­лып, алға жылжуымыз қажет. Екіншіден, ортақ табысқа қол жеткізу үшін қоғамның тұтастығын бекітіп, халықтың жай-күйін түсінетін мықты көшбасшы және күшті партия қажет. Бұл барлық дамыған мем­лекеттерде бар. Мәселен, Хрис­тиан-демократиялық ода­ғын құрған Конрад Аденауэр Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияның аяғынан тік тұрып, экономикасын, ин­фра­құрылымын қалпына келтіруге үлес қосты. Ал Азия жол­ба­рыстарына баланған елдер ретінде Ли Куан Ю басқарған Сингапур мен Махатхир Моха­мед көтерген Малайзияны айтуға болады. Мұнда басқарушы партиялар 60 жыл бойы билікте болды. Жапонияда да сондай. Үшіншіден, стратегиялық ба­ғыттың бірізділігі мен сабақ­тастығын сақтау маңызды. Биыл біздің тәуелсіз ел болғанымызға 28 жыл толып жатыр. Алғашқы жылдардағы жағдай мен қа­зір­гі күнімізді салыстырып қара­сақ, арасы жер мен көктей. Бү­гін­де біз демократиялық жас мемлекетпіз. Біздің демо­кра­тияға бірден алпауыт Аме­ри­каның бөркін кигізіп қою жараспайды. Ол үшін уақыт қажет. Алдымен қоғамды дамы­туға баса мән бергеніміз абзал. Елдегі тұрақтылықтың сақталуына мүдделі келетін орта таптың үлесін арттыру – басым бағыт. Өз үйі, жұмысы, тұрақты табысы бар бұл таптың өкілдері елдің тыныштығын қалайды. Бізге стратегиялық бағыттың осындай бірізділігі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы саяси тұрақ­сыз­дықтан ең әуелі қарапайым ха­лықтың зардап шегетінін, тәртіп жоқ, жүйе жоқ жерде проблемалар шешілмейтінін, экономика төмендегеннен кейін халықтың өмір сапасы да нашарлайтынын айтты. Партия төрағасы қазір Үкімет пен барлық атқа­рушы билік білек сыбанып, Nur Otan партиясының және сай­ланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орындай отырып, елдің алдында тұрған нақты мәселелерін шешуге тиіс екенін еске салды.

Nur Otan партиясы мен Үкімет бірлесіп жұмыс істеуі қажет

Тұңғыш Президент алдағы сайлаулардың алдында пар­тия­ның жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынып, оны «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» деп атады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен партияның белсенді мүшелерін топтастыруға мән берді. Яғни, қоғамдық мәсе­лелерді ұдайы көтеріп жүрген, оны шешудің жолдарын ұсына білетін, өз сөзін дәлелдей алатын азаматтарды партияға тар­ту­дың жайы қозғалды. Пар­тия мүшелерінің қоғамда болып жатқан жағдайларға немқұ­райды қара­май, дер кезінде үн қатуы, нақты іс-шаралар қол­дануы назарға алынды. Ха­лықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде белсенділік танытпағандар пар­тияның мү­ше­лігіне лайық еместігі айтылды.

Оларды «ядролық» деп атау керек. Ядролық деген – ядролық бомба емес, белсенді мүшелер деген сөз. Көшеге шығып, шын­дығын дәлелдей алатындар. 800 мың партияластың ішінде кім өзін белсенді түрде көрсете алады? Шымкентте партияның туын жыртып кеткенде ешкім былқ еткен жоқ. Бәрі отырды. Партия қайда болды? Кейін ға­на қалпына келтірілді. Міне, осы кезде белсенділік көрінуі ке­рек еді.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті түбегейлі кү­шей­­тіп, тазалық жүргізу қажет. Мұ­ны жиі қозғап жүрміз. Сай­лан­ған Президент те бұл туралы айтты. Аталған бағытта жұ­мыстар атқарылып жатыр. Бірақ бұған халықтың өзі де атса­лысу керек. Мысалы, Син­га­пурда жемқорлық әрекетін бай­қаған адам жағдайды дереу тиісті орындарға хабарламаса, жауапқа тартылады. Бізде осын­дай ма? Бұл – қарапайым мысал. Nur Otan партиясының бастамасымен соңғы бес жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама жасалып, заң қабылданды. Соған қарамастан партия сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамды қалыптастыра алмады. Біз көптеген жоғары оқу орнында емтиханды ақ­шамен тапсыратынын білеміз. Бұған қоса жатақханадағы орын­­дарды бөлу кезінде, тағы басқа мәселелерде студент­тер пара беруге мәжбүр. Осын­дай келеңсіз жайттарға жас­тар қынжылыс білдіреді. Білім ақ­шаға сатылғаннан кейін, біз одан қандай сапалы маман шы­ғарамыз. Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы ретінде бұл мәселені әрбір жоғары оқу орындарында қарастырып, талқыға салуды ұсынамын. Соның нәтижесінде шешім қабылдаймыз. Мысалы, Назарбаев Университетте сту­дент­тердің ұғымында емтиханнан өту үшін ақша ұсыну деген мүлдем жоқ. Батыстың үздік университеттерінде оқыған 10 мың қазақстандық сынақта ақша беру дегенді кездестірмеді. Ал бізде мұндай жағдай әлі де бар. Балалары оқуға түссе, артынан ауылдағылар соғымын да беріп жібереді. Ректорлармен жұмысты күшейту керек, – деді партия Төрағасы.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев партия жұ­мысындағы ашықтықты қам­тамасыз етуге тоқталып, же­текші ұйымның әлеуетін барлық жерде арттыру керектігін айтты. Соның бірі – Мәжілістегі фрак­цияның жұмысын барын­ша күшейту. Бұл – партия міндеттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал ету­дің негізгі тетігі. Фракция өз деңгейінде жұмыс істесе, оның беделі де жоғарылайтынын атап өткен Елбасы әлемнің басқа елдерінде бар ережеге сүйе­не отырып, Мәжілістегі фрак­цияның жетекшісі лауа­зымына Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулиннің кандидатурасын ұсынды. Мәжіліс спикері ретінде Н.Нығматулин алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және фракция жұмысын қайта жандандыру үшін барлық ресурстарды жұмылдыра алатынын жеткізді.

Сонымен қатар Тұңғыш Президент мәселелерді шешу үшін заңнамалық бастамаларды белсенді түрде іске асыру керектігін айтып, өңірлердің дамуына нақты ықпал ете ала­тын мәслихаттардың жұмы­сына тоқталды. Заңнамаға сәйкес мәслихаттар бюджет­ті, жергілікті даму бағдарлама­ларын бақылап отырады. Бірақ Елбасы бүгінгі таңда өз дең­гейін­де тиімді жұмыс істеп отыр­­маған мәслихаттарды қатты сынға алды.

– 2016 жылдан бастап біз «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақ­тылық. Жасампаздық» атты пар­тияның сайлауалды бағдар­ла­масын іске асырып келеміз. Бүгін Премьер-Министрдің баян­дамасында сайлауалды уәде­нің 70 пайызы орындалғаны ай­тылды. Әлі 30 пайызы бар. Бұл қалғаны – ең маңызды іс-шара­лар. Келесі сайлауға дейін алды­мызға қойған мақсатты толық орындауымыз керек. Егер мен бір бастаманы көтерсем, жүзеге асыруға болатын ұсыныстарды айтамын. Бұған 30 жылда көз жет­кен шығар. Қазір де солай болуы керек. Партияның Мә­жілістегі фракциясының қатысуымен Үкіметтің арнайы отырысын өткізуді және қал­ған мәселелерді талқылауды ұсынамын. Бұдан Үкіметтің ұтары көп. Және де шешілмеген мәселелерге басымдық бере отырып, жұмыстардың нәтижесін жария түрде баяндау керек. Nur Otan партиясы мен Үкімет бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Біздің Тәуелсіздік жолында және қазақстандықтардың әл-ауқаты бағытында ортақ мақсатымыз бар. Бөліп-жаратын ештеңе жоқ. Мұндай шешімдер халықтың мүддесі үшін қабылданады. Демек, бұл мәселелерді бірле­сіп шешуіміз қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан кейін Елбасы халық­пен жұмыс істеудің нақты ба­ғытталған ұстанымын енгізу керектігін айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда партия 24 жобамен 200-ге жуық түрлі есеп берумен айналысып келеді. Оның барлығы – партияның емес, Үкі­меттің жұмысы. Партия мемле­кеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек. Мәселен, егде жастағы адамдарға арналған орталықтар құруға жол ашқан «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы, көп балалы аналарға қолдау көрсеткен «Бақытты отбасы» орталықтары сияқты бас­тамаларды көптеп іске асыруға шақырды.

Бұған қоса партия Төрағасы «Мирас» қоғамдық кеңесінің әлеуетін пайдаланып, зиялы қа­уымды рухани дамуға қатыс­ты мәселелерді шешуге жұмыл­дыруды тапсырды. Бұл бағыт­тағы жұмыстарға Елбасы­ның «Рухани жаңғыру», «Ұлы да­ланың жеті қыры» мақалалары бағдар болмақ.

– Қазір ауыл жастарымен жұмыс істеу – маңызды мін­дет­тердің бірі. Мен «Ауыл – ел бесігі» жобасын әзірлеуді тапсырдым. Тәжірибе жүзін­де бұл жоба әлеуметтік инфра­құ­рылым жасаумен ғана шек­телді. Бұл жобаның бас­ты мақсаты – ауыл жастары үшін жұмыс орындарын ашу, олар­ды ауылда тұрақтандыру. Ауылда ертең кім жұ­мыс істейді? Үкімет осы мәсе­лелермен айналысып, тиісті шараларды қолға алу керек. Қазір урбанизация жүріп жатыр. Қалаға көшті тоқтату мүмкін емес. Егер де ауылдарда нақты жұмыс орын­дары ашылатын болса, жағ­дай жасалса, қалып жатыр. Кей­бір адамдар қаладан ауылға қайта көшуде, – деді Тұңғыш Президент.

Халықпен нақты жұмыс істеу қағидаты енгізіледі

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев халықпен нақты жұ­мыс істеу қағидатын енгізуді, қар­қынды ақпараттық-идеоло­гиялық жұмысты ұйымдас­ты­руды және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды ұсынды.

– Қазіргі таңда «жаңа» медиа салада шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді. Жергілікті, қа­рапайым мәселелер респуб­ликалық деңгейге дейін көте­рілуде. Қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасуда. Nur Otan өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуы тиіс, – деді партия Төрағасы.

Бұған қоса Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел алдын­да тұрған экономикалық проб­лемаларға тоқталып, тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жа­ңа шаралар ұсынды. Атап айт­қанда Елбасы бизнес үшін са­лық ауырт­палығын төмендету арқылы эко­номикаға салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсынды.

– Сондай-ақ бюджет саяса­тын қайта қарау қажет. Мемле­кеттік сатып алулар ашық емес және сыбайлас жемқорлық жаппай белең алған салаға айналды. Құны 1,8 триллион тең­гені құрайтын мемлекеттік са­тып алулардың 65 пайызы бір көзден жүзеге асқан. Мем­ле­кет­тік сатып алулар туралы заңды өзгерту керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге Қазақстанның Тұңғыш Президенті белсенді сау­да саясатын жүзеге асыру және қаржы секторын тұрақ­тан­дыру шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

– Қазіргі таңда жасанды ин­тел­лект алдыңғы қатарға шықты. Оны тіршіліктің бар­лық саласына енгізу ауқымы жағынан уранның бөлінуі ту­ралы жаңалықты ашумен тең. Жасанды интеллект ден­саулық сақтаудан бастап, өнді­ріс пен қаржы секторына де­йінгі барлық саланы түгел транс­формациялайды. Жасанды интеллект жаңа әлемдік тәр­тіп орнатып, жаңа жаһандық көш­басшылар мен аутсайдерлерді айқындайды. Сондықтан біз оны қолдау үшін қазірден бас­тап ауқымды және жүйелі шаралар қабылдауымыз қажет, – деді партия Төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаев жа­сан­ды интеллектіні жан-жақты да­мытуға мүмкіндік беретін заң­на­малық база әзірлеуді, сондай-ақ осы саланы кәсіпкерлік жә­не ғылыми тұрғыдан қолдау үшін экожүйе қалыптастыруды ұсынды.

– Партияның күнделікті жұ­мысын айтарлықтай жан-
дандыру керек. Біз үлкен деректер мен жасанды интеллект мүм­кін­діктерін пайдалана отырып, халықтың сұранысына алдын ала жауап беруді үйренуіміз керек, – деді Елбасы.

«Егеменнің» басшысы Саяси кеңес бюросының құрамына кірді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға қолдау біл­діріп, зия­лы қауыммен тұрақты диалогты жолға қоюды айта келе, партияның Саяси кеңес бю­росының құрамына өзгеріс енгі­зуді ұсынды. Оның айтуын­ша, бюроның қазіргі құрамында 11 мүше бар. Партия Төрағасы мем­лекеттік қызметке өткен Мәулен Әшімбаев пен министр атан­ған Бақыт Сұлтановқа алғы­сын білдіріп, бюро құра­мынан шығып қалған мүше­лердің орнына «Егемен Қазақ­стан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліні енгізуді ұсынды. Елбасы еліміздің бас басылы­мының тізгінін ұстап отырған Дархан Қыдырәлінің газетті көтергенін, зиялы қауыммен байланысы мығым екенін атап өтті. Сонымен қатар жастардың аты­нан сөз сөйлесін деп
Jas Otan жастар қанатының көш­­бас­­шысы Дәулет Кәрібекті ұсынды.

Осы орайда Елбасы кеңесте сөйлеген сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі туралы да сөз қозғап, әртүрлі жолдармен сыни материалдардың жолын кесетін шенеуніктердің баспасөзге қысым жасауын доғару керектігін атап айтқа­нына да тоқтала кеткен жөн. «Егер осындай жағдай тіркелсе, қандай лауазымда болса да жұмыстан шығарамыз. Кім болса, ол болсын», деді Елбасы.

Тұңғыш Президенттің осы сөзі және Саяси кеңес бю­ро­сының құрамына алғаш рет БАҚ басшысының кіруі отандық баспасөздің мәртебесін көтеріп қана қоймай, жалпы осы салаға да зор жауапкершілік жүгі артылатынын байқатса керек.

Әлеуметтік міндеттемелер толық орындалады

Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында көтерілген мәсе­лелер Елбасының күнделікті назарында жүрген және Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары негізінде жүзеге асырылып жат­қан іс-шаралардың нақты жалғасы болатын.

Айталық, Премьер-Ми­нистр, Nur Otan партиясы Сая­си кеңесінің мүшесі Асқар Ма­мин өз баяндамасында Nur Otan партиясы тарихи тұрғыда қысқа мерзім ішінде еліміздің алдыңғы қатарлы саяси күшіне айналғанын атап өтті.

– Nur Otan – Қазақстанда жүр­гізіліп жатқан ауқымды, саяси және әлеуметтік-эко­номи­калық реформаларды жүзеге асырушы партия. Аса қадірлі Елбасы, Сіз партияның алдына кез келген уақыт сынағына сай жедел және сапалы жауап беру міндетін қойдыңыз. Осы орайда партия әрқашанда күрделі мәселелердің оңтайлы жолын тауып, тиімді шешімдер қа­былдап келеді. Біздің ортақ мақ­сатымыз – халқымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға, елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға, қоғамның тұрақтылығын сақтауға бағыт­талған партия лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамалары мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сай­лауалды бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру. Жа­уапкершілігі мол бұл міндет­терді партиямен тығыз қарым-қатынаста іске асырудамыз, – деді Асқар Мамин.

Премьер-Министр жауап­кер­шілігі мол міндеттер Nur Otan партиясымен тығыз бірлестікте іске асырылып жатқанына да назар аударды, сонымен қа­тар «Әлеуметтік қамқорлық» бо­йынша атқарылған іс-шара­ларды еске салды.

– Сіздің тапсырмаңыз бо­йынша осы жылдың 1 сәуірінен бастап АӘК көлемі артты. 1 шіл­деден бастап мүгедек балаларды өсіріп, тәрбиелеп отырғандар үшін мемлекеттік жәрдем­ақының көлемі ұлғайды. 1 мау­сымнан жалақысы аз бюджет қызмет­кер­лерінің айлығы 30 пайызға дейін көтерілді. Ал жергілікті атқа­рушы орган­дар­дағы қызмет­керлердің жала­қысы 25 пайызға көбейді. «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасына өзгеріс­тер енгізіліп, Тұрғын үй жинақ банкі арқылы аз қам­тыл­ған отбасыларға же­ңілде­тілген несиелеу жүйесі іске қо­сылды. Бұл механизм осы жыл­дың шілдесінен бас­тап іске қосылды, алдағы үш жыл­да бұл бағытта 50 млрд теңге­ден бө­лінеді, – деп атап өтті Премьер-Министр.

Қазір бұл бағдарламаға қа­тысуға ниет білдірген адамдардан 4 мыңдай өтініш түскен. А.Маминнің айтуынша, әлеу­меттік жобаларды жүзеге асыру барысында кәсіпкерлер де өз ынталары бойынша көмек қолын созып, аса мұқтаж жан­дарға қайтарымсыз пәтер сатып алып беруге кіріскен. Биыл «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе оты­рып, халықты барынша жұ­мыс­пен қамту шараларын жоға­ры деңгейде жүргізуге мән бе­­рілмек. Оның ішінде 200 мың­дай адам мемлекеттік бағдар­ламалар шеңберінде қайта оқы­тылып, «Еңбек» бағ­дар­ламасы, «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары ойынша біліктіліктері жоға­ры­лады.

Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жоғары курстардағы 100 мың студент кәсіпкерлік не­гіздерін тегін оқи алады.

– 1 қыркүйектен бастап жо­ғары курстардағы 100 мың сту­дент тегін түрде ЖОО-лар жанындағы кәсіпкерлік негізін оқи алады. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында микронесиелеу шығындары 83 млрд теңгеге дейін артты. Ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 18 мың азаматқа 18 млрд теңге көлемінде мем­лекеттік грант бөлінеді, – деді Асқар Мамин.

300 мың жаңа жұмыс орны ашылады

Үкімет басшысының айтуы­на қарағанда, азаматтарды жұмыспен қамту бағдарла­ма­ларына көптеп тарту үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 15 мобильді жұ­мыс­пен қамту орталығы ашыл­ған. Жыл соңына дейін ондай орталықтар тағы 15 жерде жұ­мысын бастайды.

– Экономикадағы еңбек күші нарығында оң қарқын бай­қалады. Орташа есеппен жылына елімізде 300 мың жа­ңа жұмыс орны ашылады.
1 та­мыз­дағы жағдай бойынша 227 мың жұмыс орны құрыл­ды. Өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, бұл – 13 па­йызға артық көрсеткіш. Осы­ның арқасында 7 айдың ішінде жұ­мыссыздық деңгейі 4,8 пайызға азайды, – деп атап өтті А.Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, ірі қалалардың айнала­сын­дағы проблемаларды шешу үшін 2019-2021 жылдарға 19 млрд теңге бөлінбекші. Жал­пы­лай алғанда, үш жылға 87 жоба ірік­теліп алынып, биылдың өзін­де 51 жоба жүзеге асырыла бас­таған.

Моно және шағын қала­лар­дың инженерлік инфрақұ­рылымын дамыту мақсатында 2019-2021 жылдары 30 млрд теңге қарастырылған.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру аясында жыл соңына дейін 53 ауылдың инфрақұрылымын жаңғырту аяқталады. Бұл жо­ба­лар аясына инженерлік және әлеуметтік нысандардың инфра­құ­рылымдары енгізілген. Осы орайда Үкімет басшысы 2023 жылға қарай еліміздің қалалары мен барлық ауыл таза ауыз сумен қамтамасыз етілетініне тоқталды. 

Ең бастысы А.Мамин ел Үкі­­­меті халық алдындағы әлеу­­меттік міндеттемелерді то­лық орындап жатқанын атап өтті.

Үкімет басшысы Елбасы мен Сая­си кеңес мүшелеріне еліміз­дегі тұрғын үй бағдарламасының орындалу жайынан да хабардар етті. Мәселен, 2016-2018 жылдар аралығында 34 млн шаршы метрден аса тұрғын үй салынып, бұл 300 мыңнан аса отбасын сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Ал биылғы 7 ай ішінде «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағдарламасы арқылы 6,5 млн шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілген болса, жыл соңына дейін пайдалануға бе­рілетін пәтер көлемін был­тыр­ғы көрсеткіштерден асыру көзделген.

Үкімет басшысының ай­туын­ша, биылғы мамыр айынан бастап көп балалы аналарға 2200 пәтер берілген болса, жыл соңына дейін тағы 6000 пәтер берілмекші.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалала­р­ында жұмыс істейтін жастар үшін 3 мың пәтер беріледі.

Мемлекет тарапынан аг­ро­өнеркәсіп кешенін қолдау көлемі да арта түскен. Елбасының тиімді келіссөздерінің арқасында ҚХР, Сауд Арабиясы, Орталық Азия мемлекеттерінің нарығы Қазақстан экспортына барынша ашылып, сауда-саттық қарқын ала түскен. Мәселен, өткен айда Қазақстанның Қы­тайға ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты 47 пайызға өскен.

Еліміздің аумағында Индус­трияландыру картасы бойынша 2016 жылдан бері 376 жоба жүзеге асырылып келеді. Сол уақыттан бері 34 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Үкімет басшысының айтуынша, елімізде қайта өңдеу кәсібінің қарқыны да жоғары. Оның ішін­де биыл жалпы құны 450 млрд теңге болатын, жаңадан мың­даған жұмыс орнын ашуға мүм­кіндік беретін шамамен 100 жобаны бастау көздел­ген.

Баяндамашының мәлім­деуін­ше, биыл республикалық және жергілікті маңызға ие жол­дардың 9 мың шақы­рымын­да жаңғырту және жөндеу жұ­мыстары жүргізілуде. Оның ішінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Нұр-Сұлтан – Қарағанды, Нұр-Сұлтан – Петропавл, Ал­маты – Талдықорған, Атырау – Ақ­тау, Бейнеу – Өзбекстан шекарасы бағытындағы маңызды жолдарды жаңғырту аяқталған. Ал биыл Нұр-Сұлтан – Павлодар – Семей – Қалбатау жолының құры­лысы аяқталады. Ал келесі жы­лы Қарағанды – Алматы, Тал­ды­қорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахань бағы­тын­дағы жол толық қайта жаңғыр­тылады.

Осындай игіліктерді айта келе, Асқар Мамин Nur Otan пар­тия­сының сайлауалды бағдар­лама­сындағы мақсат-міндет­терді жүзеге асыруға маңыз беріле­тініне де тоқталды әрі партия жұ­мысын жаңғыртуға байланысты бірқатар ұсынысын жеткізді.

Премьер-Министрдің ұсы­нуынша, біріншіден, маңызды заң жобалары бойынша Үкімет пен партия фракциясының алдын ала келісім механизмін жүзеге асырған дұрыс. Екін­шіден, партия мен Үкімет мүше­лерінің ел-аймақтарға бірлесе шығып, халықпен кездесулері ұйымдастырылады. Үшіншіден, Үкімет маңызды құжаттарды әзірлеу барысында партияның сараптамалық әлеуетін кеңінен пайдалануға ниет білдіріп отыр.

Премьер-Министр: «Аса қа­дірлі Елбасы! Сіз тә­уел­сіз Қа­зақ­станның және Nur Otan пар­тиясының негізін қалау­шы ретінде мемлекеті­міздің өркендеп-дамуына, халқы­мыз­дың әл-ауқатын жақсартуға арналған көптеген тарихи ше­шім қабылдадыңыз. Партия­мыздың бүгінгі тынысына жаңа серпін беріп, заманауи та­лаптарға сай тапсырма бердіңіз. Үкімет алға қойылған тапсыр­малар мен талаптардың барлы­ғын нәтижелі және сапалы орындауға күш-жігерін салады, – деп сөзін қорытындылады.

Бұдан соң Nur Otan пар­тия­сының Мәжілістегі фракция­сының жетекшісі Гүлмира Исимбаева сөз алып, фракция алдындағы мақсат-міндеттерге тоқталып өтті.

– Партияның сайлауалды бағдарламасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Үкі­метпен бірлесе жүргізілді. Нәтижесінде 260 заң қабыл­да­нып, оның 41-і тікелей пар­тияның сайлауалды міндет­те­мелерін орындауға бағытталған. Мысалы, экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мақ­сатында, жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану, салық, кедендік реттеу жөніндегі кодекс­тер қабылданып, бизнес-ортаны дамыту және сау­да қыз­метін реттеуге қатыс­ты заң­дар қабылданып, заңна­маға өз­герістер енгізілді. Атау­лы әлеуметтік көмек көрсету заңна­ма­лық деңгейде өзгертілді. Тегін медициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемінің жаңа үл­гісін енгізетін, дәрілердің қол­же­тімділігі және бағасының тұ­рақты болуын қамтамасыз ететін тағы да басқа құқықтық база жасалды, – деді Г.Исимбаева.

Осы орайда фракция төраға­сы сайлауалды бағдарламаны іске асыру заңнамалық тұрғыдан толық қамтамасыз етілгеніне сенім білдірді.

– Бұған қоса жиналыс­тар мен кеңестердің 70 оты­ры­сын­да фракция сайлауал­ды уәде­лерге байланысты нақ­ты ұсы­ныстар қабылдады. Оның ішінде жалпыға ортақ дек­ла­ра­ция­лаудың мерзімін өз­герту, төр­тінші деңгейдегі бюд­жетті енгізу, тұрғын үйдің қол­же­тімділігі, балалардың құқы­ғы, білім беру және басқа да мәселелер бар. Жан-жақты терең талқылаулардың нәти­жесінде депутаттар заң жобаларына 6 мың түзету енгізіп, 400 депутаттық сауал жолдады. Бюджет қаражатын, Ұлттық қордан «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларына бөлінген қаражатты тиімді жұмсауға бақылау күшейтілді. Бір ғана мысал. Депутаттар Нұр-Сұлтан–Қарағанды жолындағы кейбір кемшіліктерді анықтады. Жобаның құны 7 млрд теңге еді. Оның сапасыз орындалу қаупі болды. Тек комиссияда қарағаннан кейін мердігерлер бұл кемшіліктерді өз есебінен жойып, жолды мерзімінде бітірді, – деді фракция төрағасы.

Кеңейтілген отырыс барысында Nur Otan партиясы Маң­ғыстау облыстық филиа­лының төрағасы, облыс әкімі Серікбай Тұрымов, фракция­ның Қостанай облыстық мәс­лихатындағы Nur Otan партиясы жетекшісі Екатерина Смышлеява, Nur Otan партиясы Ақтөбе қаласындағы іскер әйел­дер қауымдастығы бас­тауыш ұйымының жетекшісі, пар­тияның Саяси кеңес мүшесі Айнұр Бақтығалиева сөз алып, бүгінге дейін атқа­рылған жұмыстардың қорытын­ды­ларын және Nur Otan партиясын жаңғыртуға байланысты пікірлерін білдірді.

 

Серік ӘБДІБЕК,

Орынбек ӨТЕМҰРАТ